Basty bet

Имандары пейіште шалқысын!

Президенттің пәрменімен 13 шілде елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Бұл қаралы күні қауіпті індеттен көз жұмған отандастарымызды бір сәт еске алып, оларды бүкіл ел болып аза тұтамыз.
Мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, кез келген сипаттағы ойын-сауыққа, мәдени шараларға тыйым салынады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында көңіл көтеретін бағдарламаларды көрсету тоқтатылады.
Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін қайтыс болғандар саны 264-тен асқан. Індет жұқтырғандар саны күн санап өршіп барады. Жақындар мен туған-туыстар арасында дәрі, аппарат іздеп сарсылған, ауруханаға жата алмай қиналған адамдар өте көп. Жұрттың көбі дәрігерге жете алмайды, жетсе де, жазып берген дәрілерін таба алмайды.
Осындай беймаза шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық телеэфирде сөйлеген Үндеуінде жалпақ жұртқа қаратып, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген жүректерге жылы тиетін мейірімді сөзін арнауы бекер емес. Оны Мемлекет басшысы еңсесі түсіп езілген халқының қайғысына ортақтасып, рухын көтеріп, жігеріне жігер қосу мақсатында айтты.
Уытын шашқан пандемияның да беті қайтар, бұрынғы алаңсыз өмірімізге қайта келерміз. Алдағы уақытта Үкімет пен әкімдер халықты мазалаған өткір мәселелерді шешуге шындап кіріседі деп сенеміз.
Індеттен қаза болған отандастарымыздың имандары пейіште шалқысын!

Еңсебек АБСАЛЯМОВ,
Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қарабастау ауылы

Таңдаулы материалдар

Close