Basty bet

Еңбек дәстүрін қалыптастыру маңызды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 698 Жарлығына сәйкес қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып бекітілген.
Бұл мереке Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру тапсырмасы аясында еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру, өндірістік қызметкерлерді ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын насихаттау арқылы жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын оятуды көздейді.
Егемен ел болғалы бері еңбек қатынастарын реформалау тұрақты жүргізіліп келеді. Егемендіктің алғашқы кезеңінде Кеңес Одағынан қалған еңбек туралы заңнама пайдаланып, оның жаңа экономикалық жағдайда, яғни кәсіпорындар жекеменшікке өткенде, жұмыс беруші деген ұғым тек қана мемлекет емес жеке азаматтарға қолданылғандықтан еңбек қатынастарын реттеуге келмейтіні түсінікті болды. Содан 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» Заңы қолданысқа енгізілді.
109 баптан тұратын осы Еңбек заңы еңбек қатынастарын реттеу саласына көп өзгерістер алып келді. Алғаш рет жеке еңбек шарты және жұмыс беруші деген ұғымдар пайда болды. Бұл заң сол кездегі экономикалық дамуымыздың сатысына сай келді. Бірақ экономикамыздың одан әрі өркендеуі халықаралық қатынастардың дамуына, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылуы, еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге итермеледі және еңбек қатынастарын реттеу жалданып жұмыс атқаратын азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға тікелей қатысты болғандықтан, 2007 жылы жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Осы Кодексте еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік мәселелерін реттеу қарастырылды.
Соңғы Еңбек кодексі қабылданғаннан бері өткен 5 жылда еліміздің экономикалық даму деңгейі өзгерді, іс жүзінде қолдану мақсатында Кодекстің кейбір баптарына өзгерістер енгізу қажеттігі анықталды, сонымен қатар еңбек қатынастарын реттеуді жоғары деңгейге көтеру барысында Кодекске көптеген өзгерістер мен қосымшалар, оның ішінде көп баптарға редакциялық және баптың мәнін нақтылайтын түзетулер енгізу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 4 мамырында ҚР Президенті Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойып, ол 16 мамырдан қолданысқа енгізілді.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, еңбек қатынастары саласында жеке және ұжымдық даулар туғызып, әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратын негізгі мәселе жалақының уақтылы толық көлемде төленбеуінен болатыны жасырын емес.
Бұл орайда басқармамен жылдың басынан 419,3 млн теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар толығымен өндіріліп берілді. Осының нәтижесінде 3944 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында 59 жоспардан тыс, 3 ішінара тексеру жүргізіп, 496 жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарады.
Жалпы еңбек қатынастары туралы сөз қозғалғанда бірінші кезекте еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі тұратындығы белгілі.
Қолданыстағы еңбек заңнамасында жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа қабылдаған кезде еңбек шартын жасауға міндетті және адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жол берілетіндігі айқындалған.
Қазіргі таңда көптеген жерлестеріміз «сұр схема» бойынша еңбек қатынастарын заңдастырмай, ауызша келісім бойынша жұмыс жасап, еңбекақыларын қолма-қол, «конвертте» алуды әдетке айналдырып, өзінің әлеуметтік тұрғыда көптеген қолдаулар мен қорғаулардан айрылып отырғандығына мән бермеуде.
Мәселен, еңбек қатынастары заңдастырылмаған тұлға:
Біріншіден: жұмыс беруші тарапынан міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорына қаражат түспеуі салдарынан жұмыскердің сырқаттанып қалуы, декреттік демалыстарға шығуы және тағы басқа сақтандыру жағдайлары орын алған кездерде төленетін әлеуметтік төлемдерден қағылады;
Екіншіден: жұмыс беруші тарапынан аударылатын міндетті медициналық сақтандыру аударымдары түспеуі салдарынан тегін медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылады;
Үшіншіден: жұмыс беруші тарапынан аударылатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаражаттың түспеуі салдарынан жұмыскердің еңбек өтілі жүрмейді, екіншіден зейнеткерлік жасына жеткен кезде лайықты өмір сүруіне жинаған қорының жеткіліксіздігі ең төменгі зейнетақы алуға әкеліп соғады.
Бұл орайда басқарманың еңбек инспекторларымен бейресми жұмыспен қамтылған тұлғаларға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық «Еңбек шартын жасайық» атты шара ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Одан бөлек, облыс әкімінің өкіміне сәйкес «Бейбітшілік пен келісім» жобасының аясында құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті жерлерге шығу арқылы азаматтармен кездесулер өткізіп, олардың еңбек қатынастарына қатысты жеке сұрақтарына тиісті түсіндірмелер беру жұмыстарын жүргізуде.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған шаралардың бірі еңбек ұжымдарында өндірістік процесті, еңбек құқығын қамтамасыз ету және жұмыскерлерді жұмысқа орналастыруды тұрақтандыру мақсатында әкімдік, жұмыс беруші және кәсіподақтар арасында 71 591 жұмысшыны қамтитын 8342 меморандум қабылданды.
Еңбек адамдарын әлеуметтік және материалдық көтермелеу мақсатында облыстың 5370 кәсіпорнында ұжымдық шарттар қабылданды.
Еңбек саласын цифрландыру, еңбек шарттарын электронды E-HR жүйесіне ауыстыру бағытындағы жұмыстар да жоғары деңгейде атқарылуда. Бүгінгі күнге облыстың 4567 кәсіпорны 154814 жұмыскердің еңбек шарттарын электронды форматқа ауыстырды.
Ағымдағы жылдың наурыз айында облыс әкім Бердібек Сапарбаевтың төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасына сәйкес облыстағы ірі және орта кәсіпорындармен тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде жұмыс істеп тұрған 22 ірі, 48 орта, барлығы 70 кәсіпорын бар болса, оның 41 кәсіпорны (13 ірі, 28 орта) 19377 жұмыскердің (барлығы 21764 жұмыскер бар) жалақысын орта есеппен 23000 теңгеге немесе 26% көтеріп отыр.
Елімізде соңғы жылдары жұмыс орындары технологиялық жағынан барынша жетілдіріліп, соның арқасында еңбек жағдайлары күннен-күнге жақсарып келеді. Мұндай өзгерістер еңбекті қорғау жүйесіне өзінің оң ықпалын тиігізіп, облыста қабылданған жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықты жоюға бағытталған жол картасы еңбек ету қауіптілігі деңгейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылдың 8 ай қорытындысымен, облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болған 23 (2019-37) жазатайым оқиға орын алып, 29 (47) жұмыскер зардап шекті, оның 4 (7) адам өлімімен аяқталған, яғни өткен жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 37,8%, зардап шеккендер саны 38,2%, адам өлімі саны 42,8% төмендеп отыр.
Еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне қатысты басқармамен биылғы жылдың басынан 31 іс-шара ұйымдастырылып, 135 мақалалар, посттар, әртүрлі түсіндірмелер БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілер арқылы жарияланды. Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды, мақсат одан да жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасатын болады.
Қайрат Досаев,
облыс әкімдігі
еңбек инспекциясы
басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close