Basty bet
аудан әкімі сауда орындарын аралады
Ауданның орталығы – ауданның айнасы. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде ауыл әкімі аппаратының ұйымдастыруымен жүріп жатқан қоғамдық көліктердің қатынасын реттеу жұмыстары ширатуды талап етіп отыр. Аудан тұрғындары жиі барып сауда-саттық жасайтын қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп мәселелері әлі де болса өткір күйінде тұрғанын жасыра алмаймыз. Оған басты себеп – соңғы жылдардағы көлік құралдарының көбеюі, сауда орындарының көптеп салынуы болып отыр. Бір ғана мысал, орталық базардың қазіргі жағдайы қай жағынан болсын сын көтермейді. Бұл туралы аудандық газеттің бетінде сыни тұрғыда жазылған мақалалар жарық көріп келеді. Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков Б.Момышұлы ауылының жаңадан тағайындалған әкімі Көбейсін Хайралаповпен бірге аудан орталығындағы базардың және жолаушылар тасымалымен айналысатын орындардың жағдайымен танысты. Алдымен аудан басшысы орталық базарда болып, осындағы жағдайды көзімен көрді. Қазір мұнда жабайы сауда белең алып отыр. Арнайы орындарды айтпағанның өзінде, жол жиегінде немесе базар маңындағы тұрғын үйлердің сыртында азық-түлік тауарларын жайып қойып сатып тұрғандардың қатары артқан. Кейбірі электр трансформатордың дәл түбінде сауда жасап тұр. Бұл адам өміріне өте қауіпті.
Ал бұрынғы Базарная көшесінің бойында да жағдай мәз емес. Сауда дүкендерінің алдында ауылдарға қатынайтын таксилер қалай болса солай жұмыс істеуде. Тазалық деген атымен жоқ. Аудан әкімі сол маңдағы «Әлібек», «Гүлнар» дүкендерінің иелерімен кездесіп, тазалық пен тәртіпті реттеуге шақырды. Одан сәл ары жүрсеңіз беті ашық жатқан құдықты көресіз. Бұл адамға да, көлікке де қауіпті. Бей-берекет шашылған тұрмыстық қалдықтар да көшенің сиқын кетіріп тұр. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков осындағы тәртіпті, тазалықты, заңсыз орналасқан сауда контейнерлерін шұғыл ретке келтіруді ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповқа тапсырды.
Жабайы заңсыз сауда, сапасыз қызметтен құтылудың жолы қайсы? Осы мәселе бойынша ауданға белгілі кәсіпкер азамат Әділхан Жолдасов бұрынғы автобекет маңынан заманауи жабық сауда кешенін салмақ ниетте. Ал осы маңда орналасқан «Мадина» мейрамханасының иесі Құралбай Жайықбаев та бұл ғимаратты сауда кешеніне айналдырудың қамымен шапқылап жүр. Кәсіпкерлердің жобалары аудан әкіміне ұсынылып, тиісті шешімдер қабылдау күтілуде.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте аудандық аурухана маңында таксилер тұрған жердің тазалығын көрді. Такси жүргізушілермен сөйлесіп, көлік қатынасына зиян келтірмей, тұрған орындарында тазалық сақтауға шақырды. Одан соң аудан орталығындағы басты көшелердің бірі – Рысбек батыр көшесімен жүріп, осында 500 орынға лайықталып салынып жатқан мейрамхананың құрылысымен танысып, кәсіпкердің алдағы жоспарларымен танысып, проблемаларын тыңдады. Дәлірек айтқанда, кәсіпкер көшенің қарсы бетінен көлік қоятын жер сұрап отыр. Аудан басшысы бұл мәселеге жан-жақты зерделеп барып жауап беретінін айтты.
Одан соң аудан әкімінің назарына темір жолдың астынан өтетін көпір маңын абаттандыру және орталық саябақты көріктендіру жоспарлары ұсынылды.
Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»