Basty bet
Баға саясаты – басты назарда болады
Әлемде жыл санап азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі туындап отырғаны жасырын емес. Кейбір бейресми мәлімет көздеріне қарағанда, жалпы әлем бойынша бірнеше миллион адам күнделікті тұтынатын ас пен таза ауыз суға жарымай отырған көрінеді. Ал біздің елде ше? Ел тұрғындарын өзімізде өндірілетін азық-түлікпен қаншалықты қамтамасыз етіп отырмыз деген заңды сұрақ туындайды осындайда.
Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екені белгілі. Экономикалық даму үдерісінде ауыл шаруашылығы саласын негізгі драйвер ретінде қарастыратын Қазақстан бүгінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаһандық ауқымдағы жауапкершілікті терең сезінуде. Бұл орайда біршама уақыт Жамбыл облысының әкімі қызметінде болған Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» пилоттық жобасын ерекше атап айтуға болады. Бүгінде облыс аудандарынан бір-бірден ауылдық округтер таңдалып алынып, жобаның бірнеше бағыты арқылы ауыл шаруашылығы саласы мен шағын отбасылық кәсіпті жандандыру мақсатында жұмыстар басталып кетті. Бұл да өз кезегінде округ тұрғындарының елеулі бөлігін жұмыспен қамтып, одан бөлек, өздері өндірген экологиялық таза әрі құнарлы өнімді тұтынуға мүмкіндік береді. Әрі десе, бұл бірегей жоба облыс тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын да қамтамасыз етуге өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Қазір біздің елде азық-түлікке қатысты бірқатар мәселелер бар екенін жасыра алмаймыз. Бағаның күн санап өсіп бара жатқанына да ешкім қарсы дау айта алмайды. Коронавирус індеті біздің елде де тіркелген тұста тұрғындар жаппай базарлар мен сауда орындарына ағыла бастады. Күнделікті тұтынатын тауарларды жаппай сатып алудың салдарынан, оның үстіне шет мемлекеттерден импортталатын тауарлардың уақтысында жеткізілмеуіне байланысты біздің аудандағы сауда орындарында азық-түлік бағасының біршама көтерілгені байқалады.
Ауданда бағаны тұрақтандыру мен азық-түлік қорларына зерделеу жұмыстарын жасау мақсатында жұмысшы топ құрылған болатын. Олар аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі жағдайды, баға тұрақтылығын, азық-түлік қорын күнделікті бақылап отыр. Өткен аптаның аяғында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жетекшілік ететін жұмысшы тобының құрамында болып, аудан орталығындағы бірқатар сауда нүктелерінің жұмысымен танысқан болатынбыз. Алдымен базар аймағындағы «Батыр ана» шағын дүкеніне бас сұқтық. Дүкен сатушысы Байрамгүл Аймаханованың айтуынша, мұнда құмшекердің келісі 250, сапалы күріштің келісі 350 теңгеден сатылуда екен. Ал сұйық май мен макарон өнімдеріне да баға қымбаттап отыр. Ал осы дүкеннің жанындағы «Нүркен» дүкенінде де жағдай осыған ұқсас. Мұнда дүкен иесі құмшекердің келісін 241 теңгеден көтере алып, 250 теңгеден саудалап жатқанын айтады. Тиісінше, макарон өнімдеріне да үстеме баға қосылған. Одан бөлек, бағаларды зерделегеніміздей, «Қаратас-2», «Қаратас» дүкендерінде күріш, макарон, сұйық май, қант бағасы көтерілген. «Ахан» кіші маркетінің сатушылары соңғы уақытта қауіпті індетке байланысты шетелдермен мемлекеттік шекаралардың уақытша жабылуына байланысты сұйық май түрлерінің жеткізілмей жатқанын айтты. Бұл әсіресе, «Шедевр», «Маслозавод» сауда белгісіндегі Ресейден импортталатын сұйық майларға қатысты болып отыр.
Азық-түлік бағасын реттеуге байланысты құрылған жұмысшы топтың мүшесі, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевтан сауда орындарындағы қазіргі жағдай туралы сұрап-білген едік.
-Аудандағы халық тұтыну тауарларының және жанар-жағармай бағаларын реттеу жөніндегі штаб құрылған. Аудандық штаб мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны негізсіз көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде. Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 10 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы 18 көтерме сауда дүкендерінің иелерімен меморандум жасалынды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне өздеріне қарасты елді мекендердегі дүкендерде азық-түлік тауарларының сатылым бағасын қадағалап, күнделікті мәлімет беріп отыру тапсырылған,- дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев.
Азық-түлік қауіпсіздігі тек бір күннің ғана мәселесі емес. Жер шарында адам саны көбейген сайын азық-түліктің қажеттілігі де арта түспек. Осы ретте ең бастысы, өндіріспен қатар баға саясатына баса мән бергеніміз жөн сияқты…
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ