Basty bet

Жуалының шөбі «шүйгін» болмай тұр

Биыл ауданымызда шөп бағасы қандай болмақшы?

«Басқаның бәрін қисаң да,
Жуалыны қимайсың.
Бөктеріп алып кетер ем,
Ат сауырына сыймайсың»,- деп Асан қайғы бабамыз жыр арнаған қасиетіңнен айналайын, Жуалы жері! Асан атамыздың тағы да: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май, қадіріңді егін салған жұрт білер» дегені көкейімізден кетер ме? Алайда былтырдан бері «қазан ұрмай, қар жаумай» жатып-ақ, шыбық қадасаң шынар болып жайқалып өсетін топырағы майлы, шөбі шүйгін Жуалы жерінің шөбі «шүйгін» болмай тұр. Неге дейсіз ғой…?

Мал азығы өзіне молынан жетіп-артылатын Жуалыда былтырдан бері мал азығы тапшы бола бастады. Оған басты себептердің бірі, қасиетті өңірдің шүйгін шөбіне деген қызығушылық мал азығы тапшы бірқатар өңірлердің «көз құртына» айналып отыр. Облысымызға қарасты Талас, Сарысу аудандарын айтпағанның өзінде, Түркістан облысының бірқатар аудандарынан келіп, біздің ауданнан шөп сатып алып кетіп жатқандарды талай рет көзіміз көрді.
Биыл ерте көктемде Т.Дүйсебайұлы (Амангелді) ауылының Жанболат есімді азаматымен Тараз қаласынан бірге келдім. Таныстықтан соң әңгіме шаруашылық жайына ауысты. Жанболат бір сөзінде былтыр Алматы облысынан үлкен-үлкен жүк көліктерімен келіп ауылдан шөп сатып алып кеткендер туралы айтып қалды. Олар тайланған жоңышқаның әр данасына емес, әр дананың салмағына қарай ақша төлейтін көрінеді. Оны қойыңызшы, мен тағы бір кісілерден біздің тайланған жоңышқамызды пойыз вагондарына артып, батыстағы Маңғыстау, Атырау облыстарына әкетіп жатқаны туралы да естідім. Осыдан-ақ Жуалының шүйгін шөбі біздің ауданда ғана емес, елдің басқа өңірлерінде де жоғары сұранысқа ие болып тұрғанын байқауға болады. Солай-ақ болсын…
Өзге аймақты шөппен жарылқаймыз деп жүріп, соңғы жылдары өзіміз шөпсіз қалып жатырмыз. Былтыр тайланған шөптің әр данасының бағасы алғашында 500-700 теңгеден басталып, соңғы жағында 1000 теңгеден асып жығылды. Ол ол ма? Науқан уақтысында шөп сатып ала алмағандар қыстың күндері тайланған шөптің әр данасын 1 500 теңгеден сатып алуға мәжбүр болды. Арпа-бидайдың қымбаттығы өз алдына. Ал шөп бағасының осылай шарықтап кетуі тіптен түсініксіз. Бұл жерде арада жүрген алыпсатарлар көп. Олар арзан алып, қымбатқа сатады. Қымбатшылықты осылай қолдан жасап отырмыз. Осылай кете беретін болса, қарапайым жұрт мал ұстаудан да қалайын деп тұр. Өйткені, жемшөпті қымбатқа сатып алып, малды баққаныңа да арзымайды. Ал өз алдына егістік жерлері бар, бұрыннан қор жинап, әлденіп қалған шаруалар мал азығынан әсте қинала қоймас.
Жуалы жері ежелден мал мен жанға жайлы, шөбі шүйгін өңір саналады. Бұрынғы көнекөз қариялардың айтуынша, қандай да бір қуаңшылық жылдар болсын, Жуалы жұртшылығы мал азығынан қысылмайтын көрінеді. Ал былтырдан бастап шөп бағасы «қазан ұрмай, қар жаумай-ақ» шарықтап шыға келді. Оның үстіне Түркістан облысының бірқатар аудандарында өткен жылы мал азығынан тапшылық байқалды. Былтыр көктемде аталған облыстың Мақтаарал ауданында су тасқыны орын алып, қызыл су мен лай көшкіні егістік алқаптарды бүлдіріп кеткені белгілі. Мал азығынан тапшылық болған соң мақтааралдық ағайын да сонау «ит арқасы қияннан» Жуалыдан шөп сатып алып кетіп жатты. Одан бөлек, өзіміздің ауданға қарасты Билікөл ауылдық округі, сонымен қатар, Талас, Сарысу аудандарында мал азығынан тапшылық болды. Тіптен, орылмай жатқан алқаптардың шөбін алдын ала сатып алып қояды екен. Өзімізде шөп бағасының шарықтап кетуіне бірінші әрі басты себеп осы.
Былтыр ауданда шөптің бағасы рекордтық көрсеткішке жетті деуге болады. Әрине, ең бірінші иелігінде егістік жерлері жоқ азын-аулақ мал баққан шаруалар қатты алаңдаулы. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, ерте көктемнен-ақ малдың қыстық азықтық қорын ойлаған шаруалардың уайымы түсінікті де. Алаңдамай қайтсін? Бетіне қарап отырған негізгі күнкөріс осы қорадағы азын-аулақ малы болса. Айта кететін жай, биыл шөп науқаны басталмай тұрып шөп бағасын бір жүйелеп алудың қажеттігі туындап отыр. Қамсыз отырсақ дәл былтырғыдай жағдайдың қайталануы әбден мүмкін.
Біз де осы орайда аудан көлемінде соңғы жылдары туындап отырған шөптің тапшылығына байланысты сұрақтармен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарына хабарласқан едік.
-Жалпы биыл аудан бойынша ораққа түсетін 28 470 гектар көпжылдық екпелер бар. Биылға мал азығын дайындау жоспарына келсек, пішен 145 200 тонна, пішендеме 11 000 тонна, 12 000 тонна сүрлем және сабан 16 800 тонна. Ауылдық округтерде шөп ору жұмыстары әлі басталған жоқ. Дәл қазір шөп жинау науқанының алдында тұрмыз. Енді шөптің бағасына келсек, бұл туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз. Бағаны негізінен шаруалар мен клиенттердің өзі және нарық қалыптастырады. Алайда бұл мәселе жөнінде біздің бөлім де қол қусырып қарап отырған жоқ. Шөп бағасының көтеріліп кетпеуіне байланысты алдағы уақытта бірлескен іс-шаралар қабылдамақпыз. Бұл өз кезегінде бағаның алдын алуға оң әсер етеді деп ойлаймын.
Шөп бағасының қымбаттауына ең біріншіден шөпті сырттан келіп, сатып алып жатқан шаруалар әсер етуде. Былтырғыдай жағдай биыл да қайталануы әбден мүмкін. Әрине, шаруалар өз алдына жеке құрылым болған соң біздің бөлімнің тарапынан оларға «бағаны түсір, өйт-бүйт» деп айта алмаймыз. Қазір әркім өзі білетін заман. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, олар да өнімін қымбат бағаға саудалағысы келеді. Жалпылай айтқанда, ауданда шөп бағасының қымбаттауына әсер етіп отырған бірнеше факторлар бар.
Осы орайда аудан шаруашылықтарының назарына биыл мал азығының жылдағыдан тапшы болатынын айтқым келеді. Өйткені, биыл жауын-шашынның мөлшері едәуір төмен. Сондықтан да шөпті ең бірінші кезекте өз жерлестерімізге сатуларыңызды және баға мәселесіне барынша түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Ал ауданның басқа да шаруашылықтары мен жеке тұрғындары қарап отырмай егістік алқаптарды өздеріңіз аралап, шөпті сатып алуға ертерек қам жасауларыңыз қажет,- дейді бөлімнің бас маманы Нұрғазы Қыстаубаев.
Нұрғазы Баймолдаұлынан аудандағы төрт түліктің басы жөнінде де сұрап білдік. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айының бірінші жұлдызындағы есеппен аудандағы мүйізді ірі қараның саны 53 мың 752 басқа жетіп жығылған. Былтыр жыл басында бұл цифр 46 мыңды құраған. МІҚ былтырмен салыстырғанда, 103 процентке артқан. Ал қой-ешкі саны – 276 899 бас. Жылқы 14 270 бас. Бұл көрсеткіш 124 процентке артып отыр. Үй құстары 101 мыңнан асады. Осыншама бас малға қыстық азық қорын жасақтау аса маңызға ие жұмыс. Қамданғанның қапы қалмайтыны анық. Мал азығына осы бастан қамданғанымыз дұрыс.
Ауданымызда шөп саудасымен айналысатын округтің бірі ретінде Жетітөбе ауылдық округін айтуға болады. Ауылдық округ әкімшілігінің мәліметінше, ондағы жалпы егістік көлемі 11 691 гектар. Оның 3805 гектары мал азықтық дақылдары (жоңышқа, эспарцет). Ал 380 гектары биыл егілген жаңа жонышқа. Кәріқорған, Тасбастау ауылдарының шабындық жерлері халықтың келісімімен мал жайылымына берілген екен. Ал Шыңбұлак, Қосмұрат, Майбұлақ ауылдарында 130 гектар шабындық, Қоңыртөбеде 100 гектар шабындық жер бар. Шөптің шығымы жылдағыдан төмен дегенді алға тартып отыр мамандар. Ал Боралдай ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі саналатын «Алтынай» ШҚ басшысы Ербол Рүстембеков мал азығы үшін жыл сайын 15 мың данаға дейін тайланған шөп жинайтынын, жауынның аз түсуіне байланысты биыл шөптің шығымы да жылдағыдан төмен екенін айтады. Дегенмен, басқа округтерге қарағанда Боралдай мен Қошқарата ауылдық округтерінде шөптің бағасы жүйелі болатынын жеткізді.
Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Апта басында Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында аудан әкімі О.Қаржауовтың қатысуымен өткен жиында да билікөлдіктер мал жайылымы мен шөп бағасының қымбаттығы жөніндегі базынасын аудан басшысының назарына салған еді. Шөп бағасының қымбаттығы мал ұстаған ағайынның бас ауруына айналғалы қашан.
Осы ретте мал азығынан қиналатын қарапайым шаруаның жанайқайына кім құлақ аспақ? «Бетеге кетсе, бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, берекең кетсе, нең қалар?» деген аталы сөз бар халқымызда. Ел ішіндегі береке-бірлікті ойласақ, мал ашуы жан ашуына айналып кетпей тұрғанда біз қозғаған маңызды мәселе жөнінде жергілікті атқарушы билік пен шаруалар ортақ бір мәмілеге келгендері жөн болар. Аз ғана пайдаға, аз күндік абыройға алданып, адамгершіліктен, ар-ұяттан аттап кетіп жатқандарға не дерсің? Бір сөзбен айтқанда, кейбір жуалылық ағайынға Жуалының шөбі «шүйгін» болмай тұр…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close