Basty bet

Қонарсың төрімізге ырыс болып…

Халқымыз «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға береді. Осы орайда, бірнеше салалардың өкілдерімен «Өтіп бара жатқан 2019 жыл несімен есте қалды? Алдағы Тышқан жылынан не күтесіз? Қандай жоспарларыңыз бар?» деген сауалдар төңірегінде әңгімелесіп, жаңажылдық сұхбат дайындаған болатынбыз.

Көбейсін Хайралапов, Б.Момышұлы ауылының әкімі:
-Доңыз жылы менің есімде елеулі оқиғаларымен және жағымды жаңалықтарымен есте қалды. Ең біріншіден, қызметте өзгерістер болып, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі болып тағайындалдым. Екіншіден ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан М.Мәметова, Б.Үсенов, Ы.Алтынсарин көшелеріндегі жол бойындағы заңсыз сауда нүктелері заңдастырылып, ретте келтірілді.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Батыр Баукең айтқандай, ең бастысы базарда тәртіп орнатылып, сауда орындарында бәсекелестік пайда болды. Әрине, мұнымен жұмыс бітпейді. Алдағы жылы орталық базарда атқарылар істер әлі де баршылық. Сонымен қатар, Парасат көшесінің сегіз тұрғын үйіне газ құбыры тартылмай, қалып кеткен екен. Бұл мәселе де өзінің оң шешімін тауып, аудан әкімінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен аталған тұрғын үйлерге газ жүргізілуде.
Ауыл көшелері өте тар. Бұл мәселені шешуді зерделеу үстіндеміз. Осы мәселені ескеріп, көліктерді бір бағытта жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолдарын салып, арық су жолдарын қалыпқа келтіруді жоспарлаудамыз. Мұнан бөлек, келер жылы халықтың үдесінен шығу үшін, олардың талап-тілектеріне, өтініштеріне байланысты тиімді жоспар құрып, іске асыратын боламыз.
Менің жаныма сәулет, құрылыс саласы жақын. Бала кезімнен бір қаланың сәулетін жаңартып, сәніне сән қосуды армандайтынмын. Міне, осы бала арманым іске асып жатыр деп ойлаймын. Алдағы уақытта аудан ең бірінші абаттандырылумен көзге түсетін болады. Батыр Баукеңнің есімімен аталатын ауылдағы ескірген жерлерді жаңартып, жаңғыртып, келбетін заманауи архитектураға тартсақ деген жоспар тұр. Себебі, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы бағдарламаның жүзеге асырудың басы-қасында өзім болсам деген ойым бар.
Жаңа жылда ауданымыз көркейіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайлары жақсарады деген сенімдеміз. Төрімізге еніп келе жатқан Жаңа жылдан тек жақсылық, молшылық, тыныштық күтеміз.
Роза Металимова, жас кәсіпкер:
-Мен үшін биылғы жыл толағай табысқа толы жыл болды. Ең біріншіден, мен «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесімін. Этномәдени бірлестігі мүшелерімен еліміздің өзге қалаларына экскурсиялар жасадық. Экскурсия Өскемен, Шымкент, Түркістан қалаларында өтіп, онда өңірлердің көрікті жерлерімен, тыныс-тіршілігімен таныстық. Этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараларда жастар белсенділік танытып, саяхаттан қазақ халқының салт-дәстүрі, бай ұлттық мұралары туралы көп мәліметтер жинадық.
Сонымен қатар, 2019 жылы Жастар жылында бағымды кәсіпкерлік саласында сынап, 505 мың теңге қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алдым. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында білікті тренерлерден сабақ алып, бизнестің қыр-сырын үйреніп, кондитерлік өнімдерді шығару жобасын іске асыру үстіндемін. Берілген қаражатқа өнім шығаруға қажетті құрылғыларды, заттарды сатып алып, қазіргі таңда кәсіпкерлігімді дамытуды жоспарлап отырмын.
Жаңа жылдан кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етуді, биіктен көрінуді мақсат тұтып отырған жайым бар. 2020 жылдан күтерім өте көп. Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Бір шаңырақтың астында түрі басқа жүрегі бір қазақстандықтар тату-тәтті өмір сүре беретініне сенім мол.
Махмұт Сәрсенбаев, «Боранды» станциясының бастығы:
-Менің теміржол саласында қызмет еткеніме биыл тура 27 жыл толып отыр. Әр жыл өзінің ерекше оқиғаларымен есте қалады. Біздің салада мереке сайын жұмыс арта түседі. Демалыс дегенді кейде білмейміз. Мереке күндері жолаушылар саны көп болып, теміржолшылар жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатады. Бұл күндері жауапкершілік жүгі көп артылады. Жолаушылар діттеген жеріне аман-есен жетсе, ешқандай апатты жағдай орын алмаса, пойыз тоқтамай жүріп тұрса бұл біз үшін жылдың табысты болуы болып есептеледі.
Жақында ғана аудандағы ауа райының қолайсыздығынан, яғни бораннан 500-ден астам адам құтқарылып, Шымкент қаласына 300-ден астам, Тараз қаласына 200-ден астам адам жөнелтілді. Сонымен қатар, келушілердің саны көбеюіне байланысты пойыздың станцияда тоқтау ұзақтығы 10 минутқа дейін ұзартылды. Мекеме биылғы саладағы ауқымды тексерістің бірі күзгі тексерістен тазалық бойынша І орынды иеленді.
Доңыз жылында ұлым Нұрсұлтан «Шайқорық» станциясынан осы станцияға ауысып келді. Ұлым Нұрсұлтан тілді, заманауи техника мен технологияны жақсы меңгерген. Алдағы уақытта оны Тараз қаласында өтетін теміржолшылар арасындағы білім жөнінен өтетін үлкен сайысқа дайындаудамын. Ол байқаулардың теміржолшылар үшін алар орны ерекше. Себебі, теміржол саласы жоғары білімді қажет етеді. Сондай-ақ, тұңғышымды қызметтегі өсуімен қатар, отбасылы ету ойда бар.
Алдағы жыл барша қазақстандықтар үшін тоқшылық, молшылық жылы болады деген сенім мол.
Гүлмира Хабдуллаева, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі жəне директордың ғылыми-əдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары:
-2019 жылы «Мұғалім мəртебесі» Заңын қабылдауға ұсыныс болды. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мұғалімдердің жалақысын көтеру ұсынылып, олардың жалақысы шілде айында санаттары бойынша көтерілді. Елімізде Жастар жылы жарияланып, жастарға қолдау жасалды.
Биылғы жылы мектеп ұжымы және өзім үшін табысты болды. Оқушыларымыз ұлттық бірыңғай тест сынағында жақсы көрсеткіш көрсетіп, оқу жылы жақсы аяқтаған болатынбыз. Сонымен қатар, білім саласындағы еңбегім еленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Жамбыл облысы Білім сапасын бақылау департаментінің Алғысхатымен марапатталдым.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушыларым Зәуре Мəлікқызы, Айгерім Қанатбек Шəкəрім оқуларының жеңімпазы, Дилнура Қабарбек облыстық эссе байқауының жүлдегері атанды. Мектептің белсенді оқушыларының бірі Дилнура Қабарбек «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауына 132 беттік Қобыланды батыр жырын жаттады. Алайда аудандық, облыстық кезеңдері өтілмеді. Біз бұл байқаудың жеңімпазы болатынымызға кəміл сенгенбіз.
Жаңа 2020 жылды берекелі, табысты жыл болады деп күтеміз. Өйткені «Мұғалім мəртебесі» заңы қабылданып, мұғалімдерге үстеме айлық қосылады.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазағымның керегесі кең, бауыры бүтін болсын!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close