Basty bet

Зайырлы ел – қайырлы ел!

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл бағытты таңдаудағы негізгі себептердің бірі – еліміздің көп ұлтты, көп конфессиялығы. Көп конфессиялы мемлекетте ел бірлігін және халықтың тұтастығын сақтау үшін зайырлылық қағидаттарына зәруміз. Конституцияның 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
Зайырлылық ұғымы – мемлекеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.
Дін дегеніміз – тек сенім жүйесі емес, өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.
Зайырлылық – бұл дүниеге көзқарастың түрі емес, болғаны азаматтық ұстаным. Жалпы айтқанда, зайырлылық дегеніміз – мемлекеттің және мемлекеттік институттардың қандайда бір дінге не діни конфессияға басымдық берместен бейтарап позицияда тұруы. Сонымен қатар діни сенім бостандығының болуы мен мемлекеттің ресми ұстанатын дінінің болмауы, нәтижеде елдің әрбір азаматы қалаған діни бағытты таңдауына және ұстануына еркі болады.
Зайырлы жүйенің ең бірінші және даусыз артықшылығы – дін бостандығы. Адам кез келген ресми тіркелген діни бірлестіктерге кіру арқылы өз дінін таңдай алады және қажетті рәсімдерді сақтай отырып, оны байсалды түрде қолдана алады.
Халық дәстүрлерін сақтау туралы маңызды мәселеге келсек, зайырлылық ұғымы – елімізде тұратын барлық этностардың дәстүрлерін, мәдениетін, тілі мен тарихын сақтауды қамтамасыз етеді.
Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатуы да сондықтан. Бабалар ұстанған Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық және отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлттың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын.
Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кеткені белгілі. Рухани құндылықтар – ата дініміз бен ата дәстүрдің терең байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткен тарих пен болашақтың кепілі!

Затыбек Пашенов,
Шақпақ ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close