Basty bet
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал…»
немесе жалпыға ортақ декларациялау және мобильді аударымдар туралы не білеміз?!
Иә, зымыран уақыт жылжып, жылдар ауысқан сайын заманның талабы да, жаңа заманның ағымына қарай адамның көзқарасы да өзгеріп, өмір сүруіміз соған сәйкес қалыптасатыны белгілі. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген жоқ па, бұрынғылар?! Жаңа заманның талабына сай бейімделу, соған байланысты әрекет ету – барлығымызға міндет. Оның үстіне, заманауи үдерістерден де шеттеп қалуға болмайды. Бұл ретте «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» әрекет ету ел азаматтарының басты қағидасына айналуға тиіс. Демек, заманның талабын мемлекет белгілеген заңның талабына сәйкестендіре отырып әрекет еткеніміз абзал.
«Заман күнде өзгерер, оны біздің көз көрер» деген. Биыл да солай болды. Ұлу жылының алғашқы айы ел азаматтары үшін бірқатар жаңа өзгерістермен басталып отыр. Соның бірі әрі ең маңыздысы – жалпығы ортақ декларациялау. Бұл шараның Қазақстан азаматтарының елеулі бөлігінің өміріне өзінің әсерін тигізіп отырғанын да жақсы білеміз.
Қаңтар айы басталмай жатып, ел ішінде, «Не дейсіз? Дүкен иелері мен такси жүргізушілері клиенттерден мобильді аударым бойынша төлемдерді қабылдамай жатыр екен. Барлық сауда нысандары бұрынғыдай қолма-қол ақшамен есеп айырысуға көшіпті. Осы жылдан бастап азаматтардың табысы тексеріле бастайды екен» деген сыңайдағы алып-қашпа әңгімелердің тарап жатқаны рас. Мән-жайдың анық-қанығын білмей жатып, жұртшылыққа бекер дүрлігудің қажеті жоқ. Қай мәселенің де өз шешімі бар емес пе?! Ал бұл бағытта қабылданған заңда қандай талаптар көзделген?
Ендігі кезекте аталған мәселенің мәнісіне тоқталсақ дейміз. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметтерін қарапайым тілмен сөйлететін болсақ, біз көтеріп отырған мәселенің барлығы елімізде 2021 жылы енгізілген жалпыға ортақ декларациялаудан шығып отыр. (Ескерту: 2021 жылы декларациялаудың алғашқы кезеңі енгізілген болатын). Жалпыға ортақ декларациялауды енгізудегі басты мақсат – жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру болып табылады. Бұл туралы 2021 жылы өткен Үкімет отырысында жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысын талқылау барысында ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеген болатын.
«100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 42-қадамына сәйкес, кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді» деп атап өтті Е.Жамаубаев.
Декларациялау мәселесіне келсек, бұл маңызды шара кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азаматтар үшін жүргізілетін болады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастағаны белгілі.
Өңір тұрғындарының есіне сала кететін болсақ, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі енгізілді. Заңда көзделгендей, 2025 жылға дейін еліміздің барлық азаматы декларация тапсыратын болады. Ол қалай жүзеге асырылады және оның негізгі мақсаты қандай? Қандай мүлік пен табыс декларациялануы тиіс? Осы сауалдарға байланысты ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік қызметтер департаментінің жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Дина Құсайынова былай дейді.
«Жалпыға бірдей декларациялау ел азаматтары мен мемлекет аппаратының арасындағы диалогтың заманауи формасын қамтамасыз ету үшін енгізілді. Осының негізінде халықтың кірістері ғана емес, әлеуметтік шығындарының салық шегерімдері туралы да ақпарат қалыптасады. Нәтижесінде, ақпаратты толық анализден өткізіп, халықтың жағдайын толыққанды көруге мүмкіндік туады. Оны егжей-тегжей талдағаннан кейін, әлеуметтік осал топтары анықталады. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялауға көшу мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етіп, лауазымды адамдардың заңсыз баюын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді» дейді МКК-ның өкілі.
Ендігі кезекте мобильді аударымдар жайындағы негізгі мәселеге көшсек. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдемесіне қарағанда, кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады екен. Яғни, тұтынушыға төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей, кәсіпкерлікпен айналысады.
Осыған байланысты 2021 жылы Қазақстанда азаматтардың мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Оған кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгілері бар операциялар ғана жатады. Заңға сәйкес, бұған бір жеке тұлғаның қатарынан үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардың банк шотынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған ақшалай қаражат алуы жатады.
Мобильді аударымдарға қатысты алаңдаушылық негізінен жеке кәсіпкерлерге, оның ішінде, дүкен ісімен айналысатын азаматтарға қатысты болып отыр. Бұл туралы орталық базар аймағында ұзақ жылдан бері азық-түлік дүкенінің жұмысын жүргізіп келе жатқан жеке кәсіпкер Гүлнара Сұлтановадан сұрап білген едік.
-Мобильді аударымдарды бақылау, декларация тапсыру деген мәселелер биыл пайда болған жоқ. Бұл мәселе жеке кәсіпкерлер үшін былтыр басталды. Атап айтқанда, 2023 жылдың маусым айынан бастап жеке кәсіпкер ретінде декларация тапсырып, оған қоса, тапқан табысқа сәйкес, мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлегенде, оған үш процентті де қоса төлеп отырмыз. Мысалы, азық-түлік дүкенінде онлайн-кассалық аппарат орнатылған. Кіріс-шығыстардың барлығы сол құрылғы арқылы анықталып отырады. Біздің де жұмысымыз, оның ішінде, табыстан салық есептіліктерін тапсыру рәсімдері де соған сәйкес атқарылады,- дейді жеке кәсіпкер.
Ал жеке кәсіпкер қазіргі таңда дүкендегі төлем қабылдау процесінің қалыпты жағдайда жүріп жатқанын айтады. Жылдың басынан бастап дүкенде клиенттермен есеп айырысу бұрынғысынша қалып отыр. Клиенттер дүкен иесіне немесе қызметкерге сатып алған затына ақшаны қолма-қол төлесе болады, қаласа мобильді телефон арқылы, мысалы «Каспий» немесе «Халық банкінің» мобильді қосымшалары арқылы немесе QR жүйесі арқылы төлеуіне болады.
Тұтастай алғанда, бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге немесе аударымдар арқылы алынған кірістердің декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік беруге бағытталған. Олар бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Оның барысында банктерден жеке тұлғаның шоты туралы толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар немесе жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.
Табысын жасырғандар қалай жазаланады деген мәселеге келсек, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін баса айтып отыр. 2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін жетеді.
Сондай-ақ кірісті жасырғаны үшін – төленбеген соманың 200% мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 300%-ға өседі. Ал чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-қа дейін (198 100 теңге) айыппұл салынады. Мемлекеттік кірістер органдары жоғарыдағы өзгерістердің адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанын баса айтып отыр.
Мобильді аударымдарды бақылау мәселесінің «жыр» болғанына екі жылдан асып барады. Тиісті заң 2022 жылы қабылданған.
«Бұл критерий жасалған кезде көптеген азаматтар өз ұсыныстарын білдірді. Неліктен 50 емес, 100 аударым болуы керек деген пікірлер де айтылды. Соңғы шешім қабылдардың алдында екінші деңгейлі банктермен келісім жүргіздік. Бірінші кезеңде жүргізілген салықтық бақылаудың нәтижесі бойынша 3 айға 100 ауда рым деген критерий өзгеруі де мүм кін. Бұл шешімді шығаруда жеке аза маттардың пікірі де ескерілетінін айта кету керек. Әр азаматтың қандай шоты, төлем жүргізгенін анықтау же ке сәйкестендіру нөмірі арқылы жүр гізіледі» дейді Мемлекеттік кіріс тер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.
Ендігі кезекте кәсіпкерлік қызмет ті жүргізушілер банкте ашылған же ке шотына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударым дар арқылы ақы алмауы тиіс. Егер мұндай аударымдар бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілсе, заңсыз болып саналады. Оған әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, салық төлеушінің субъек ті-лігіне байланысты салынатын айып пұл 15 АЕК-ден 50 АЕК-ге дейін жа уап кершілік қарастырылады. Бұл ретте мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге бұл тығырықтан шығу үшін бизнес-шот болып есептелетін төлем шотын ашуға кеңес береді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»