Basty bet

Жұмысшы мамандығының жаңа дәуірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана ел дамудың сара жолына түседі. Халық арасында «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсат та – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Президент.
Жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту – ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвестиция. Ел бірігіп, әр маманның құзыреттілігін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді және заманауи біліктілік жүйесін құруда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Ұлттық кәсіби классификаторда (ҰКК) 1 274 мамандықтар тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері бар. Ең көп жұмысшы мамандықтары 5-9 негізгі топтарда шоғырланған, олардың саны шамамен – 6 677 атауды құрайды. 5-топ «Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері» – 279 мамандықты, 6-топ «Шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары» – 174 мамандықты, 7-топ «Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа саладағы жұмысшылар» – 2 327 мамандықты, 8-топ «Өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер» – 3 385 мамандықты қамтып отыр.
Айта кетерлігі, 2025 жылы мына мәселелерге ерекше назар аударылады: еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын жетілдіру, біліктілікті бағалау мен тану тетіктерін әзірлеу, мамандардың заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз ету, білім беру мен өндірістің байланысын нығайту, тәжірибеге бағытталған оқыту мен тәлімгерлікті енгізу, жұмысшы мамандықтар орындарының беделін арттыру және мамандардың кәсіптік өсуіне жағдай жасау.
Жұмысшы мамандықтар санатына кімдер жатады?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы елде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млнды құраған. Соның ішінде 2 миллион 300 мың азамат бүгінде жұмысшы мамандығымен жұмыс істеуде.
Көлік және байланыс саласы: жүк көліктерінің жүргізушілері, автобус, такси жүргізушілері, электровоз жүргізушілері және т.б.
Құрылыс және өндіріс саласы: құрылысшылар (монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар), дәнекерлеушілер, слесарлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлер және штукатурлар.
Қызмет көрсету саласы: сантехниктер, трубопроводшылар, қонақ үй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар және үй шаруашылығы қызметкерлері.
Ауыл және орман шаруашылығы: тракторшылар, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, жер өңдеушілер және малшылар.
Өнеркәсіп және тау-кен саласы: кеншілер, теміршілер, металл өңдеушілер, шахталар мен кен орындарының жұмысшылары.
Балық шаруашылығы мен су транспорты: балық аулаушылар және су транспортының жұмысшылары.
Энергетика және коммуналдық қызметтер: электрмонтаждаушылар, жылу жүйелерін жөндеушілер, газ және су жүйелері жөндеушілер, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкерлері, су және жылу энергетикасының операторымен жұмыс істейтін қызметкерлер.
Өндіріс және механика: автокөлік жөндеушілері (автослесарлар, автомобиль механиктері), құралдар мен станоктар операторлары, машинистер, металлургия мен химиялық өндірістің жұмысшылары және машина жасау шеберлері.
Тамақ өнеркәсібі және аграрлық сала: ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, кондитерлер, өсімдік өсірушілер және мал дәрігерлері.
Сауда қызметкерлері: сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері және курьерлер жатады.
Қандай жобалар мен іс-шаралар қолға алынады?
Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылуда. Өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын.
Олжас Бектенов: – Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуде. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар, жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болуда. Сондықтан болашақта дағды мен құзыретті болжау үшін әкімдіктің барлығы кәсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Әзірге тек 9 өңірде осындай құжат бар,- дей келе, жұмысшы мамандықтарға қатысты кадр дайындау мәселесін де тілге тиек етті.
Жұмысшы мамандықтарға қатысты кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасын табуда. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтілмек. Жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізілетін болады.
Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданды.
Елдің 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделі мен кадрлар даярлау сапасын арттыруға және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар жоспар бекітілді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі салалық жоспарлар әзірленген.
«Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Онда: «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер» атласын дайындау, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау, кәсіпорындармен бірлесіп мектептерде 1000 бейінді сынып ашу және жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету аясында шаралар қарастырылған.
Аймақтағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірде «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленбек. Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
«Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу-құралдармен жабдықталу үстінде. Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Онымен қоса «Ұлттық құзыреттер» орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл орталық – кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп өндіріске енгізуге ықпал ететіні анық. «Ұлттық құзыреттер» орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады.
Тағы бір атап айтар жаңалық – атом электр стансасын салу жобасы аясында 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адам, ал 2032 жылы құрылыстың шарықтау кезеңінде 10 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі деген жүйелі жоспар бар. Жоба іске қосылған кезде кемінде 2 мың адамды жұмыспен қамтымақ. Жаңа жобалардан басқа жұмыс істеп тұрған отын-энергетика кешені кәсіпорындарда 2025-2029 жылдары 16 мың маман қажет болады екен. Одан бөлек, алдағы уақытта өнеркәсіп және құрылыс саласында 75 жаңа мамандық пайда болуы мүмкін.
Қандай марапаттар беріледі?
Жұмысшы мамандықтары жылындағы тағы бір жағымды жаңалық – еңбек адамдарына көрсетілетін арнайы марапаттар болады. Мәселен, «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты арнайы наградалармен марапатталады.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close