Basty bet
Көшпенділер ойынында олжа салған оғландар
ұлттық құраманың сапындағы көкпаршылар – Құлажан Тоғайбаев және Ислам Рәтке құрмет көрсетілді
Ағымдағы жылдың қазан айының басында Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық спортшылар көкпардан чемпион атанды. Қазақстандық спортшылар финалда Қырғызстан құрамасымен бас жүлдені сарапқа салған болатын. Дода өте тартысты өтіп, нәтижесінде, Қазақстан ұлттық құрамасы сыралғы қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, көкпардан ел құрамасы топтық кезеңде Өзбекстанды 8:1, Моңғолияны 12:2 есебімен ойсырата жеңді.
Ұлттық құрама сапындағы сайдың тасындай іріктелген әрі жүректі де білекті жігіттерден – Ұлан Байтөреев, Абылайхан Нышанбеков, Құрманбек Тұрғанбек, Ынтымақ Әліпбаев, Құлажан Тоғайбаев, Бақытжан Әзімбай, Дәулет Айтан, Арман Жамалбеков, Есжан Құрманбай, Ислам Рәт, Айнабек Бердіқұл, Әділет Мамыт сынды спортшылар ел намысын абыроймен қорғады.
Қасиетті Жуалы ауданының даңқын үлкен спортта асқақтатып, бүгінде Жамбыл облыстық «Әулие-Ата» көкпар клубында белді әрі алдыңғы қатарлы шабандоздардың бірі саналатын Құлажан Тоғайбаев және Ислам Рәттің жөні бөлек. Аталған екі балуан да осынау қасиетті өңірдің Диқан және Рысбек батыр ауылдарында туып-өскен азаматтар.
Бүгінде Азия және әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері және жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққан шабандоздарға берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері – Құлажан Тоғайбаев көкпардан Қазақстанның ұлттық құрама сапында 2008 жылдан бері үздік өнер көрсетіп келеді. Ал Ислам Рәт ұлттық құрамаға екі жыл бұрын қабылданған жас көкпаршы.
Түркия Республикасында жалауы желбіреген ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық көкпаршылардың сапында өнер көрсетіп, чемпион атанған қасиетті Жуалы ауданының оғландары Құлажан Тоғайбаев және Ислам Рәтті өткен аптада аудан әкімі Жалғас Мұртаза қабылдап, оларды көшпенділер ойынындағы жарқын жеңістерімен құттықтай келе, сый-құрмет көрсетті.
-Құрметті Құлажан Ерғалиұлы және Ислам Ералыұлы. Сіздерді ең алдымен дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел құрамасы сапында үздік өнер көрсету құрметіне ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Ел құрамасымен бірге тізе қосып өнер көрсету арқылы жеткен жарқын жеңістеріңіз құтты болсын. Ел мерейін асқақтатуға қосқан сіздердің де үлестеріңіз көп.
Көкпар – біздің ұлттық ойынымыз. Көкпарды тек қана жүректі әрі білекті жігіттер ғана ойнай алады. Аттың үстінде өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көкпардан ұлттық құраманың сапында 12 жігіт болса, соның екеуінің қасиетті Жуалы өңірінен болуы да біз үшін үлкен мақтаныш. Абыройларыңыз асып, азаматтық беделдеріңіз жоғарылай берсін. Елдің абыройын ары қарай да асқақтата беріңіздер. Сіздерді жеңістеріңізбен өз атымнан және аудан жұртшылығының атынан құттықтай отырып, күш-қайрат және амандық тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Көкпаршыларға игі тілек тілеген аудан басшысы Ж.Мұртаза Қ.Тоғайбаевты және И.Рәтті Алғысхатпен марапаттап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, ел құрамасының сапында өнер көрсетіп жүрген шабандоздарды жарқын жеңісімен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те құттықтап, табыс тілейтінін жеткізді.
-Екі жылда бір рет жалауын көтеретін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, ел құрамасы көкпардан бірінші орынды иеленді. Ұлттық құраманы білікті бапкер – Нұрдәулет Момыновпен бірге ұлттық құрамадағы жаттықтырушы ағаларымыз бастап барды. Нәтиже ойдағыдай болды. Топтық кезеңде үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жақсы өнер көрсеттік. Ең бастысы, сыралғы әрі мықты қарсылас саналатын Қырғыз құрамасын 4:3 есебімен тізе бүктірдік.
Дүниежүзілік жарыс болғаннан кейін бәрімізде қобалжу болды. Дегенмен, қобалжуға бой алдырмай, жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Көшпенділер ойынын өткізген бауырлас Түркия Республикасында бір аптадай болып, елге оралдық. Қазіргі таңда аз күндік демалыс алып, жарыстан кейін күш жинап, тынығып жатырмыз. Алда дайындықты қайтадан бастаймыз.
Бізді арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетіп жатқан ауданның басшысы Жалғас Әлижанұлына және шабандоздарды қолдап, жеңіске жетуімізге тілектестік білдіріп жүрген барша ағайынға алғыс білдіремін,- дейді көшпенділер ойынының жеңімпазы, белгілі көкпаршы Құлажан Тоғайбаев.
Жастайынан жүйріктің жалына жармасып өскен Құлажан шабандоз 10 жылдан астам уақыттан бері Жамбыл облысындағы «Әулие-Ата» көкпар клубында өнер көрсетіп келеді. Алғашқыда аталған командада шабуылшы болса, одан кейінгі жылдары жекпе-жекке (шеңбер ішінде) машықтанды. Қазіргі таңда қорғаушы міндетін атқарып жүр.
Ал жастайынан ат жалын тартып мінген тағы бір жерлесіміз – Ислам Рәт «Әулие-Ата» көкпар клубында бес жылдан облыстың намысын абыроймен қорғап жүр.
Жалпылама айтып кететін болсақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны екі жылда бір рет өтетін байрақты бәсеке. Ал 2024 жылы өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстан Республикасында ұйымдастырылатын болады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»