Basty bet
Желтоқсаншы Сәду Қалтаевты еске алуға арналған турнир
Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешенінде Тәуелсіздікті ту еткен Желтоқсан оқиғасына қатысушы, өнегелі ісімен, бүкіл адамгершілік асыл қасиетімен танылып, әрдайым халықтың аузында жүретін азаматтардың бірі Қалтаев Саду Нартайұлын еске алуға арналған футболдан аудандық турнир өтті.
Сәду Қалтаев 1962 жылы ауданға қарасты қазіргі Ақбастау ауылында дүниеге келген. 1979 жылы мектепті бітірген соң әскерге алынып, Германияда әскери борышын атқарып келген. Кейін Өскемен қаласына оқуға түседі. Жастайынан өнерге, спортқа құштарлығы зор еді. Қайда жүрсе де, достарының алды болатын. Институтта жүргенде, институттың ансамблінде гитарада ойнап, ән айтатын. Боксқа қатысып, Мәскеуге және Украинаға барып I және II жүлделі орындармен оралған. Мұнымен қоса, өлең жазатын қасиеттері болатын. «Қазақстан әйелдер журналында» (1982-83 жылғы) «Томирис» деген өлеңі жарияланған.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болған уақытта Өскемен қаласындағы студенттердің басын қосып, алматылық жастарды қолдап, орталықтың шешіміне қарсылық акциясын бастап, шеруге шыққан. Мұның ақыры үлкен қатерге айналып, факультетаралық жиналысқа салып, институттан шығарылған. Жай шығарылып қана қоймай “Лениндік принциптер мен социалистік құрылымға сенімсіздігі және бөтен моральді байқатқандығы үшін” деген тұжырыммен шығарған. Тек арада үш жыл өткен соң ғана, Желтоқсан оқиғасының құрбандары ақталғаннан кейін, көп күш-жігер жұмсап, ізденудің нәтижесінде ғана Сәду Қалтаев оқуын жалғастыруға мүмкіндік алған.
Турнирдің ашылу салтанаты Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Жарыста аудандық мәслихаттың төрағасы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, Сәду Нартайұлының бауырлары мен достары сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар Сәду Нартайұлының өмір жолына тоқталып, арда азаматтың атқарған игі істері мен спорттағы жетістіктерін айтып, ауданның экономикалық дамуына қосқан еңбегін атап өтті.
Турнирдің бірінші күні жастар арасында өтті. Оған 20 команда қатысты. Алғашқы айналым олимпиадалық жүйеде өтіп, 10 команда іріктелді. Олар жеребе бойынша үш топқа бөлініп, әр топтан жеңіске жеткен командалар жартылай финалды сарапқа салды.
Барлық командалар барын салып, турнир жеңімпазы атануға таласты.
Турнир қорытындысы бойынша, I орынды “Жуалы жас” командасы (жүлде қоры 100 000 теңге) қанжығаларына байласа, II орынды “Әскер” командасы (жүлде қоры 80 000 теңге) ұтып алды. Сонымен қатар, жүлделі III орынды “Ақсай” командасы (жүлде қоры 50 000 теңге) және IV орынды “Бауыржан Момышұлы” командасы (жүлде қоры 30 000 теңге) иеленді.
Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және дипломдар берілді. Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше ойынымен дараланып, көзге түскен үздік ойыншылар да марапатталды.
Атап айтар болсақ, турнирдің “Ең жас ойыншысы” болып Серғазы Ерасыл танылды. “Үздік қақпашы” – Нұрболат Ешенқұл, “Үздік қорғаушы” – Олжас Жұмабек, “Үздік шабуылшы” – Әміржан Құлжабаев, “Үздік ойыншы” аталымына Шыңғыс Жекеев лайық деп табылды. Олардың барлығына 5000 теңгеден сыйақы берілді.
Турнирдің екінші күні 35 жастан асқан аудан тұрғындары арасында өтті. 10 команда қатысқан жарыста командалар үш топқа бөлініп, өз тобында жеңіске жеткен командалар жартылай финалды сарапқа салды.
Турнир қорытындысы бойынша I орынды “Күреңбел” командасы (жүлде қоры 70 000 теңге) қанжығаларына байласа, II орынды “Сәду” командасы (жүлде қоры 60 000 теңге) ұтып алды. Жүлделі III орынды “Д.Қонаев МГ” командасы (жүлде қоры 50 000 теңге) иеленді. Ал, IV орынды “Ардагер” командасы (жүлде қоры 30 000 теңге) иеленді.
Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ, жарыс барысында ерекше ойынымен дараланып көзге түскен үздік ойыншылар “Үздік қақпашы” – Бақытжан Елепаев, “Үздік қорғаушы” – Алмас Құлназаров, “Үздік шабуылшы” – Сәбит Мейірманов, “Үздік ойыншы” болып Орынбасар Егізбаев танылды. Оларға да 5000 теңгеден сыйлық берілді.
Айта кету керек, ойындар тартысты өтіп, барлық қатысушылар жеңіске жетуге тырысты. Спортшылар да өздерінің жақсы көрсеткіштерін көрсетті. Турнирдің сәтті өтуіне барша ағайын-туыс, достары, жекжаттары бір кісідей атсалысты.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»