Basty bet
Халық жадындағы қаламгер, ұлт есіндегі қайраткер
Жуалының төл перзенті, ұлт ардақтысы, жазушы-аудармашы, белгілі қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықовтың 115 жылдығы кеңінен атап өтілді
Тау тұлғаларды жарық дүниеге әкеліп, оларға жасымас жігер, талмайтын талап, қайтпайтын қанат берген қасиетті Жуалы ауданында жаңа заманның ағымына сай оңды істер баршылық. Әсіресе бұл өңір тұлғалар тағылымын ел өнегесімен астастырып, ел дамуы мен ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың есімін ел деңгейінде ардақтауды әсте ұмытқан емес. Тарих көшіне көз салсақ, ел басына қиын-қыстау күн туғанда қасиетті Отанның күзетінде болып, ел қорғаған даңқты батырлардан бастап, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандығымен көзге түскен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының, ұлт руханиятының абыз тұлғасы, жазушы-көсемсөз шебері Шерхан Мұртазаның, сонымен қатар, жұлдызы биік өлкеден қанат қаққан генералдар мен даңқты спортшылардың есімі лайықты ұлықталып келеді.
Жуалыдай қасиетті өлкеден құз-қияға қанат қағып, есімі елге танылған ұландардың бірегейі – ұлт ардақтысы, жазушы-аудармашы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов. Құрманбек Сағындықұлының ардақты есімі ел жадынан шықпайды. Қайраткер Құрманбек 1910 жылы Жуалы ауданының Шақпақ аймағындағы Ынтымақ ауылында туған. Әкесі Сағындық оңтүстік өлкеге белгілі сыйлы, ел сөзін ұстаған ардақты ақсақал болса, ал анасы Балақыз бір отбасының ғана емес, тұтас ауыл-аймақтың анасына айналған жан болған дейді көзін көргендер.
Құрманбек ең алғаш ауыл молдасынан ескіше хат таныса, 1922-1925 жылдары Аса және Әулиеата интернаттарында, кейіннен Шымкент қаласындағы Сырдария губерниялық орта мектепті бітіріп, 1930-1941 жылдары аралығында Жамбыл облысының Сарысу, Жуалы аудандарында мұғалім, инспектор, Жуалы-Түлкібас аудандық «Таусағыз» газетінің редакторы, Алматы кітап баспасының жауапты қызметкері, Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарса, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, даңқты гвардиялық Панфилов дивизиясында жерлесі Бауыржан Момышұлымен бірге полктың саяси жетекшісі, майдан газетінің редакторы болды.
Құрманбек Сағындықовты Қазақстан республикалық радио-телевидение, бірқатар беделді газет-журналдың бас редакторы болып ұзақ жылдар қызмет атқарып, ел дамуына атсалысып, жас ұрпақтың тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірген, жазушы-аудармашы, журналист, ғалым, мәдениет және қоғам қайраткері ретінде де қасиетті Отан экономикасының жан-жақты дамып, халық тұрмысының түзеліп, гүлденуіне де қомақты үлес қосқан бірегей қайраткер ретінде танимыз.
Даңқты қолбасшы, қазақ әскери әдебиетінің негізін қалаушы Бауыржан Момышұлымен сонау бала кезінен Аса, Әулиеата мектеп-интернаттарында бірге оқып, бала кезеңде ақ адал көңілмен серт байласып, айырылмас дос болып, өмірінің соңына дейін достықтың туын жықпаған қасиетті Жуалы өлкесінің қос тұлғасы Бауыржан мен Құрманбектің өмірінен алар үлгі-өнеге өте мол. Екеуі де адал өмір сүріп, ұлтқа, жұртқа қызмет етудің ерен үлгісін танытып, жас ұрпақты елі мен жерін сүюді, ел басына күн туғанда Отанды қалай қорғауды кейінгіге өсиет ете білді. Бауыржан мен Құрманбектің Ұлы Отан соғысында да Панфилов атындағы даңқты гвардиялық дивизияда бірге болуы – өз алдына бөлек тақырып.
Қара шаңырақтағы тағылымды кездесу кеші
Ұлт ардақтысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-аудармашы, Жуалының төл перзенті Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына орай өткен аптада аудан әкімдігінің және қайраткердің туған-туыстарының бастамасымен тұлғаның өнегелі өмір жолына арналған жас ұрпақ үлгі аларлықтай тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Игі шара ауданға қарасты Шақпақата ауылындағы орта мектептен бастау алды. Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылындағы №4 орта мектеп бүгінде Құрманбек Сағындықовтың есімімен аталады.
1996 жылы бұл мектепке қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы Құрманбек Сағындықовтың есімі берілген. Мектепте қайраткер атындағы музей жұмыс істейді. Онда Қ.Сағындықовтың фотосуреттері мен қолжазбалары, орден-медальдары, т.б. көзі тірісінде қолданған жеке заттары қойылған.
Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына арналған түлектермен кездесу кешіне құрметті қонақ ретінде қатысқан азаматтардың барлығы қайраткердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, тұлғаның өмір жолынан жас ұрпақ тағылым алу қажеттігін баса айтты.
Шара басталмас бұрын мектепте Құрманбек Сағындықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Даңқ» залының таныстырылымы болып, онда қонақтар қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы Қ.Сағындықовтың жеке заттарымен, аударма жасаған кітаптарымен және фотоальбомдарымен, т.б. кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Тағылымды іс-шара ары қарай мектептің акт залында түлектер кездесуімен жалғасты. Қ.Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға шақырылған қонақтардың арасында – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Мұхтар Тінәсілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күміс Пармашқызы, жазушы, жерлес жазушылар Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Сүйінбай, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібайұлы, жазушы-журналист Исахан Ақылбеков, т.б. бар.
Қайраткер атындағы қара шаңырақтағы тағылымды кездесу кешін Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев құттықтау сөзбен ашып, Құрманбек Сағындықовтың өмір жолының өнегеге толы екенін айтып, мектеп түлектерінің ел дамуына қосып отырған үлестерін ерекше атап өтті.
Кездесу кешінде сөз сөйлеген академик Мұхтар Тінәсілі қайраткер Құрманбек Сағындықовтың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін айтса, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан қайраткердің радио-телевидение саласының дамуына қосқан, ұлт руханиятына сіңірген еңбектерін ерекше атап өтті.
Ал, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Қ.Сағындықовтың немере қарындасы Күміс Пармашқызы тебірене сөз сөйледі.
– Құрметті көпшілік, қадірлі жерлестер! Бүгін міне, біз ұлт ардақтысы Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толған тағылымды іс-шараға жиналып отырмыз. Қайраткердің өмірінен жас ұрпақтың тағылым аларлық тұстары өте көп. Оның ең біріншісі, Ағаның бойында білім-ғылымға, ізденіс пен еңбекке құштарлығы өте жоғары болатын. Ол кезде қазіргідей жағдай қайдан болсын?! Құрманбек аға ел өміріндегі қиын-қыстау кезде қысылып-қымтырыла жүріп қиындықпен оқып, білім алды. Оны кейіннен адал еңбекпен ұштастырып, ұлт руханияты мен мәдениеті үшін аянбай тер төкті. Бірқатар баспада басшы болып, кейінннен елдің радио-телевидение саласын басқарды. Ағаның аудармашылық қыры туралы ерекше бөліп, жарып айтуға болады. Құрманбек ағаның ешкімнен тайсалмай, шындықты бетке айтатын турашыл мінезі болатын. Осы қыры оны басқалардан ерекшелеп тұрушы еді.
Ал Ағаның Батыр Бауыржан Момышұлымен достығы өте ерекше еді. Екеуі де достыққа, сертке адал болды. Балаларын да осыған тәрбиеледі. Қазір де екі қайраткердің ұрпақтары аталарының достығын лайықты жалғастырып келеді. Ұлылар ұлағатынан жас ұрпақ тағылым алса, одан біз ұтылмаймыз. Қайраткер атындағы мектептің ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, шәкірттердің зейінді, алғыр болуларына шын жүректен тілектестік білдіремін,- деді ардагер ұстаз Күміс Пармашқызы.
Жиында сөз сөйлеген жерлес жазушылар Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Сүйінбай, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібайұлы, жазушы-журналист Исахан Ақылбеков, т.б. азаматтар қайраткер Құрманбектің ерекше қырлары мен елге сіңірген еңбегін тебірене әңгімеледі.
Айта кету керек, кездесу кешінде Құрманбек Сағындықовтың есімімен аталатын мектепті әр жылдары бітірген түлектердің арасынан кәсіпкер Нұрбақыт Тілегенов, аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдивайтов, аудандық ТЖБ-ның №7 Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Берік Кайпов сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірді. Сонымен қоса, қазір де аталған мектепте өнер-білімге, спортқа бейім, осы жолда жоғары жетістікке жеткен шәкірттер жетерлік. Бірі ақыл-ой бәсекесінде озып шықса, енді бірі өнерімен танылса, ал енді бірі спорт додаларында үздік нәтиже көрсетуде.
Атап айтсақ, ағымдағы айдың басында мектеп оқушыларынан жасақталған волейбол командасы Алматы қаласында өткен «Ауыл спорт-2025» республикалық турнирінде баскетболдан өткен Жамбыл облысының чемпионатында ұлдар командасы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 33 жылдығына арналған жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткізілген облыстық «Алау» спорттық ойынына қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
«Ауыл спорт-2025» турнирінде 17 облыстан келген үздік волейбол командаларының арасында «Шақпақ» волейбол командасы жоғары ойын өрнегін көрсетіп, күміс жүлдеге, баскетболдан облыс чемпионатында ұлдар командасы III орын, ал «Алау» спорттық ойынына қатысқан оқушылар Бас жүлдені иеленді. Қайраткер өміріне арналған кездесу кешінде спорттық ойындарда жүлде иеленген командалар салтанатты жағдайда марапатталып, оларға сый-сияпат табысталды.
Елі барда ер есімі ұмытылмайды…
Ұлт ардақтысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы-аудармашы, Жуалының төл перзенті Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына орайластырылған іс-шаралар легі сол күні түстен соң ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде жалғасын тауып, «Елі барда ер есімі ұмытылмайды» тақырыбында еске алу кеші ұйымдастырылды. Онда жұртшылық назарына қайраткер өміріне арналған бейнеролик, театр көрінісі көрсетіліп, ән-күй орындалды.
Еске алу кешінің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Асабаевқа берілді.
– Құрметті жерлестер! Қадірлі қонақтар!
Биыл белгілі қаламгер, жазушы-аудармашы, журналист және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мәдениет қайраткері Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толып отыр. Құрманбек Сағындықұлының есімі даңқты батыр, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлымен байланысты. Ұлылар арасындағы адал достық кімге болса да үлгі. Қаламгердің артында қалған оншақты хаттың алғашқысы бір сыныпта оқып, бірге өскен сырлас, тату досы аңызға айналған әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының атына арналып жазылғанын мақтанышпен айтамыз.
Құрманбек Сағындықұлы сөзге ұсталығының, кітапты көп оқитындығының арқасында өзінің замандастары арасында тым ерте танылған, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударудың асқан шебері болған тұлға. Ол журналистік қызмет жолын Жуалы аудандық «Таусағыз» газетінен бастап, атақты баспаларда басшылық қызмет атқара жүріп, әлемдік классиканың бірқатар тамаша үлгілерін ана тілге аударған алғашқы журналист.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын бірінші редакциялаушы, орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының екі тілде қатар жазылуына өз үлесін қосқан Құрманбек Сағындықұлының Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғауға қатысып, майдан журналистикасын қалыптастырудағы еңбегі зор. Ол майдан даласындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігін баспа бетінде жариялап, жігерлендіріп отырған.
Құрманбек Сағындықов еңбегінің елеусіз қалмай, «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» және «Халықтар достығы» ордендерінің иегері атануы, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкері марапатына да лайықты деп танылуы – бүкіл қазақ халқы үшін үлкен абырой.
Бүгінгі іс-шара туған жерінің өз ұлын мақтаныш етіп, жас ұрпаққа үлгі етуінің бір айғағы. Өз заманының алыбы Құрманбек Сағындықұлының ұрпаққа қалдырған мол рухани мұрасы мен есімі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады,- деді Айдос Құттыбайұлы.
Еске алу кешінде Қ.Сағындықовтың 115 жылдығына арналған аудандық шығармашылық байқаудың жүлдегерлері марапатталды.
Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына арналған кеште сөз сөйлеген облыстық «Жамбыл» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ернұр Бураханның мерейтойға орай жолдаған Құттықтаухатын табыстады.
Сондай-ақ, жиында экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Мұхтар Тінәсілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күміс Пармашқызы, жерлес жазушылар, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Сүйінбай, суретші Нұрлан Шилібайұлы, жазушы-журналист Исахан Ақылбеков, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіт, облыс ардагерлерінің «Ғұмыр-дария» газетінің редакторы Жаңабай Миллионов құттықтау сөз сөйлеп, қайраткер Қ.Сағындықовтың тағылымды өмір жолының ерекше тұстары, тұлғаның елге сіңірген еңбегі туралы тебірене айтып, есімі ел жадында қайта жаңғырғаны – ұлт руханиятының жеңісі екенін жеткізді.
Кеште Қ.Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына орай Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы түсірген «Тау алыстаған сайын биіктей түседі…» атты деректі фильмнің тұсауы кесіліп, жұртшылыққа ұсынылды.
Бір сөзбен айтқанда, Құрманбек Сағындықовтың туғанына 115 жыл толуына арналған іс-шаралардан көпшіліктің мол тағылым алғаны анық…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»
