Basty bet

Сүт өңдеу цехындағы қызу жұмыс

жеке кәсіпкер ендігі кезекте айран өндірісін қолға алмақ

Баршамызға мәлім, біздің халық үшін сүттің орны бөлек. Қазақ қашаннан «Ақ мол болсын» деп, сүт өнімдерінің қадіріне ерекше мән берген. Сүт өнімдерін пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткішті бұдан әрі көбейту қажеттілігі туындайтыны айқын. Сүт өнімдерін өндіруде аудан орталығында орналасқан «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехының да айтарлықтай үлесі бар. Мұратбек Нысанов басқаратын цех жұмысы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отыр. Жаңа істің көзін табуға ұмтылған кәсіпкер 2021 жылы шағын цех ашқан.

– «Сүт өңдейтін цехқа қажетті қондырғыларды Ресей Федерациясынан 16 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, сеператор, сары май дайындайтын аппарат және өзге құрылғылар жеткілікті. Цехты ашу үшін шамамен 40 миллиондай қаржы жұмсадық. Әрине, кіріс кіруі үшін алдымен шығындануға тура келеді. Бастысы цех жұмысы бүгінде айтарлықтай нәтиже бере бастағаны көңіл қуантады»,- дейді кәсіпкер азамат Мұратбек Нысанов шағын сүт цехын ашу оңайға соқпағанын тілге тиек етіп.
Кәсіпкердің айтуынша, цех жұмысын жүйелеу үшін негізінен жергілікті мамандар жұмысқа тартылған. Олар өз кезегінде ауысыммен еңбек етеді. Ал мұнда өндірілген өнім негізінен ішкі нарықты қамтиды.
«Біз мамандарды таңдауда негізінен жергілікті тұрғындарға басымдық бердік. Бүгінгі күні ауылдың жеті бірдей азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар тиісінше ауысыммен жұмыс істейді. Орта есеппен жалақылары – 100 мың теңгеден жоғары. Бір қуаныштысы, жұмысқа қабылданған азаматтардың барлығы өз ісін жетік білетін мамандар. Сондықтан жұмыс барысында айтарлықтай мәселе жоқ.
Цехта технолог, зертханашы, май дайындаушы, сүт қабылдаушы секілді мамандармен бірге әртүрлі жұмыстарды жүзеге асыратын қызметкерлеріміз бар. Олар жұмысқа арналған арнайы киіммен толықтай қамтылған. Бастысы, санитарлық талаптар, техникалық қауіпсіздік секілді ережелер қатаң сақталған. Қызметкерлердің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны қуантады», -дейді кәсіпкер.
М.Нысановтың айтуынша, цех қызметкерлері ауданға қарасты ауылдардан тәулігіне екі тонна сүт қабылдайды екен. Цехта өндірілген өнімдер аудан орталығындағы дүкендерге өткізіледі. Сонымен қатар, Тараз және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Бүгінде ірімшік, май, қаймақ өндіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта айран өндіру жұмыстарын қолға алуға бекініп отыр.
Салада ширек ғасырлық еңбек өтілі бар технолог Татьяна Жуковская өнім өндірудің өзіне тән машақаты мол екенін айтады. Расында да технолог маманнан бастап, білек сыбанып тер төгіп жатқан өзге мамандарды көргенде жұмыс үдерісінің оңай еместігін бірден түсінесің. Сүт қабылдау кезеңінен бастап, сүт өңдеу үдерісінің басы-қасында жүретін мамандардың еңбегі адал.
Иә, цехтың бір бөлімінде құрт, енді бір бөлімінде сүзбе, ірімшік жасап жатқан қызметкерлердің маңайына мойын бұруға мұршасы жоқ екендігі көрініп-ақ тұр. «Адал еңбек бәрін жеңбек» дегеннің мәнін осындайда түсінесің. Жұмысы жолға қойылған шағын цехта басқа да өнімдерді өндіретін күн алыс емес. Оған күмән да жоқ.
Алайда, кәсіпкер дастарқанынан құрт-ірімшігі үзілмеген елде сүт индустриясының толық деңгейде ілгерілей алмай отырғандығына алаңдаушылық білдіруде.
Оған себеп — сауда орындарындағы сырттан тасылатын өнімнің күн санап көбейіп бара жатқандығы. Ол үшін өзіміздің сүт өнімдері өндірісін арттырып, бәсекеге қабілеттілікті жоғарылату керек.
Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген жақсы сөз бар. Әрбір істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, барыңды салып еткен еңбектің еш кетпейтініне көзіміз жетіп отыр.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close