Basty bet

«ҰЛТЫМ» ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКПЕН…

Қоғамдық өміріміздің кез келген саласында, сондай-ақ шығармашылық айдынында да халықтық қызмет атқарып, баспасөз бетінде жұрт көкейіндегі өзекжарды мәселелерді қозғай жүріп, көпшілік назарынан өзін тыс ұстайтын тұлғалар сирек болса да бар. Олар «Мен мына істі тындырып тастадым. Сендер неге өйтпейсіңдер, неге бүйтпейсіңдер?» деп кісімсімейді. Ойға алған жұмысының бірін тамамдаған соң келесісін атқарып жүре береді. Сондай санаттағылардың бірі әрі бірегейі – публицист-жазушы, белгілі баспагер, балалар әдебиетін бел-белестерге көтерсем деп жүрген ақжарма пейілді Талғат Айтбайұлы.
Еліміз азаттық алғаннан бері қайсыбір тұста өзінің қалай тәлтіректегенін мақтан тұтып жатады кейбіреулер. Талғат Кеңестік жүйе ауызға құлып, қолға кісен салып тұрған кезеңде-ақ дауыс көтерген азамат.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін жастарымызды ақ-қарасына қарамай түрмеге тоғытып, үні естілген зиялыларымызды жауапқа тартып, қызметтерінен қудалап жатқан тұста Т.Айтбайұлы «Алматы 1986 Желтоқсан» атты айғақ-кітапты қазақ және орыс тілдерінде әрқайсысы 80 мың данамен алғаш жарыққа шығарып, көтеріліс барысында жәбірленгендерді бір серпілтіп тастауға ерекше құлшыныс көрсеткен. Кітапты шығаруға заңгер, марқұм Тойболды Зейнәбілов қолұшын берді. Қазақстан Жазушылар одағы жанында сол жылдары жұмыс істеп тұрған «Аударма» баспасының директоры, көрнекті сықақшы жазушы Ғаббас Қабышұлының саясаттан сескенбей, идеологиядан именбей, кітапты жедел шығаруға жол ашқаны ерлікке пара-пар әрекет еді. Шағын кітаптарды томға ұластырған жанкешті, ұлтжанды Талғат айғақ-кітаптың 16 томын оқырмандар қолына беріп, қазіргі таңда он жетінші томын асыға күткен оқырмандарға ұсыну үшін жұмыс үстінде. Жүрегі «ұлтым» деп соққан ол бұл басылымдарды халыққа жеткізсем деп өз қалтасын өзі – «тесті», бала-шағаларының аузын тәтті-дәмдіден қақты. Сол томдардың кейбіріне қазақ намысты қалталылар азды-көпті көмек бергені рас. Осы ретте «Дәуір» баспасынан төрт томын ғана «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен мемлекеттік тапсырыс бойынша шығаруға қол жеткізгені де – үлкен жеңіс.
– Талғат-ау, осынша азапты арқалауға сені кім итермеледі? – дейміз ғой.
– Айғақ кітаптың алғашқы нұсқасын ынтыға қабылдаған халықтың ықыласы мені жігерлендірді. Оның үстіне, аса ұлтжанды қаламгер ағамыз, марқұм Ақселеу Сейдімбектің: «Талғат, Желтоқсан – қазағымыздың 1916 жылғы ақ патшаға қарсылық жасаған көтерілісі емес, күні кеше ғана өткен қанды қасірет. Оның қалай тұтанып, кімдердің қандай рөл ойнағанын айтып та, жазып та беретіндер арамызда көп. Бұл тақырыпты ақыры құлшына қолға алған екенсің, жүз том болса да тоқтатпай шығара бер», – деп қолтығымнан демеген ағалық ақ тілегі айрықша қанаттандырды. Енді бір-бірін қайталамайтын 16 томның ішіндегі материалдарды іріктеп пайдаланатын жанкешті киногерлер табылса, көп сериялы «Ұлт қасіреті» фильмін түсірулеріне әбден болады.
– Әдетте мұндай мәні терең, ұлт үшін берері көп кітапты жинақтаушылар, құрастырушылар мен шығарушылар ырғын пайда табатынын естуші едік.
– Мен әлі күнге дейін нан, шай пұлы үшін емес, ұлт тағдырына қасқалдақтың қанындай болса да үлес қоссам деп тыраштанатын азапты жолдамын…
Талғат қолжазбаларын қолтықтап баспалардың табалдырығын тоздыра бергісі келмеді. «Ұтылғаннан ұмтылған жақсы» ұстанымымен «Тоғанай Т» баспасын ашудағы мақсаты да сол еді. Енді өз кітаптарын ғана емес, талпыныс танытқан өзгелердің жинақтарын да жарқыратып шығарып беріп, алғыстарына бөленіп жүрген жайы бар. Бірақ қалтасы томпайып, талтаң басып жүргенін әлі көрмеппін. Алғашқыда оншақты кітап шығарғанды місе тұтқан «Тоғанай Т» өнімінің сапасына байланысты болса керек, кейінгі уақытта жылына 200-250 аталым рухани қазыналарды жұртшылықпен қауыштыруға дағдыланған. Арасында орындалуы аса күрделі фотоальбомдар мен шежіре кітаптар да бар. Мемлекеттік тапсырыстарды да мерзімінде тап-тұйнақтай етіп шығарып, иелеріне табыстап жатады. Көпшілік сұранысына ие, жұртшылықтың жанын ауыртатын шығармаларды жария жасауға ұрынып жүретіні де бар. Шымкент қаласының іргесінде болған әскери ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшыраған шекарашы боздақтар туралы қабырғасы қайысқандар боздап отырып жазған «Қайсар рухты қырандар» – «Команда ушедшая в небо» атты қазақ-орыс тілдеріндегі естеліктер жинағын іздеу салып жүріп тілектестіктеріне түзгізген де – осы Талғат Айтбайұлы. Өмірінің соңында із-түзсіз жоғалып кеткен атақты суретші Мағауия Аманжоловтың, сондай-ақ Жұрат Сыдықовтың фотоальбомдарын, көрнекті бейімбеттанушы, ғалым-жазушы Тоқтар Бейісқұловтың 9 томдығын, жұртшылыққа кеңінен танымал қаламгерлер Қалаубек Тұрсынқұлов, Жәрдем Кейкін, сатира сардарлары Ғаббас Қабышұлы мен Кемелбек Шаматаевтың кітаптарын, оқырмандарының көкейіне ыстық ұялаған ақын әрі жазушы Ханбибі Есенқарақызының топтамаларын, басқа да қаншама әдеби-көркем, публицистикалық шығармалардың тұсауын кестірген де – «Тоғанай Т» баспасы.
Талғатты таңертең де, кешке де кездестірсең, танауына су жетпей асығып бара жатады. Іші қолжазбаларға толы портфелі қолынан түспейді. Қайсыбір шаруаларына қосарлана шабатынымыз бар. Ондайда жалдамалы төрт дөңгелектілерге мойынсынамыз. Барар жерге жеткен соң жүргізушіге жолақысын ұсынып жатқанында:
– Талғат аға, мен сізден ақша алмаймын. Сіздің «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне қазақтың жерін сатуға қарсылық танытқан, тұсалған тіліміздің тағдырына қабырғаңыз қайыса тіл қатып, жастарымыздың баспанасыздық, әлеуметтік тұрғыдан теңсіздік құрсауында жүргендері туралы жазған жанайқай мақалаларыңызды жиі оқимын. Сіз қаймықпай жаза беріңіз, қайда болса да ақысыз жеткізуге дайынмын, – дейді Жұмат есімді қырмасақал азамат.
Келесі бір сапарда:
– Сіз 1986 жылғы желтоқсандықтарды жақтап үлкен мінберлерден, радиодан, теледидардан әркез дауыс көтеріп жатасыз. Соныңызға ризамыз. Шақырып шай берудің реті келмей жүр еді. Маған бұйыртар жолақысына серіктесіңізбен бірге шөлбасар жасаңыз. – Бұл машина рөліндегі Сенбек есімді жігіттің сыйы. Мұндай ақжарма жүректілерді Айтбайұлымен тамырласа жүрсеңіз, әркез ұшырастырасыз.
…Бірде көшеде келе жатып, үш-төрт келіншектің қоршауында қалдық. Алғашында: «Олар – төртеу, біз – екеу-ақпыз…» деп «дәмелене» күдіктенгеніміз де рас. «Қоршаудың» мәнісін кейін түсіндік.
– Мен осы қаладағы бастауыш мектепте мұғаліммін. Сіздің «Жыл – он екі ай» журналына жариялаған «Әліппемен қоштасу» монтажды сценарийіңіз бойынша ұл-қыздарым қойылым өткізіп, ата-аналардың ризашылығына кенелдім, – дейді Гүлсім атты толықша келген қараторысы.
– Оны жазған авторлар – өздеріңіз секілді мұғалімдер ғой, – дейді Талғат күле қарап.
– Мектептерде өтетін даталы мерекелерде сіздің сол журналыңыз жұмысымызды жеңілдетеді. «Аналар мерекесіне» сценарийіңізді орта сынып оқушыларына орындатып, аудан мектептері арасында жүлделі атанғаным бар. – Бұл – Балым есімді ұзын шаштының мақтанышы.
– Журналды шығарудағы мақсатым – балғын оқырмандарға азды-көпті көмек болсын дегендік. Қайсыбір мектептегі ұстаздардың методикалық нұсқау құрал, әдеби-танымдық кітап ретінде пайдаланатындарын да естіп жатамыз. Балаң ойлы шәкірттерге септігі тиіп, мұғалімдерінің көңілдерінен шығып жатса, маңдай теріміздің ақталғаны ғой, – дейді альманахтың бас редакторы.
– Мектеп жасындағыларға лайық шағын, тәлім-тағылымы мол әңгіме, өлең-жырларды, өзге де шығармалардың мазмұнын ашар суреттермен толықтырып, талғап жинақтайсыздар. Анаға, апаға, әжеге, әкеге арналған тақпақтарды да көптеп кездестіреміз. Басылымның тілі де ұнайды. Тіпті үлкендердің өздері де қызығып оқитын материалдар аз емес. – Бұл – Шәйзаданың лебізі.
– Бұрынырақтағы басылымдарда жарияланған қайсыбір көркемдігі ескірмейтін тақпақтарды қайталап бастырамыз, болмаса тапсырыспен балалар әдебиеті өкілдеріне қолқа салдырамыз. Ұсыныс, пікір білдірушілердің талап-тілектерін орындауға тырысудамыз. Жанашырлықтарыңызға рахмет, – дейді журнал шығарушының өзі.
Кеңес дәуірінде «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары қатарлы «Жыл – он екі ай» басылымы да бастауыш сынып оқушылары мен ұстаздарының қолдарынан түспейтін құнды кітап болған. Азаттық алғаннан кейінгі жылдары әдеби-танымдық күнпарақ жинақ іздеушісіз қалды. «Бар жақсымыз – балаларға» деп ұрандайтын үкіметіміздің де, өкіметіміздің де өкпесі өшіп, жеткіншектерді бастарынан сипауға да шамалары келмей абдырады. Қаржы жетімсіздігі күшейіп, халықтың әлеуметтік жағдайларын қайта қалыптастыруға қолбайлау болса, рухани құндылықтары ысырылып тасталған кезең еді. Тақырыптық жоспармен жұмыс істейтін баспалар мен баспаханалар өнімдері бірнеше есеге қысқартылды. Бірақ көзі ашық жас ұрпақ рухани жан азығын қажет етуін тоқтатпады. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінің тұрақты авторы бола жүріп, ондағы оқырмандар тарапынан күнбе-күн түсіп жатқан талап-тілектерді жадында жұптап жүрген Талғат Айтбайұлы балғын оқырмандардың ұсыныстарынан нәтиже шығарып, 2001 жылы «Жыл – он екі ай» альманағын олармен қайта қауыштырды. Бастапқы жылдары басылымды әр тоқсан сайын шығарып тұрса, екі-үш жылдан кейін түрлі-түсті бояумен екі айда бір жер-жердегі жаздырып алушыларды қуантатын журналға айналдырды. Әдебиет, мәдениет, өнер, тарихымыздың көрнекті өкілдері хақында оқырмандарды танымына лайық ақпараттармен сусындататын басылым мазмұнданған үстіне мазмұндана түсті. Шағын әңгімелер, жұмбақтар, жаңылтпаштармен бірге «Ертегілер елінде», «Қожанасыр айтыпты», «Мақал – сөздің мәйегі», «Дін-ісләм дәрістері», «Шынашақ», «45 минуттың қызықтары» айдарлары арқылы белгілі балалар жазушылары мен ақындарының қызықты дүниелерімен бірге басқа да ұлт қаламгерлерінің шығармаларын мазмұнын ашатын бейнелі суреттермен безендіріп жариялайды. Әлбетте, содан кейін даталы күндерге, жыл мезгілдеріне, мектептің ішкі іс-шараларына орайластыра мұғалімдердің өздері жүйелеп жазған монтаждарын тәрбие ісінің игілігіне пайдаланып жүрген мұғалім қыз-келіншектердің Талғатты қоршауға алатын жөні бар.
Біз Т.Айтбайұлының қаламынан туындаған повесть, әңгімелері туралы ой толғауды кейінге қалдыра тұрып, немересі Зейінмен арада болған бір сәттік езутартарына көңіл аудардық.
«…Зейінді үш жасқа аяқ баса балабақшаға бердік. Әуелгіде қалай болар екен деп елегізген едік, жоқ, тез үйреніп кетті. Оған тәрбиеші апайының да ықпалы болды-ау.
Өзінің тілі тәтті, былдырлап сөйлей береді. Бір күні сөзін қызықтап:
– Зейін, Жәния апайың қалай, ұрыспай ма? – дедім сұраулы түрде.
– Түскі тамақтан кейін: «Жат, жат. Көзіңді жұм дейді», – деді бала көңілімен.
– Онда апайың бұзық екен ғой, – дедім күліп.
– Иә, бұзық.
– Сонда, бұзық болғанда не істейді?
– Нан, тамақ жейді. Шәй, су ішеді. Сондай бұзық.
– Әй, Зейін-ай, – деп ал кеп күлейін. – Жәния апайың жаман екен. Бұзық екен.
– Ата, Жәния апай жаман емес, жақсы,– деп шыр-пыр болды Зейін. – Ол – бұзық».
«Бала тілі – бал» демекші, Зейіннің «бұзық» сөзінің мағынасын жете ұғына алмай жатқандығы сенімді-ақ. Әлі үш жасқа толмаған бүлдіршінді қойып, қайсыбір үлкендеріміз «бұзықты» «тәлімсіз», «тәрбиесіз» сөздерімен шатастырып жүреді. Абай атамыз айтқандайын, балапандардың: «білсем, ұқсам, көрсем…» дейтін ынтығы қызықтырады. Ата жасындағы Талғат бүлдіршіндерге тіл үйретудің де өз міндеті екенін сезінген.
Осы тұста кейіпкеріміздің еңбекқорлығының тағы бір ұштығын шығара кетейін. Ол жекеменшік баспахана ашып алуға да қол жеткізген. Оны заман сұранысына сай технология, станоктармен жабдықтаған. Енді баспагер кітап шығару үшін басқаларға жалынбайды. Баспа өнімдерін өзі шығарып, өзгелерден сұраныс қабылдайды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың қазақ ұлты, ұлттық тілі үшін қыршындарынан қиылып, қалғандарының жан азабын да, тән азабын да, жүректеріне түскен жазылмас жараларын да іздене зерделеп, олар жайлы деректі де дәйекті мақалаларды қатал талғаммен том-том кітап етіп жинақтап, қазіргілерге де, кейінгілерге де өнеге болуға ұсынып жатуы – «ұлтым» деп соққан жүрегінің әмірі.
Ал, балаларға, балалар әдебиетіне жанашырлық танытуы – ұлт болашағы – ұрпаққа қамқорлығы. Демек, Талғат – тал бойына қаталдықты да, нәзіктікті де үйлестіре білген қарымды қаламдасымыз.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close