Basty bet
Коронавирустық инфекцияның алдын алу
Covid-2019 – коронавирустың осы уақытқа дейін анықталмаған жаңа түрі. Коронавирустар көбіне жануарларды зақымдайтын вирустар тұқымдасы болып табылады, бірақ кей жағдайда адамға да жұғуы мүмкін. Covid-2019 – коронавирустың адам ағзасына әсер ете алатын жетінші түрі.
Коронавирустың қаупі қандай?
Қалыпты жағдайда Covid-2019 жұқпасынан кейін асқыну қаупі жоқ. Бұл вирус:
– 65 жастан асқан адамдарға;
– бес жасқа дейінгі балаларға;
– жүкті әйелдерге;
– иммунитеті әлсіз не жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп туғызуы ықтимал.
Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда вирус өлімге әкеледі.
Covid-2019 симптомдары:
Коронавирус кәдімгі тұмау тәрізді болғандықтан, оның алғашқы белгілерін көп адам байқай бермейді. Дегенмен, дәрігерлер келесі симптомдар білінсе, бірден дабыл қағуға кеңес береді:
– дене қызуының көтерілуі, жоғары температура;
– құрғақ, қатты жөтел;
– бастың ауруы;
– кеуде тұсының ауруы;
– ентікпе және тыныс алудың бұзылуы;
– жүрек қағысының жиілеуі;
– пневмония;
– безгек;
– мұрынның бітуі;
– фарингит;
– диарея.
Коронавирус қалай жұғады?
Коронавирус респираторлық жолмен жұғады.
Covid-2019 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз әбден мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан келесі адамға жөтелгенде не түшкіргенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Бұл тамшылар заттардың бетіне, есік тұтқасына түседі. Ол заттарды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе, ауруды жұқтырады. Сондықтан, коронавирусқа шалдыққан адамнан 1 метрден аса қашықтықта жүру маңызды. Қазіргі уақытта ғалымдар вирустың заттардың бетінде қанша уақыт тіршілік ететінін анықтауда. Вирус бір сағаттан бірнеше күнге дейін өміршеңдігін сақтай алады деген болжам бар. Сондықтан, вирусты өлтіру және олардың адамға жұғуына жол бермеу үшін қарапайым дезинфекциялаушы заттарды қолдануға болады.
Коронавирустан қалай сақтану керек?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекцияның алдын алуға беретін кеңестері:
– Қолды әр жарты сағат сайын 20 секунд бойы сабындап жуу;
– Микробтарды өлтіруге антисептик көмектеседі. Медициналық спирт те қолдануға жарайды. Егер спиртке аллергия бар болса, санитайзерді пайдаланыңыз;
– Түшкіргенде және жөтелгенде мұрын-аузыңызды қағаз майлықпен не шынтағыңызбен жабыңыз. Содан кейін майлықты жабық контейнерге тастап, қолыңызды жуыңыз;
– Қолыңызды көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға тигізбеңіз, бұлар вирустың “кіріс қақпасы” саналады;
– Жөтел, жоғары температура және тыныс алу мүшелері ауруларының басқа симптомдары бар адамдардан аулақ жүріңіз;
– Адам көп жиналатын қоғамдық орындарға, той-томалақ, жиындарға бармай, үйде отыруға тырысыңыз;
– Адамдармен қол алыспай, қашықтықтан амандасқан жөн;
– Іссапардан бас тартып, әлем бойынша саяхатты шектеңіз;
– Үйдің терезесін жиі ашып, ауаны тазартып тұрыңыз;
– Қоғамдық көлікті жиі пайдаланбаған жөн;
– Қолма-қол ақшадан бас тартып, төлемді мүмкіндігінше банк картасы арқылы жасаңыз;
– Бөлмені жиі желдетіңіз;
– Табиғат пен фермалардағы жануарлардан аулақ жүріңіз;
– Ет пен жұмыртқаны ұзақ уақыт қайнатып не пісіріңіз, яғни, шала піскен күйінде тұтынбаңыз;
– Температура көтерілгенде, жөтелгенде және тыныс алу қиындағанда дереу медициналық жәрдемге жүгініңіз;
– Иммунитетіңізді нығайтып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Ақуыздарға, дәрумендерге және минералды заттарға бай тағамдарды тұтыныңыз.
– Екпе алуға шақырамыз
Құрметті аудан тұрғындары сіздерден сұранарымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік» дегім келеді.
Гүлшат Шохатова,
аудандық орталық ауруханасының профилактика бөлімінің «Сенім» жастар денсаулық орталығының медбикесі