Basty bet

Сана, пиғыл өзгермейінше, қоғам да өзгермейді

Сәрсенбі күні Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округінде аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен өткен отырыста ауылдық округ әкімдері өз ауыл-аймағында гендерлік саясат және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі жұмысты жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады.
Бәйтерек ауылында өткен отырыста ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Исабек Камалов және аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Дияс Үсіпбаев баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың төрт айында аудан аумағында отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты 47 қорғау нұсқамасы шығарылған.
Жуалы АПБ-ның жеке құрамымен қызмет атқару барысында аудандық соттың қаулысымен жалпы 9 ерекше талап есепке қойылған.
-ҚР ӘҚБтК 73-бабымен көзделген отбасылық қарым-қатынаста құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін жалпы 44 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әйелдерге және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жаза қатаңдатылуда.
2024 жылғы 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу; денсаулыққа ауыр зиян келтіру ҚР ҚК 106-бабы бойынша тек бас бостандығынан айыру; денсаулыққа орташа зиян келтіру тек бас бостандығынан айыру; педофилия өмір бойына бас бостандығынан айыру; кәмелетке толмаған адамды өлтіру өмір бойына бас бостандығынан айыру; өзін-өзі өлтіруге итермелеу 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары белгіленіп, 2024 жылдың маусым айының 15-ші жұлдызынан бастап заңды күшіне енеді,- деді Д.Өмірзақұлы. Осы ретте Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологы Айгүл Дәрібаева орталықтың жұмыс бағыттарымен таныстырып өтті. Айгүл Махамбетқызы отбасылық зорлық-зомбылық көбінде ішімдіктің, қызғаныш сезімінің және жұмыссыздықтың салдарынан орын алатынына тоқталды.
Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов және аналар алқасының төрағасы Шолпан Шымырова кеңестің жұмысы мен ауылдық округтегі саяси тұрақтылық ахуал туралы қысқаша баяндады.
Отырыста Қосбөлтек ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Күнсұлу Қамбарова өзінің өмірлік, кәсіпкерлік және бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен, ұстанымымен бөлісті. Күнсұлу Мұханқызы балаға отбасында кісімен амандасуды, ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, тазалықты, адалдықты үйретудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге өзінің наубайханасындағы әйел-аналарға рухани, материалдық тұрғыдағы қамқорлығы жайлы айта келіп, әйел-аналарды таза, иманды, адал, еңбекқор болуға шақырды. Себебі, әйел – отбасының ғана емес, ұлттың тәрбиешісі.
Комиссия төрағасы Анар Садыққызы да отбасында әкенің, ананың орны, баланы мейірімді, ақылды, еңбекқор етіп тәрбиелеуде ананың ақыл-парасатының, ұстамдылығының рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, ұлағатты ұстаз, Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Гауһар Тәжікенова “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген даналық сөздің төңірегінде әңгіме өрбітті.
Анар Садыққызы ауылдық округтегі ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесіне және зиялы қауым өкілдеріне ұрпақ тәрбиесіне немқұрайдылық, дәрменсіздік танытпай, ауылда жас отбасылар, жастар, жас келіндер арасында түрлі тәрбиелік мәні бар, тағылымды шаралар ұйымдастырып, қажет жерінде ақыл айтып, оларды имандылыққа, сауатты, мәдениетті болуға тәрбиелеуге шақырды.
Комиссия отырысын Анар Садыққызы бала тәрбиесіндегі, қоғамдағы келеңсіздіктерді түзеудің жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мықты ел болу үшін халықтың, яғни адамның сана-сезімі жаңғыруы, пиғыл-ниеті өзгеруі қажет деген пікірімен қорытындылады.
***
Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылдық клубында өткен комиссия отырысында ауыл әкімі Марат Қасымбеков ауыл әйелдерінің тыныс-тіршілігі туралы, аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Ғазиза Егізбаева әйелдердің репродуктивті денсаулығы жайлы баяндама жасады.
Сонымен бірге ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров пен аналар алқасының төрағасы Мейрамкүл Сувалиева кеңестің жұмысы жайлы баяндады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, билер кеңесінің төрағасы М.Рахметов, кәсіпкер К.Қамбарова да өмірлік тәжірибелерімен, көрген-білген, көңілге түйген дүниелерімен бөлісті.
Анар Садыққызы отырыс барысында ауылдағы зиялы қауым өкілдеріне бала тәрбиесіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close