Basty bet
Құнды жәдігерлермен танысты
Жақында аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы аудандағы тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.
Редакция ұжымын ауданымызға белгілі тарихшы, мұражай қызметкері Дәулетжан Байдалиев қарсы алып, Жуалының көне тарихынан сыр шертетін, тарихи бұйымдармен, балбал тастармен, Жуалы өңірінің қасиетті жерлерімен таныстырды.
Музейдің бірінші үлкен тарихи археология залында адамзат баласының алғашқы қоғамдастық дәуірінен Қазақ хандығы кезеңінің аралығындағы жәдігерлер жинақталған. Мұнда, полеолит дәуіріндегі ежелгі тас құралдарынан бастап орта ғасырлардағы Жуалы аймағындағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шавғар, Баркуаб, Шақпақ, Қырықкүрзі қалашықтарынан табылған тарихи жәдігерлер қойылған.
Екінші «Рухани жаңғыру» залында ауданымыздың құрылу тарихы, мемлекеттік тізімге енген тарихи-мәдени нысандар, аудан аймағындағы киелі орындар туралы ветриналар қойылған. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық ойындарымыз бен ұлттық қолөнерімізді насихаттайтын жәдігерлер орын алған.
Одан бөлек, үшінші кезекте «Батырлар залы» Жуалы ауданынан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Социалистік Еңбек Ерлері, генералдардың портреттері мен өмірдерегі туралы мәліметтер орналастырылған.
Сондай-ақ, тарихшы Дәулетжан Байдалиевтің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда бұл залда Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқандар туралы материалдар және ауданның түрлі саладағы белгілі тұлғалары туралы мәліметтер жинастырылып жатқан көрінеді.
Саяхаттан жақсы әсер алған саяхатшылар бір сәтке тарих қойнауына еніп кеткендей күй кешіп, «Рухани жаңғыру» залына қойылған үлкен пікірлер кітапшасына алған әсерлерін жазып қалдырды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»