Basty bet
Адал еңбекпен абыройға бөленген азамат
«Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» дейді халқымыз. Расында да, қай кезеңде болсын, елдің дамуы мен қоғамның өркендеуі адал еңбек еткен азаматтардың қажырлы ісімен тығыз байланысты. Әсіресе ауылдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының орны ерекше. Олар маңдай терімен нәпақасын тауып қана қоймай, өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі арқылы кейінгі буынға үлгі өнеге көрсетіп келеді. Осындай еңбекқор азаматтардың бірі – Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Айдархан Әсібеков.
Айдархан Әсібеков Қайрат ауылында дүниеге келіп, осы ауылдағы орта мектепте білім алады. Мектеп қабырғасынан-ақ еңбекке жақын болып өскен ол техникаға ерекше қызығушылық танытады. Әсіресе трактор мен ауыл шаруашылығы техникаларына деген құштарлығы ерте оянып, болашақ мамандығын таңдауға ықпал етеді.
Орта мектепті тәмамдаған соң Түлкібас ауданындағы (баяғы Ванновка) гидромелиоративтік техникумына оқуға түсіп, дәнекерлеуші мамандығын меңгереді. Студенттік жылдары білім алып қана қоймай, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, әскер қатарында шыңдалған жас жігіт тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке үйреніп, өмірлік тәжірибе жинақтайды.
Әскерден оралғаннан кейін еңбек жолын туған ауылындағы колхозда тракторшы әрі дәнекерлеуші болып бастайды. Ол кезде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап ететін. Егін егу, жер жырту, техникаларды уақтылы жөндеу, шаруашылық жұмыстарының тоқтаусыз жүруіне үлес қосу – барлығы тракторшы мен дәнекерлеушінің біліктілігіне байланысты болатын. Айдархан осы міндеттердің барлығын адал атқарып, әріптестері мен ауыл тұрғындарының сеніміне ие болды.
2002 жылдан бастап аудандағы «Жасыл Жуалы» мекемесінде тракторшы және дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Мұнда ол 10 жылға жуық уақыт қызмет атқарып, ауданның көркеюіне, абаттандыру жұмыстарына өзіндік үлесін қосады. Әр маусымда жүктелген жұмысты сапалы орындап, техникалардың үздіксіз жұмыс істеуіне күш салады. Еңбекқорлығының арқасындағы ұжымда сыйлы қызметкерлердің біріне айналады.
Ал, 2011 жылы «Жуалы-Су» мекемесіне жұмысқа ауысып, бүгінге дейін осы салада еңбек етіп келеді. Бұл қызметтің де өзіндік жауапкершілігі зор. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі, техникалардың жарамды болуы, апатты жағдайларды дер кезінде қалпына келтіру – күнделікті атқарылатын маңызды жұмыстардың бірі. Айдархан Қазыбекұлы бұл міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап, ауылдастарының алғысына бөленіп келеді.
– Өзім көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Менің алдымда үш әпкем мен екі ағам бар. Үйдің кенжесі болғандықтан, үлкендердің тәрбиесін көріп өстім. Әкем еңбекқорлықты, адалдықты үнемі бойымызға сіңіретін. Кішкентай күнімнен тракторға қызығып, оның қалай жұмыс істейтінін бақылап жүретінмін. Сол қызығушылық кейін өмірлік мамандығыма айналды, – дейді еңбек адамы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қандай жұмысты атқарсаң да, ең алдымен өз ісіңді жақсы көру маңызды. Себебі, сүйіспеншілікпен атқарылған еңбек әрдайым нәтижелі болады. Ол жастарға да адал еңбек етіп, қандай мамандық болса да жауапкершілікпен қарауға кеңес береді.
Айдархан Әсібеков – еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы арқылы ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген азамат. Ол қай істі қолға алса да тиянақтылық пен сапаны бірінші орынға қояды. Жұмыс барысында әріптестеріне қолдау көрсетіп, өзінің көп жылғы тәжірибесін жас мамандармен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Сондықтан ұжым ішінде де, ауылдастары арасында да беделі жоғары.
Кейіпкеріміз жұмысынан бөлек, ауыл тұрғындарына, мектепке және ауыл әкімшілігіне тапсырысқа орындық, қоқыс жәшігін және Қайрат ауылдық мәдениет үйінің алдындағы алтыбақанды өз қолымен жасаған. Одан бөлек, басқа ауыл тұрғындарынан да тапсырыс қабылдайды.
Айдархан Қазыбекұлының көп жылғы еңбегі еш кетпей, көптеген Алғысхаттарға ие болған. Соның ішіндегі ең жоғарғысы 2011 жылы Президенттің атынан Тәуелсіздіктің 20 жылдығына берілген мерейтойлық медалін мақтанышпен айта аламыз.
Отбасында да сыйлы әке, ардақты жан ретінде танылған Айдархан Әсібеков балаларына ең алдымен еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеп келеді. Оның пікірінше, адам өміріндегі ең үлкен байлық – адал еңбекпен келген абырой мен елдің құрметі. Ол отбасында жары Райхан Атабаева екеуі үш ұл және үш қыз тәрбиелеп отыр.
Бүгінде Мемлекет басшысы жариялаған «Еңбек адамы» қағидаты аясында қарапайым еңбек иелерінің қоғамдағы мәртебесі артып келеді. Бұл – елдің өркендеуіне үнсіз үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет. Себебі, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы дәл осындай өз ісіне берілген еңбек адамдарымен тығыз байланысты.
«Еңбек – берекенің бастауы» деген халық даналығы Айдархан Әсібековтің өмір жолынан айқын көрініс табады. Оның саналы ғұмыры туған жерге қызмет етудің, маңдай термен адал еңбек етудің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар. Өз кәсібіне деген адалдығы, жауапкершілігі мен қарапайым болмысы оны ауыл жастарына үлгі болатын азаматтардың қатарына қосып отыр.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»