Basty bet

Зияны көп сусын

Қазақта «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген халық даналығы бар. Естір құлаққа жазық жоқ. Бүгінде энергетикалық сусындардан денсаулығынан айырылып жатқандар саны күн санап артып келеді. Бірі – күніне бірнеше қалбырын ішкеннен тісі құмдай үгітілгеніне шағымданса, енді бірінің жүрегі шыдас бермеген.

Қан қысымын көтеруі мүмкін

Медицина мамандарының зерттеуі бойынша, энергетикалық сусындардың құрамындағы таурин ағзадағы бар дәрумен мен кальцийді әп-сәтте айдап шығару қабілетіне ие. Е120 қоспасы астма, терінің қабынуы, ұйқысыздық, тіпті қатерлі ісіктің тууына да себеп болуы мүмкін. Ал 250 граммдық кез келген энергетикалық сусында кемі 56 грамм қант (8-9 кіші қасық), 75 грамм кофеин (екі кесе кофе) кездеседі. Қант пен кофеиннің көп мөлшерде қоспада болуы ары кетсе, 3-4 сағаттық энергия сыйлау үшін қажет. Бірақ энергияны сусынның өзінен емес, адамның ертеңгі күнге бөлінетін күш-қуатынан алатын көрінеді. Яғни ертеңгі күні адам таусылып, түгесіліп жүреді деген сөз. Алайда энергетикалық сусындарды шығарушылар бұл ақпаратты жоққа шығарып, тіпті қаптамасына В, С дәрумені құрамында кездеседі деген қулыққа көшкен. Десе де бұл дәрумендер кездескен күннің өзінде өзге зиян қоспалармен әрекеттескендіктен, пайдасы ауыз толтырып айтарлық деуге келе қоймас.
1964 жылдары АҚШ-Вьетнам қырғи-қабақ соғысы басталады. Америка әскерлердің жетіспеушілігіне байланысты АҚШ қорғаныс министрлігі ғалымдардың көмегімен бір әскердің күшін бірнеше әскер күшімен теңестіру мақсатында энергетикалық сусындарды ойлап тапқан деген дерек бар. Алайда энергетикалық сусындарды тұрақты пайдаланған әскерлерде бас ауруы, ми ісігі, бауыр дерті сынды ауыр кеселдерге шалдығып, өмірден өте бастайды. Салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған.
Мамандардың сөзінше, энергетикалық сусындарды ажалына асыққандар ішеді. Әсіресе «горилламанға» шалдыққан қазақ азаматтары үшін бұл сусын арақтан да қауіпті.
Ph.D докторы, дәрігер-кардиолог, кардиохирург Дәуренбек Мырзашұлы: «Елімізде «GORILLA Classik, DIZZY Energy Extreme, Red Bull» деп аталатын кофейіннің жоғары дозасымен байытылған тәтті газдалған сусын түріндегі энергетикалық сусындарды ішетіндер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Жасөспірімдер мен жастар көңіл күйді көтереді деп ішсе, спортшылар мен фитнес-клубтарға баратындар көбінесе жаттығу алдында да, жаттығу кезінде де, жарыс кезінде де жиі қолданады. Сол сияқты, алыс жолға жүк тасымалдайтын көліктердің жүргізушілері де көлік жүргізу кезінде ұйқышылдықты басу үшін және әл-ауқатты жақсарту үшін тұтынады. Бірақ GORILLA Classik, DIZZY Energy Extreme, Red Bull сусындарының денсаулыққа зиян екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Энергетикалық сусындарда негізгі стимулятор ретінде кофеин бар. Тұтыну нормасы күніне шамамен 130-150 мг кофеинді құрайды (энергетикалық сусынның бір құтысында 150-ден 320 мг-ға дейін болады). Күніне 1-2 банкадан тұтынудың өзі қан қысымының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бұл өте тез дегидратацияға, инфарктке шалдықтырады. Кофеиннің диурезді күшейтуі, тершеңдік және сұйықтықтың жоғалуынан ағзада сусыздану процессі жүреді. Энергетикалық сусындар алдымен тонусты, психикалық және физикалық белсенділікті арттырады, бірақ содан кейін адам ағзасындағы ондай белсенділік сарқыла бастайды. Сосын адамды летаргияға немесе апатияға, кейде қан қысымының күрт төмендеуіне әкеледі. Сонымен бірге энергетикалық сусындардағы кофеиннің артық болуы мазасыздықты, ұйқының бұзылуын, ұйқысыздықты, организмнің сусыздануын, ас қорыту жүйесінің тітіркенуін, жүйкені тоздыруды, терінің қызаруын, зәр шығарудың жоғарылауын және жүрек соғуының шамадан тыс жиілеуін тудырады. Одан бөлек, аяқ-қолдың тырысуы, психикалық ауытқулар мен ішкі ағзалардан қан кету де энергетикалық сусындарды пайдаланғаннан болады. Танымал энергетикалық сусындардың құрамындағы гуарана, таурин және женьшеньнің мөлшері емдік әсер бермейді, керісінше адам өміріне қауіп төндіреді. Ал энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеиннен бөлек, қанттың мөлшері де денеге зиянды әсер етеді. Қанттың көптігі гипергликемияға әкеледі. Бұл – қант диабетімен және басқа метаболикалық бұзылулармен ауыратындар үшін қауіпті», – дейді.

Жүрек пен жүйкеге зиян

«Энергетикалық сусындарды ішетіндердің арасында жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан жастар да бар. Маған қаралған науқастардың басым бөлігінен жүректің қалыптан тыс жиілеп жылдам соғуы, кеудесінің ауырсынуы, жүрек ырғағының бұзылуы және қан қысымының шамадан тыс көтерілуі жағдайлары байқалады. Әрине, мұның бәрі энергетикалық сусындардың құрамында қан тамырларының серпімділігін өзгертетін және сол арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларына ықпал ететін кофеин көп болғандықтан. Ең қауіптісі, алкогольмен бірге энергетикалық сусындарды пайдалану. Олай дейтін себебім, жүрек етінің ишемиясымен, инфарктпен, кардиомиопатиямен, тромбозбен келген жастар да кездесті. Бұл маған қаралғандары, яғни емделгендері ғана. Ал энергетикалық сусындарды ішіп жүріп, аяқ асты жүрегі тоқтап қалғандар да аз емес…» дейді кардиохирург Дәуренбек Мырзашұлы.
Маманның пікірінше, энергетикалық сусынды тұтынған жасөспірімдер мен жастардың арасында бас ауруы, мазасыздық, ашушаңдық, бас айналу, тремор, сананың шатасуы, психоз, аяқ-қолдың құрысып-тырысып қалуы және психикалық күйінің өзгеруі жиі байқалады. Сондай-ақ галлюцинация және психомоторлы мазасыздық, содан кейін олардың психикалық жағдайының нашарлауы жиі кездеседі.
Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдау асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуына, құсуға, диареяға және іштің ауырсынуына әкеледі. Кофеин сонымен қатар, гастроэзофагеальды рефлюкс ауруын, эзофагитті, созылмалы гастродуоденитті, эрозия, жара, қатерлі ісік тудыру қабілетіне ие. Сонымен қатар артық қант ішек микрофлорасының қалыпты тепе-теңдігін де бұзады.
Оқушылар ішуге болмайды
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Нутрициология» кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық Салауатты тамақтану орталығының мүшесі Ардақ Мүбәрәкқызы: «ДДҰ-ның ұйғарымы бойынша, энергетикалық сусындар құрамында қанты бар сусындардың қатарына енген. Энергетикалық деп аталатын себебі – құрамында психиканы белсендіретін кофеин, амин қышқылдары, таурин, тропикалық жемістердің сығындылары, карнетин, В тобының қоспалары кездеседі.
Энергетикалық сусындарды кімдерге тұтынуға болмайды?
18 жасқа толмаған балалар;
жүктілік, лактация кезіндегі әйелдер;
жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар;
орталық жүйке жүйесіндегі қозу процессі басым адамдарға мүлдем тыйым салынады. Өкінішке қарай, соңғы зерттеулерге назар аударсақ, энергетикалық сусынға әуес оқушылардың саны күрт артқан. Кофеин негізі 1 кг-ға 3 мг-дан аспау керек. Ал балалар мен жасөспірімдерге күніне 100 мг ғана кофеин рұқсат етілген. 1 құты энергетикалық сусында ең аз дегенде 140 мг кофеин кездеседі. Студенттер жағы күш-қуат береді деп емтихан алдында энергетикалық сусындарды тұтынып жатады. Бірақ бұл сусын энергия бермейді, тек резервтегі энергия алмасуларды жандандыра отырып, ресурстарын пайдаланады. Зерттеулерге сүйенсек, энергетикалық сусындарды пайдаланғандардың шылымға, алкагольге, анашаға деген бейімділігі артады. Польша, Литва, Өзбекстанда 18 жасқа дейінгі балаларға тұтынуға мүлдем тыйым салынса, Қырғызстанда өткен жылы сатудан алынып тасталды»,- дейді.
Иә, Қазақстанда энергетикалық сусындардың әсерінен өмірден өткендердің нақты статистикасы әлі жарияланбады. Десе де күн санап көбейіп келе жатқан «у-дан» құтылудың жолы біреу ғана. Энергетикалық сусындарға тыйым салатын заң керек.

Аnа tili.kz

Таңдаулы материалдар

Close