Basty bet
Өз ісінің хас шебері
Өзгеге алақан жаймай, нарықтық заманда кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру әрине құптарлық жайт. Бүгінде заман көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, дүкен ашып, я болмаса сәндік сұлулық салонына көңіл бөліп жатқан жас кәсіпкерлер ауданда да жетерлік. Соның бірі аудан орталығындағы «Кәусар» сұлулық салонында қыз-келіншектерге өз қызметтерін ұсынуда. Аталған жеке кәсіпкерліктің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында онда арнайы барып, ондағы жас мамандармен сөйлескен болатынбыз.
Бүгінгі таңда сұлулық салонының жұмысын жеке кәсіпкер Жанерке Махимова жүргізіп отыр. Өткен жылы жаңа нысанға көшкен сұлулық салоны бүгінде өз тұтынушыларын жинап та үлгерген. Нысанның іші жинақы, жаңа жиһаздары ерекше талғаммен орналастырылған. Шаштаразға қажетті құрал-жабдықтары мен ұсақ-түйек заттарына дейін бәрі де үйлесімділікпен өз орнын тапқан. Сұлулық салонында жеке кәсіпкер бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Өз тұтынушыларына сапалы қызмет көрсететін жастың бірі ақбастаулық Айша Байжұманова да осында жұмыс істейді. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкерін жұмыс орнында жолықтырып, оның жұмысқа деген ынтасын көріп «Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың» деген ойға келдім. Шын мәнінде, қазіргі қоғамда жұмыс істеймін деген адамға әрқашанда жұмыс табылады. Бұл ойымызды Айша да құптап: «Тек ол үшін ынта мен ықылас, талап пен қажыр-қайрат қажет. Жыраққа кетпей, өз жеріңде еңбек ету бір бақыт дер едім» деп сөзін қысқа қайырды.
Бүгінгі таңда жас маман Айша Байжұманова сұлулық салонында қыздарға тырнақ әрлеу (маникюр) жасап, кірпік жабыстырып, қас терудің нағыз маманына айналған. Айшаның негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. Алайда ол мұғалімдік жолды таңдамай, өз жүрек қалауымен таңдаған ісіне қарай бет бұрған. Оның аудан тұрғындарына қызмет көрсеткеніне алты жылдай уақыт болған.
Айша Арманбекқызы Ақбастау ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бұрынғы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқып жүріп-ақ қосымша маникюр курсын оқып алған.
-Өз ісімді жақсы көремін. Бұл кәсіпке келуіме анам себепші болған еді. Дәл осы сұлулық салонының қызметіне анам жиі жүгінетін. Анаммен бірге осында келіп, мамандардың жұмыстарына зер салып, қарап отырушы едім. Содан бірте-бірте осы кәсіпті меңгеріп алдым. Әрине, алғашында қиындықтар болды. Дегенмен жерлестеріме титімдей болса да бір пайдамның тиетініне мен де қуаныштымын. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, кездескен қиындықтар да артта қалды. Бүгінде тұтынушыларымыз да бар, жұмысымыз да жаман емес. Ал, алдағы уақытқа мектепке жұмысқа орналасып, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беретін ұстаз болу және мұғалімдікпен бірге осы кәсібімді қатар алып жүруді мақсат етіп отырмын,- дейді Айша.
«Кәусар» сұлулық салоны қазіргі таңда нәзік жандыларға шаш қию, шаш бояу, сәндеу, оны жуу мен кептіру тағы да басқа қызмет түрлерін көрсетуде. Ал, бүгінгі күні Айшаның қызметіне ауылдың үлкенді-кішілі тұрғындары жүгінеді. Бағасы да қолжетімді.
-Ауыл адамдары қарапайым әрі жанашыр. Олармен тіл табысу үшін жақсы қарым-қатынас орнату керек. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету керек. Қызметің көңілдерінен шығу үшін өз ісіңді сүйе білуің қажет. Сонымен қатар, өнеріңмен, қолыңның ебі болуы қажет. Ол болмаса, сапалы қызмет көрсете алмайсың,- дейді Айша.
Жас маман Айша өмірлік серігі Ернар Қыстаубаевпен бірге қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп отырған жандар. Олар ата-аналарының ақ батасы мен алғысын алып, бір отбасында тату-тәтті өмір сүруде.
Әйелсіз әлем сұлу емес. Әйел бар жерде әдемілік бар. «Сұлулық әлемді құтқарады» дегендей, нәзікжанды қыз-келіншектер сұлулыққа құмар келеді емес пе?! Жалпы әйелдер қауымы жан сұлулығымен қоса тән сұлулығына көңіл бөліп, әрдайым әдемі болып жүруге талпынамыз.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»