Basty bet

Өз ісінің нағыз майталманы

қарапайым ауыл тұрғыны Нұржан Қуанышбайұлы еңбектің озық үлгісін танытуда

Иә, әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбекші. Еңбек салтын ұстанған адам ғана өзінің көздеген мақсатына жете алады. Қоғам да сондай. Еңбекқорлық салтын бірінші орынға қойғанда ғана қоғам жақсы жағына қарай өзгеріп, еліміз де жарқын болашаққа гүлдене бермекші.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде адал да таза еңбек етіп, өз мамандығының қыры мен сырын өте жоғары деңгейде меңгерген адам ғана еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қоса алатынын айтудай-ақ айтып келеді. Президенттің «Еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген қанатты сөзі біздің бұл айтқанымызға айқын дәлел бола алады. Қай салада жұмыс істеп, қызмет жасасаң да еңбегіңнің жемісті болуына өзің ғана жауапты болатының анық.
Иә, кезінде ұлы ойшыл, хакім Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегені біздің заманымызда да өзінің өзектілігін жойған жоқ. Ал еңбектің жемісін көру қуаныш болса, оның бағаланғанын сезіну де бір бақыт. Адал еңбек қай қоғамда да аса жоғары бағалануы тиіс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады» деуінің де басты себебі осында жатыр.
Еңбек ету арқылы әрбір адам барынша шынайы тер төгуге, адал өмір сүруге, ұрпақтарын да еңбек салты арқылы қарапайымдылыққа тәрбиелейтіні анық. Біздің кейіпкеріміздің де өмір салты еңбекпен тығыз байланысты. Еңбекқор азаматтың есімі – Нұржан Қораласбаев.
«Еңбек адамы – ел мақтаны» дейтін болсақ, өңірдегі еңбек адамдарының даңқын асқақтату арқылы насихаттауды біз де басты мұрат тұтып отырмыз. Кәріқорған ауылында туып-өсіп, қазір де сонда отбасымен бірге түтін түтетіп отырған еңбекқор азамат – Нұржан Қуанышбайұлы шаруа отбасында тәрбиеленген. Ол көзін ашқалы бері еңбекқор әкенің, ұлағатты ананың өмір жолына қанығып өсті. Әкесі бүгінде 70 жастан асқан еңбек ардагері. Бұрынғы М.Горький атындағы колхозда ұзақ жылдар механик, кейіннен жабдықтаушы болып тер төккен. Ал аналары Шырай Күзенқызының (марқұм) көп бала тәрбиелеп, ауыл-аймақтың дамуымен қоса, ағайын мен абысын-ажынның арасындағы татулықты арттыруға үлес қосқанын ерекше атап өтпеске болмайды.
Әкенің жолы – балаға үлгі. Отбасындағы үлкен ұл Нұржан да бала кезден әкесімен бірге еңбек майданында шыңдалып өсті. Ауыл өмірі көбінесе, егін және мал шаруашылығымен тікелей байланысты екені белгілі. Нұржанның да жастайынан жан-жүрегі ерекше қалап тұратын жұмысы – көлік жүргізу, ауыл шаруашылығына қажетті трактор, комбайндарды жөндеп, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қайта әзірлеу секілді жұмыстарды ерінбей атқарып, өзінің шеберлігін күн сайын шыңдаумен болды. Онысы текке кеткен жоқ. Қазір ол техниканың тілін жетік білетін ауыл-аймақтағы санаулы азаматтардың қатарында.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Қораласбаевтар әулетінің балалары да әке жолын қуып, еңбекке ерте араласты. Жетітөбе ауылдық округінде алғашқылардың бірі болып, дәлірек айтқанда, 1999 жылы «Ұлжан» шаруа қожалығын құрды. Аталған шаруашылық бүгінде аяққа нық тұрған іргелі агроқұрылымдардың бірі саналады. Әкелері Қуанышбай салған сара жолды қазір оның қос ұлы Нұржан мен Ерлан сәтті жүргізуде. Қазір шаруа қожалықта 200 гектарға жуық егістік жер бар. Оны үш жаңа трактор және екі комбайнмен, тағы басқа қосымша агрегаттардың күшімен игеруде. «Ұлжандықтар» егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын да өркендетіп отыр.
Нұржан аға қазіргі таңда үлкен отбасының иесі. Зухра жеңгей екеуі шаңырақ көтергеннен кейін ата-анасының қолында тұрып, біраз жыл қызмет етсе, кейіннен үлкендердің батасымен өз алдына бөлек отау тігіп, бүгінде әкесі құрған шаруа қожалықтың ісін дөңгелетуге атсалысуда.
Қазіргі таңда «Ұлжан» шаруа қожалығының жұмысы өнімді. Шаруа қожалықтың иелігінде 150 гектардай егістік жер және 300 гектар жайылымдық жер бар. Шаруа қожалық алғашқы жылдары алқапқа көбінде арпа-бидай егуді қолға алады. Өндірілген өнімді сатып, одан түскен қаржыға жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып ала бастады. Өнімді жұмыс істеу көбінесе шаруаның ынта-жігері мен ізденгіштігіне тікелей байланысты. Шаруашылық мүшелері осы жылдар ішінде егістіктен мол астық алудың жолдарын қарастырып, үнемі ізденіс үстінде болғаны анық. Агроқұрылымның иелігінде жер өңдеуге қажетті техникалардың бәрі бар деуге болады. Жұмысты жүргізуге «Енисей» маркалы комбайн және арпа дәнін жинауға арналған комбайн, «МТЗ-952-2», «МТЗ-920», «МТЗ-80» маркалы тракторлар, одан бөлек, шөп оратын комбайн, шөптайлағыштар, басқа да қосымша агрегаттар үлкен көмек болумен қатар, өнімділікті де ұлғайтуға сеп болып отыр.
-Техникамен жұмыс істеудің бір қызығы, бұл жұмыс маған шаршауға әсте мүмкіндік бермейді, – дейді біздің кейіпкеріміз. Өз ісін жетік меңгергендіктен болар, ол қарапайым еңбек адамы болғанымен, өз ісінің нағыз майталман шебері.
«Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз», дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында.
Осы жолда еңбек адамдарын ынталандыру, құрмет көрсету, олардың жетістіктерін дәріптеу маңызды. Әр істің лайықты бағасын алып жүргені сол адал еңбектің нәтижесі әрі бұл жетістікте әрбір қарапайым еңбек адамының үлесі бар.
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» екенін іспен дәлелдеген де дәл осы ынтымағы жарасқан отбасын айтсақ болады. Осы орайда, үйдегі отанасының да шаруаға епті, өз ісінің білгірі екенін айтпай кетпеске болмас. Отанасы Зухра жеңгей бірнеше жылдан бері Кәріқорған ауылындағы «Жетітөбе» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етуде. Отағасы Нұржан екеуі отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде үлкен қыздары Ұлжанды қияға қондырып, одан тәтті немере сүйіп отыр.
Отбасындағы үлкен ұл Рақымжан Қуанышбай биыл Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын бітіргелі отыр. Ал екінші ұл Асылжан Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1 курсында су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру факультетінде электромеханика мамандығымен білім алуда. Кенже қыздары Айымжан ауылдағы Т.Әкімов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы. Ол білім алумен бірге дзюдо күресіне бастауыш сыныптан бастап қатысады. Республикалық және облыстық, басқа да өңіраралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал кенже ұл Айсұлтан 4 сыныптың оқушысы. Әкесінің жолын қуып, қолынан жұмысын алатын осы бала болады деп топшылайды баласының болашағынан үміт етіп отырған ата-анасы. Өйткені, Айсұлтанның техникаға қызығушылығы өте жоғары.
Әділетті Қазақстанның Президенттің пәрменімен ғана емес, әр азаматтың еңбегімен құрылатынын түсіне білген абзал десек, бір орында тұрып бақ күту – ессіздік. Бақ пен ырысқа жету үшін алға қадам басу керек. Тек мақсаты бар, қиындықтан қорықпайтын, еңбектен қашпайтын адам ғана Әділетті Қазақстанның игілігін көрмек.
Бұл ретте айтайын дегеніміз, біздің кейіпкеріміз де адал еңбек ету арқылы қоғамға үлгі болып, өзі тұратын ауыл-аймағының да дамуына атсалысып, ел мақтанына айналуда. Адал еңбектің абыройға бөлейтінін ешқашан ұмытпауымыз қажет.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close