Basty bet

Қашықтан қызмет қатары көбеюде

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра аласыз

Жүргізуші куәлігіңіздің мерзімі аяқталып қалды ма? Онда келесі нұсқаулық бойынша әрекет етсеңіз, төлем чегінің көшірмесін, наркологиялық және жүйке аурулары диспансерлердің анықтамасын, басқа да құжаттарды жинап, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып әуре болмайсыз.
1. Еgov.kz порталына кіріп, «Көлік және коммуникациялар» бөлімінен өзіңізге қажетті «Жүргізуші куәліктерін беру» опциясын таңдаңыз және онлайн тапсырыс беріңіз;
2. Егер айыппұлдарыңыз болса, алдын ала төлеп қойыңыз;
3. Дайын құжатты алып кетуге ыңғайлы автоХҚКО-ны таңдаңыз;
4. Қан тобыңызды көрсетіңіз;
5. Белгілі үлгіде түсірілген фотоңызды жүктеңіз;
6. Ақ қағазға қол қойып, қолтаңбаның фотосын жүктеңіз;
7. Куәлігіңізде, мысалы көзілдірік секілді ерекше белгілер болса, көрсетіңіз. Телефон нөміріңізді жазып, өтінішке электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қойыңыз;
8. 1,25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік баж төлеңіз;
9. Құжаттың дайын болғаны туралы sms келген соң, автоХҚКО-ға барып, алып кетесіз.
Жеке куәлік және ескі жүргізуші куәлігіңізді ұмытпаңыз.
Жоғарыда аталған құжаттар үшін баж салығын кассаға жүгінбей-ақ, банк қосымшасының (әзірше тек Kaspi мен Halyk Homebank) QR сервисін пайдалана отырып төлеуге болады. Қазақстандықтар сервис іске қосылғалы бері, бір жыл ішінде QR көмегімен мемлекеттік қызметтер үшін 700 мыңнан астам рет төледі. Қазір QR код арқылы 146 мемлекеттік қызметтің баж алымын төлеуге болады. Болашақта бұл тізім толыға түспек.
Шетел азаматтарына ЖСН қалай рәсімделеді?
Бұған дейін Қазақстанда азаматтығы жоқ адамдар аталған қызметті үшінші тұлғаға сенімхат беру арқылы egov.kz порталында онлайн ала алатын, ал қазір порталда бұл қызмет уақытша тоқтатылды.
Қызметті рәсімдеуге үш құжат жеткілікті:
– Белгіленген нұсқадағы өтініш;
– Шетелдік паспорт;
– Қызметті алушы атынан өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат.
Егер шетел азаматының паспортында аты-жөні мен туған жері кирилица немесе латын әріптерімен жазылмаса, құжаттың аудармасы (нотариалды куәландырылған) қажет.
ЖСН алу тегін. Қызмет 1 жұмыс күні ішінде дайын болады.
Төлқұжат пен жеке куәлікті қалай тез алуға болады?
2022 жылдың алты айында қазақстандықтарға 1 353 590 жеке куәлік пен паспорт берілген. Рәсімделген құжаттардың ең көбі маусым айында тіркелген, саны – 266 668. Ал ХҚКО-да төлқұжат пен жеке куәлікті ыңғайлы әрі жылдам жолмен алу үшін төмендегідей қадамдар жасалады.
Паспорт пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн режимінде қолжетімді болмай тұр. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі – өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚКО-ға бара аласыз. ХҚКО-ларда жеке куәлік пен паспортты ресімдеу бойынша операцияны көші-қон қызметі көрсетеді. Егер төлқұжат алу үшін бірінші рет келіп тұрсаңыз, сізге тек жеке куәлік қажет болады. Егер сіздің төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсеңіз, кешіктіргеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды. Төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 8 АЕК (2022 жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК) немесе 24 504 теңге. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Алайда қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады.
1 жеделділік санаты – 1 жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
2 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін басқа әдіс қарастырылған:
1 жеделділік санаты – 3 жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
2 жеделділік санаты – 5 жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Ал аудандар мен облыстардағы қалалар үшін тек үшінші санат қолжетімді: 1 116 теңге қосымша төлем арқылы 7 жұмыс күніне дейін жеделдете алады. Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігін ұсынып, баж салығын төлеу қажет. Қызметке өтініш білдіру үшін баланың ата-анасының бірі келуі міндетті.
ҚР азаматтары жеке куәлікті 16 жасқа толған кезде алады. Осы жасқа жеткен кезде құжатты бір ай ішінде рәсімдеу керек, әйтпесе 7 АЕК немесе 21 441 теңге айыппұл төлеу керек болады. Сонымен қатар егер мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, дәл осы мөлшердегі айыппұл қарастырылған. Егер айыппұлды бір апта ішінде төлейтін болсаңыз, онда сомма 50 пайызға төмендейді. Егер сізде паспорт бар болса, жеке куәлікті рәсімдеу үшін оны да өзіңізбен бірге алып келу керек. Бұл ретте жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 0,2 АЕК немесе 613 теңге болады. Қызметті төлқұжатпен бірдей әдіс бойынша жеделдетуге болады. Сонымен қатар жеке куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған клиенттердің жеңілдетілген санаты бар екенін ескертеміз.
Олар:
• ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
• Кеңес одағының батырлары және Социалистік еңбек ерлері;
• барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедек болған клиенттің ата-анасының бірі;
• қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар;
• жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• «Батыр Ана» атағы бар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған көпбалалы аналар;
• Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол» газеті
02.12.2022 жыл

Таңдаулы материалдар

Close