Basty bet

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату – түзелу жолындағы мүмкіндік

Қылмыстық жазаның негізгі мақсаты – адамды қоғамнан оқшаулау ғана емес, оның жасаған әрекетіне өкініп, заңды құрметтеуге және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату институтының маңызы ерекше.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату – сотталған адамның жазаны өтеу барысында өзінің түзелу жолына түскенін дәлелдеген жағдайда, заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып, жазаның қалған бөлігін өтеуден босатуға мүмкіндік беретін құқықтық тетік.
Бұл институт, ең алдымен, сотталған адамның тәртібін, еңбекке және оқуға көзқарасын, қылмысына деген өкінішін, сондай-ақ, жазаны өтеу режимін сақтауын бағалауға негізделеді. Яғни, шартты түрде мерзімінен бұрын босату автоматты түрде берілетін жеңілдік емес. Ол – адамның түзелуге деген нақты ұмтылысына берілетін мүмкіндік.
Жазаны өтеу кезеңінде сотталған адамның тәртібі ерекше маңызға ие. Әкімшілік талаптарды сақтау, ішкі тәртіпті бұзбау, еңбекке адал қарау, білім алуға ұмтылу, қоғамдық жұмыстарға қатысу және басқа да оң мінез-құлық белгілері оның түзелу деңгейін бағалауда ескерілуі мүмкін.
Сонымен қатар, сотталған адамға мұндай мүмкіндік берілген жағдайда оның жауапкершілігі де артады. Бостандыққа шыққаннан кейін заң талаптарын сақтау, белгіленген міндеттерді орындау және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу – басты шарттардың бірі.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың әлеуметтік маңызы да зор. Себебі, жазасын өтеу мекемесінен шыққан адам қоғамға қайта бейімделіп, отбасымен байланысын қалпына келтіріп, еңбек етуге және қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде адамның қайта қылмыс жасау қаупін азайтып, оның қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Алайда бұл институтты қылмыс жасаған адамды жауапкершіліктен босату деп түсінуге болмайды. Сотталған адам өз әрекетінің салдарын сезініп, жазаның белгілі бір бөлігін өтеу арқылы жауапкершілігін көтереді. Ал, мерзімінен бұрын босату мәселесі оның жеке басына, тәртібіне және түзелу деңгейіне байланысты заңда белгіленген тәртіппен шешіледі.
Құқықтық мемлекетте жаза мен ізгілік ұғымдары бір-біріне қайшы келмейді. Әділдік – жасаған қылмыс үшін жауапкершілікті қамтамасыз етсе, ізгілік – адамның түзелуге деген талпынысына мүмкіндік береді.
Сондықтан шартты түрде мерзімінен бұрын босату – жазадан жалтарудың жолы емес, керісінше, заң талаптарын сақтап, өз мінез-құлқымен түзелу жолына түскен адамға берілетін сенім мен мүмкіндік.
Бұл институттың түпкі мақсаты – сотталған адамның қоғамға қауіпсіз әрі заңға бағынатын азамат ретінде қайта оралуына ықпал ету. Өйткені, кез келген адамның қателігін түзетуге мүмкіндік беру – құқықтық мемлекеттің адамгершілік құндылықтарымен сабақтас маңызды міндет!
Жазира Оралова,
Жуалы ауданы сот әкімшісі басшысының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close