Basty bet

Бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріледі

Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, елдің рухын көтеріп, жас ұрпақты тәртіпке, табандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды сала. Ауылда спорт алаңдарының көбейіп, балалар мен жастардың спорт секцияларына белсенді тартылуы – саламатты қоғам қалыптастырудың берік негізі. Жуалы ауданында да бұқаралық спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Жуалы ауданында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын тұрғындар саны 22 мың адамға жетті. Бұл – үш жастан асқан халықтың 44,7 пайызы. Аудандағы 3 жастан жоғары халық саны 49 214 адамды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 44,9 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші қазіргі таңда 98 пайызды құрайды. Бұл – аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына қажетті жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
Жыл басынан бері ауданда 162 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 12 мыңға жуық тұрғын қатысты. Өткізілген жарыстардың хаттамалары жүргізіліп, фото есептері дайындалып, іс-шаралар әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып келеді.

Балалар спортына – ерекше көңіл бөлінуде
Жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыру – ауданның басым бағыттарының бірі.
2025-2026 оқу жылында ауданның үш балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 14 спорт түрі бойынша 2 106 бала спортпен шұғылдануда. Оларға 55 жаттықтырушы жетекшілік етеді.
Биыл балалардың спорт түрлерін таңдау мүмкіндігін кеңейту мақсатында шорт-трек, шаңғы және самбо спорт түрлері бойынша жаңа секциялар ашылды.
Сонымен қатар аула клубында 625 оқушы тіркелген. Білім беру мекемелерінде жеті спорт түрі бойынша жұмыс істейтін 228 үйірмеге 4 190 оқушы қамтылған.
«Даму бала» бағдарламасы аясында үш жеке кәсіпкердің спорттық секцияларында 176 жасөспірім жаттығады.
Осылайша, аудан бойынша жалпы 7 097 жасөспірім спорттық секциялармен қамтылып отыр.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да мүмкіндік жасалуда
Дене шынықтыру мен спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны ауданда 887 адамды құрайды.
Олардың ішінде 185 адам, яғни 20,8 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш бойынша жыл соңына дейінгі жоспар да 20,8 пайыз болып белгіленген.
Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына қолайлы орта қалыптастырып, оларды қоғамдық өмірге белсенді араластыру.

Ауылдарда спортты дамытуға серпін берілуде
Аудандағы 14 ауылдық округте 16 спорт нұсқаушысы мен 2 әдіскер жастардың және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуын ұйымдастыруда.
Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы 173 спорт нысаны бар. Оның ішінде, 1 стадион; 4 спорт кешені; 12 футбол алаңы; 108 спорт алаңшасы және 48 спорт залы бар.
Спорт нысандары ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Әрбір нысан бойынша тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жұмыс кестелері әзірленіп, тиісті орындарға орналастырылған.
2025 жылы Бауыржан Момышұлы және Қарасаз ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілді. Күні кеше Нұрлыкент ауылында салынған спорт кешені салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Енді биыл тағы да Көлтоған ауылындағы спорт кешенін пайдалануға беру жоспарда бар.
Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 3 млн теңге қарастырылды.

Заманауи спорт алаңшалары көбейеді
Ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптастыру бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауданда 29 ауыл жасанды төсенішті кіші футбол, волейбол, баскетбол, стритбол, стритворкаут және басқа да спорт алаңшаларымен қамтылған.
Заманауи спорт алаңшалары жоқ елді мекендерде бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді заманауи кіші футбол алаңшаларымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2027 жылы қалған елді мекендерде спорт алаңшаларын салу жоспарланған.
2026 жылы заманауи футбол алаңшалары Көлбастау, Қарасаз, Бәйтерек, Көлтоған, Шыңбұлақ, Қосбөлтек, Ақбастау, Қоңыртөбе, Қызыларық және Ынтымақ ауылдарында салынуы тиіс.
Бүгінде Ынтымақ және Қызыларық ауылдарында футбол алаңшалары салынып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Көлбастау және Бәйтерек ауылдарында спорт алаңшаларын қыркүйек айына дейін салу жоспарланып отыр. Бұл жобаларға тиісінше 15 млн теңгеден қаржы қарастырылған. Ынтымақ ауылындағы алаңшаға 16 млн теңге, Қызыларық ауылындағы алаңшаға 5 млн теңге жұмсалды.
Ал, Қарасаз, Ақбастау, Көлтоған, Шыңбұлақ, Қосбөлтек және Қоңыртөбе ауылдарында спорт алаңшаларын салуға әзірге қаржы қарастырылмаған.

Жаңа спорт кешендері салынады
Ауданның спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында 2026-2027 жылдары бірқатар ауылда жаңа спорт кешендерін салу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Бәйтерек ауылында – 444,4 млн теңге, Шақпақата ауылында – 487,5 млн теңге, Күреңбел ауылында – 741 млн теңге, Көлбастау ауылында – 761,4 млн теңге, Қарабастау ауылында – 445,6 млн теңге көлемінде жобаларды іске асыру көзделген.
Бұл нысандардың бой көтеруі ауыл тұрғындарына спортпен тұрақты айналысуға жаңа мүмкіндік беріп, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға оң ықпал етпек.

Мақсат – әр ауылға спорт алаңын жеткізу
Бүгінде Жуалы ауданында спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Ауданның басты міндеттерінің бірі – барлық ауылдық елді мекен тұрғындарына спортпен айналысуға бірдей мүмкіндік жасау. Себебі, спорт алаңы – жай ғана нысан емес. Ол – ауыл баласының бос уақытын тиімді өткізетін, жастардың басын қосатын, тұрғындарды саламатты өмір салтына жетелейтін орта.
Сондықтан алдағы жылдары заманауи спорт алаңшаларын көбейту, жаңа спорт кешендерін салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Саламатты ұрпақ – ел болашағы. Ал спортқа жасалған жағдай – сол болашаққа салынған инвестиция. Жуалының әр ауылында спортпен айналысуға мүмкіндік артып, әр баланың спортқа қадам басуына жол ашу – ортақ мақсат!

Керімхан Төреқұлов,
аудан әкімдігінің
дене шынықтыру және спорт
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close