Basty bet

Шойын жол –ел экономикасының күретамыры !

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісі қазақстандық теміржолшылардың мерекесі ретінде атап өтіледі. Бұл атаулы дата көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып аталғанымен, мерекенің шойын жолдың бойында еңбек етіп, тұтастай ғұмырын осы саланың дамуына арнаған теміржолшыларға өте-мөте жақын екенін айтуымыз қажет. Өйткені, теміржол – ел экономикасының күретамыры.
Иә, осынау шойын жолдың бойымен арлы-берлі қаншама жүк және қаншама жолаушылар тасымалданады. Ел өңірлерінің арасында және шет мемлекеттермен алыс-беріс, сауда-саттық берік орнаған қазіргідей маңызды кезеңде теміржол қатынасының рөлі өте үлкен. Ал сол ұзақ сапарларда ауыр жүк тиелген составтардың және жолаушылар мінген вагондардың межелі жеріне уақтылы әрі қауіпсіз жетуі жолында теміржолшылардың атқарып жатқан жанкешті еңбектерін ерекше атап өтпеске болмайды. Ал жалпы еңбекке, оның ішінде, қарапайым еңбек адамына деген құрмет қоғам тарапынан ешқашан толастамайды. Біз осы орайда шойын жол шыңдаған мамандардың еңбегі туралы қалам тербегенді жөн көрдік…
-Жалпы теміржолшылар күнін – темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек етіп жүрген барша теміржолшыларды біріктіретін ортақ мереке деп айтуымызға толық негіз бар. Сонымен қатар, әрине бұл күн «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да қызмет ететін және магистраль майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн.
Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақтың экономикасын қалыптастырудың драйвері десек те болады. Бірақ соған қарамастан теміржолшылардың жанкешті еңбегі мен олардың жаңа да қиын жағдайда жұмыс істеуге дайын болуы жұмыс сапасын сақтап қалуға мүмкіндік бергенін баса айтуымыз қажет. Олар қай кезде де теміржол саласында кез келген қиындықты еңсере алатындарын нақты істерімен дәлелдеді.
Теміржол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлердің қоғамда зор сый-құрметке ие болуы да сондықтан,- дейді «Боранды» стансасының бастығы, кәсіби маман Махмұт Сәрсенбаев.
Біз тұратын қасиетті Жуалы ауданының аумағын әйгілі «Түркісіб» теміржолы басып өтетіні белгілі. Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды Алаш ардақтыларының басшылығымен салынған шойын жолдың бойындағы қайнаған тіршілік бір ғасырдан бері бірде бір толастап көрген емес. Батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа қантамырдай таралып жатқан теміржолдағы қозғалыс бір сәт те саябырсымайды. Сәт сайын, сағат сайын гудок беріп арлы-берлі өтіп жатқан пойыздардың жаңғырығы – бұл ел экономикасының өркендеуіне қосылып жатқан сүбелі үлес екені даусыз.
Шойын жол – ел экономикасының күретамыры. Дегенмен, адамның өмірі мен қауіпсіздігінен асқан құндылық жоқ. Сондықтан теміржолда бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Бұл – бұлжымайтын қағида. Оның үстіне, біздің қазақ халқы тойшыл, қонақшыл халық. Осы себептен де Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке, батыстан-шығысқа күн құрғатпай ағылып жатқан жолаушылардың қарасы қашанда қалың. Әсіресе, жаздыкүндері теміржол қатынасы арқылы арлы-берлі жолаушылаған адамдардың да нөпірі көбейе түсетіні бар. Олар негізінен қатынас үшін пойызды таңдайды. Бұл – қауіпсіз, әрі десе қызметі мен жолақысы да анағұрлым қолжетімді. Міне, теміржолда жұмыс істейтін мамандар шойын жолдың бойында оқыстан орын алған ақаулықтарды дер кезінде анықтап, оны қалпына келтіруден бастап, пойыздардың дұрыс бағытта жүруін түзіп, сол арқылы жолсапарға шыққан жолаушылардың да алаңсыз болуына барынша жағдай жасайды.
Теміржол – қателікті кешірмейді. Бұл ретте теміржолшыларға жүктелген жауапкершілік жүгі де өте салмақты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бір ғана «Боранды» бекетінің өзінде энергетик, вагоншы, жол жөндеуші, электромеханик, билет кассасының қызметі, диспетчер мамандарын қосқанда, мұнда барлығы 60-тан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде, диспетчер, билет кассасының мамандары, жүк қабылдаушы, теміржолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері, ССВ механигі, энергетиктер және жол жөндеуші мамандар уақытпен санаспай еңбек етуде.
Станса бастығы М.Сәрсенбаевтың айтуынша, мамандар бес топқа бөлінген. Әр топтың өз алдына аға мамандары бар. Оларға да басшылық жасау оңай шаруа емес. Ол үшін күнделікті таңертеңгі уақытта жұмыс жоспары түзіліп, әр топқа тапсырмалар беріліп, оның орындалуы жіті қадағаланып отырады. Одан бөлек, жұмысшылардың да қауіпсіздігі өз алдына қадағаланады. Жұмыс барысында жазатайым оқиғалардың орын алмауы басшылық тарапынан қатаң ескертілу дағдыға айналған.
Теміржолда жұмыс істеудің қиын екенін жоғарыда айттық. Олар жартылай әскери тәртіппен жұмыс істейтін болғандықтан, станса бастығы жұмысшыларды тәуліктің кез келген уақытында жұмысқа шақыртып алуға құқылы. Шойын жолда еңбек ететін мамандарда «демалыс, мереке күні» деген түсінік жоқ. Бұл – жауапты жұмыстан туындаған талаптың бірі. Сондай-ақ мамандардың біліктілік талаптарын ұдайы арттырып отыруы да жолға қойылған.
Ал мамандардың алаңсыз жұмыс жасауына лайықты жағдайлар жасау – «Қазақстан темір жолы» ҰК басшылығының тұрақты бақылауында. Мамандарға жылына бірнеше рет сыйақы беріледі. Одан бөлек, оларды арнайы жұмыс киімдерімен, құрал-саймандармен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Теміржолшыларға темірдей төзімділік пен шыдамдылық керек дейтін болсақ, олардың денсаулығын нығайту және жұмысқа деген құлшынысын арттыру мақсатында қызметкерлерге жылына бір рет еңбек демалысында сауықтыру орындарына 12 күнге тегін жолдама, пойызбен ел аумағында жолаушылауға, балаларына лагерьлерде демалуға, тағы басқа жақсы жағдайлар қарастырылған. Бір қуантарлығы, сала мамандарына төленетін айлық жалақы да жыл сайын арттырылып келеді екен.
Еңбекқорлық, жауапкершілік және адалдық, темірдей төзімділік пен рухтың биіктігі – бұл әрбір теміржолшының бойынан табылуға тиісті қасиеттер.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close