Basty bet
Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп
Қоңыртөбе ауылындағы ағайынды Абахановтардың «Сыбанбай» шаруа қожалығында егін және мал шаруашылығы қатар дамып келеді
Бақыттың кілті, ал, шынайы бақытқа жетіп, биік абыройға ие болудың да бірден бір жолы – адал еңбек етуде екені ежелден белгілі. «Әлемнің әміршісі – еңбек» десек, қазір жаңа заманның талабына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенінде өнімді еңбек етіп, жүйелі жұмыс атқару арқылы отбасының күнкөрісін еселеп арттырып қана қоймай, айтарлықтай табысқа жеткен, ең бастысы – еңбекпен егіз жаратылған атпал азаматтар арамызда аз емес.
Еңбекті сүйген шаруа азаматтардың арасында: «Шаруа байымайды, шаруа тоқ жүреді» деген сөз жиі айтылады. Десе де, ауыл-аймақтарда дәстүрлі шаруашылық ісін жаңа заманның талабына сай алға бастырып, айналасындағы азаматтарды жұмысқа тартып, ауылдастарына нәпақа айыруға көмек қолын созып, сол арқылы туған өңірдің гүлденіп, дамуына, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген елжанды азаматтарға алғыстан басқа айтар сөз жоқ…
Адал еңбек ету арқылы шаруашылық ісін алға бастырып, ауызбіршілікпен жыл санап алға басып келе жатқан өңірдегі алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың қатарында ағайынды Абахановтардың «Сыбанбай» шаруа қожалығы да бар. Ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылында орналасқан іргелі шаруа қожалық ұзақ жылдан бері қасиетті өңірдің аграрлық әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
1998 жылы құрылған шаруашылық алғашқыда аз ғана егістік алқапты игеріп, қолдағы бар азын-аулақ малмен тірлік бастаса, бүгінде бұл агроқұрылымда – 250 гектардан астам егістік жер бар. Ширек ғасырдан астам уақыттың бедерінде ағайынды Абахановтар тізе қосу арқылы тындырымды тірлік атқарып, жүйелі жұмыстың нәтижесінде шағын шаруашылықты аяққа нық тұрғызып, аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың қатарына қоса білді. Бұл агроқұрылымда жыл сайын 300 гектарға жуық егістік алқап агротехникалық талаптарды қатаң сақтау арқылы тиімді игеріліп, оған егілген ауыл шаруашылығына арналған дақылдың түрлерінен мол өнімге қол жеткізіліп отыр.
Биыл көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруашылық иелігіндегі егістік алқапқа арналған жерлердің 50 гектарына күздік бидайдың «Стекловидная-24» аталатын тұқымы егілсе, 80 гектар алқапқа жаздық арпаның дәні сіңірілген. Қожалық жұмысының негізгі бағыты мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, шаруашылықта мал азығына арналған дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте құрылымда 80 гектардан астам алқапта мал азығына арналған көпжылдық шөп орналастырылған. Оған қоса биыл олар 30 гектар алқапқа жаңа жоңышқаның тұқымын сепкендерін айтады. Ал, алқаптың қалған бөлігіне майлы дақылдардан мақсары тұқымы егіліп, күтіп-бапталады.
Адал еңбекті серік етіп, оны күнделікті өмір салтына айналдырған ағайынды Абахановтар егін шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығының да дамуына ұзақ жылдан бері көңіл бөліп келеді. Егін шаруашылығында негізінен ауыспалы егістік тәсілі қолданылады. Осыған сәйкес, бұл тәсілден алынатын өнім де молырақ болып отыр. Оның үстіне, биылғы көктемде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты көпжылдық шөп алқабында мал азығына арналған жоңышқа мен эспарцеттің шығымы өте жоғары болып отыр. Биылғы орақ науқаны кезінде жекелеген алқаптардан мол түсімнің байқалып отырғаны да сондықтан.
«Сыбанбай» шаруа қожалығы өңірдің басқа да агроқұрылымдарымен бірге, мал азығын дайындау науқанына маусым айының басында жедел кірісіп, қазір шаруашылықта жұмыс қызу жүргізілу үстінде. Малдың қыстық азығына арнап егілген көпжылдық шөп алқаптарында негізінен ору жұмыстары толық аяқталып, ендігі кезекте орылған шөпті тайлау және тасымалдау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Мал азығын дайындау жұмыстарына шөп оруға арналған «Германка» қуатты тракторы, «МТЗ-80» доңғалақты тракторы шөптайлайтын тіркемесімен бірге, сонымен қатар, екі бірлік «ЗИЛ-130» және «ГАЗ-53» ауыр жүк көліктері тіркемесімен жұмылдырылған. Шаруашылық жұмыстарын негізінен ағайынды Абахановтардың өзі бірлесіп атқаратынын жоғарыда айтқандай, маусымдық жұмыс кезінде ғана көмекке аздаған қосымша жұмысшы күші тартылады екен. Қалған шаруаларды жыл он екі ай бойы өздері атқарады.
Атап айтсақ, шөп ору жұмыстарын шаруашылықтың механизаторы атқарса, шөптайлау жұмыстарын ағайынды азаматтардың ортаншысы – Ерғали Абаханов «МТЗ-80» тракторымен өзі-ақ ерінбей атқарады. Өткен жолы алқап басына барғанда байқағандай, ескі кабиналы көк трактордың рөлінде Ерғалидың өзі отыр. Жанында отырған үлкен ұлы Дидарды да көрдік. «Әке көрген оқ жонар» деген. Биыл ғана алтыншы сыныпты аяқтап, жетінші сыныпқа өткен Дидар осындай науқандық жұмыстар кезінде ағаларының жанынан табылып, шынашақтай болғанына қарамастан шаруашылық ісіне қолғабыс етіп, қолдан келгенінше шаруаға көмектесіп-ақ жүр. Әкелі-балалы еңбекқор азаматтардың тірлігіне қарап сүйсінгенімізді жасыра алмадық…
Алқап басынан тайланған шөпті ауылға тасымалдау жұмысының қарқын алғанын да көзбен көрдік. Шаруашылықтың Бөкейтау жақ бетінде орналасқан көпжылдық шөп алқабына жақындай бергеніміз сол еді, тайланған шөп артқан «ЗИЛ-130» жүк көлігін анадайдан көзіміз шалды. Көлікті тоқтатып, жөн сұрастық. Жүк көлігінің рөлінде отырған Абахановтардың үлкен ұлы Нұрғали екен. Нұрғали Ниязбекұлы шаруашылық құрылған күннен бастап, осы агроқұрылымда тұрақты еңбек етіп келеді. Әкесі Ниязбек Сыбанбайұлының жолын жалғастырып, көлік жүргізіп келе жатқанына да ұзақ жыл болғанын айтады.
Иә, шаруашылық жұмыстарына адамның қол еңбегімен қатар қуатты техниканың да күші қажет екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде шаруашылықта төрт бірлік «МТЗ-80» маркалы доңғалақты тракторы, «Германка» және К-700, ДТ-75 маркалы қуатты тракторлары, екі бірлік «НИВА-СК-5» астық бастыратын комбайн, тіркемелер және соқа, дәнсепкіш, басқа да агрегаттардың жиынтығы шаруашылық жұмыстарына әбден жарап тұр. Сонымен қатар, дамудың даңғыл жолын таңдаған бұл шаруашылық лизинг жүйесін тиімді пайдаланып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қомақты қаражатқа Қытайда жасалған жаңа тракторды да сатып алып, шаруашылық ісіне пайдаланып келеді. «Сыбанбай» шаруа қожалығының басшысы Ниязбек Абахановтың техниканың тілін бес саусағындай білетіндігі, онымен бірге жастайынан әкесінің жанында жүрген балаларының да техникаға жақын болуы ұзақ жылдан бері шаруашылық жұмыстарын жүйелі жүргізуге оң септігін тигізіп келеді.
«Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп!» демекші, Қоңыртөбе ауылындағы «Сыбанбай» шаруа қожалығының мүшелері бірлесіп атқарған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде агроқұрылымда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда шаруашылықтың иелігінде 80 бас сауынды сиыр бар. Сүтті сиырлардан сауылған бір тоннадай сүт аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның сүт өңдейтін зауытына күнделікті өткеріледі. Шаруашылықта жайылым мәселесі де оң шешілген. Осының есебінен бұл қожалық қой өсіріп, оны төлінен көбейтуді де қолға алған. Сауынды сиырларды көктемгі және жазғы мезгілде Қоңыртөбе ауылының батыс жағындағы таудың етегіндегі «Жуалы ормандарды қорғау және жанауарлар дүниесі» мекемесіне қарасты 30 гектар жайылымға шығарады. Бұл шаруашылық жайылымды орман шаруашылығы мекемесінен заң талаптарына сәйкес жалға алып, оны тиімді пайдалануда.
Ағайынды Абахановтардың бірлескен отбасылық шаруашылығы кейінгі жылдары қолдағы малды асылдандыруға да ден қойып отыр. Олар алдыңғы жылдары қолдағы бар жеке қаражатқа бірнеше «Гольштейн» асыл тұқымды аналық бас сиыр және екі бас бұқа сатып алып, оны төлінен көбейтуге күш салғандарын айтады. Қалған сауынды сиырлар жергілікті малдың тұқымы.
– Шаруашылықтағы жұмыстың барысын өздеріңіз көргендей, бар шаруаны әулеттің мүшелерімен бірлесіп атқарып жатырмыз. Жыл он екі ай бойы жалғасатын ауыл шаруашылығы саласының жұмысын оңай дей алмаймын. Мұның барлығы балалар мен немерелердің жарқын болашағы мен игілігі үшін. Малды күнделікті бағып-қарау, техниканы жүргізу жұмыстарын балалармен бірге атқарамыз. Қазір қолымда екі ұлым Нұрғали мен Ерғали келіндермен бірге бір шаңырақта тұрады. Кенже ұлым Еламан, ең үлкен немерем Ерсұлтан да әрдайым шаруашылықтың жұмысының бел ортасынан табылады. Балаларыма рақмет. Айтқан ақыл-кеңесімді алып, көрсеткен жолымды ары қарай жалғастырып жатыр. Менің міндетім – балаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отыру. Біздің ендігі атқаратын жұмысымыз осы,- дейді әулеттің ақылшысы Ниязбек Абаханов.
Бірлескен тірлікте қашанда ырыс-берекенің болатыны анық. Отағасы Ниязбек Сыбанбайұлы мен отанасы Әлима апай ұл-қыздары мен келіндерін бірлік пен ынтымақты тірлікке шақыра отырып, өмірден көрген-түйгендерін үйретуден жалыққан емес. Бұл отбасының да мүшелері ауылдағы көпбалалы жанұялардың қатарын толықтырып, үлкен ұлы және келіні Нұрғали мен Сания, ортаншы ұлы Ерғали мен Мақпал отбасында әрқайсысы бес-алты баладан тәрбиелеуде. Мұның өзі енді ғана отау құрып, шаңырақ көтерген жас отбасылар үшін үлкен үлгі-өнеге емес пе?!
Шынайы бақытқа жетудің бірден-бір жолы адал еңбекте жатыр дейтін болсақ, өңірге қарасты қасиетті Бөкейтаудың етегінде орналасқан Қоңыртөбе ауылындағы Абахановтар әулетінің адал еңбекпен жеткен бақыты әрдайым баянды болмақ…