Basty bet

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақты дамуы ең алдымен заң үстемдігіне, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтық мәдениетіне байланысты. Заң мен тәртіп – жай ғана ұран немесе мемлекеттік саясаттың бағыты емес, ол әрбір азаматтың күнделікті өмірінде басшылыққа алатын басты қағидасы болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және әділетті қоғам құру.

Заңға құрмет – әр азаматтың міндеті

Заң мен тәртіп ең алдымен отбасынан, мектептен және қоғамдық ортадан басталады. Баланың бойына адалдық, жауапкершілік, өзгенің құқығын құрметтеу сияқты қасиеттерді сіңіру – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамы.

Көшеде қоқыс тастамау, қоғамдық орында тәртіп сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау, өзгенің еңбегін бағалау – мұның барлығы заң мен тәртіпті құрметтеудің көрінісі.

Өкінішке қарай, қоғамда құқық бұзушылық, алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, интернет арқылы жасалатын қылмыстар сияқты мәселелер әлі де кездеседі. Мұндай жағдайларға бейжай қарауға болмайды. Әрбір құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Әділдік бар жерде заңға сенім болады

Заң үстемдігі дегеніміз – заңның барлық адамға бірдей қолданылуы. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, қызметіне, лауазымына немесе материалдық мүмкіндігіне қарамастан, барлығы заң алдында тең болуы керек.

Сонымен қатар заң мен тәртіп тек азаматтардан талап етілетін міндеттер жиынтығы болмауы тиіс. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар да заң талаптарын қатаң сақтап, халық алдында жауапкершілік танытуы қажет.

Азамат мемлекеттік органға өтінішпен жүгінген кезде оның мәселесі формалды түрде қаралмай, нақты әрі әділ шешімін табуы маңызды. Халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі дәл осындай ашықтық пен әділдіктен қалыптасады.

Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігі, мемлекеттік қызметтің ашықтығы, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңсыздыққа жол бермеу – құқықтық мемлекеттің басты көрсеткіштері.

Тәртіп – тек жазалаумен емес, тәрбиемен қалыптасады

Қоғамда тәртіп орнату тек айыппұл салу немесе жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Ең тиімді жол – құқық бұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту.

Әсіресе жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мектептер мен жоғары оқу орындарында заң тақырыбындағы тәрбиелік іс-шараларды көбейту маңызды.

Әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің де құқығын құрметтеуді үйренуі қажет. Өйткені өз құқығын қорғау мен өзгенің құқығына қол сұқпау – құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі.

Заң мен тәртіп – ортақ жауапкершілік

Әділетті Қазақстанды қалыптастыру үшін заң талаптарын орындау баршаға ортақ қағидаға айналуы керек. Заңды құрметтейтін, тәртіпті сақтайтын, әділетсіздікке бейжай қарамайтын қоғам ғана болашаққа сеніммен қадам басады.

Заң мен тәртіп салтанат құрған мемлекетте азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қоғамдық тұрақтылық нығаяды, мемлекеттік органдарға деген сенім артады.

Ең бастысы, заң мен тәртіп әрбір азаматтың санасында қалыптасқан өмірлік ұстанымға айналуы тиіс. Себебі тәртіпті қоғамды тек заң арқылы емес, заңды құрметтейтін азаматтар арқылы қалыптастырамыз.

Заң үстемдік еткен жерде – әділдік, тәртіп орнаған жерде – тұрақтылық болады.

 

Жуалы ауданы Сот әкімшісінің

бас маманы

Дулат Досыбайлы

Таңдаулы материалдар

Close