Basty bet
Жеті инвестициялық жоба іске асырылмақ
Бүгінгі таңда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы іске асырылып отырған Жетітөбе ауылдық окіругінде ілгерілеу бар. Президентіміздің де ауыл шаруашылығына басымдық беруі бүгінгі таңда ауыл өміріне тың серпін әкелгендей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық беруі тегін емес. Президентіміз Жолдауында: «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген» дей келіп оны әрі қарай дамыту туралы тапсырма берді.
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбековтың айтуынша, округке қарасты 6 елдімекенде 529 аула бар. Оның 514-і жаңа тартылған көгілдір отынның, 236-ы таза ауызсудың игілігін көріуде. Тұрғын саны 3068. Халыққа төрт білім ошағы, екі балабақша, алты медициналық пункт, екі клуб, үш кітапхана, 9 азық-түлік дүкені қызмет көрсетуде.
– Округтегі ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие беру шаралары бес бағытта жүрзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жобаның бірінші бағыты, үй іргесіндегі жер телімін игеруге 513 аула қатысуда. Ал екінші бағыты, мал шаруашылығын дамыту 174 аулада іске асырылмақ, – дейді Қайнарбек Беделбеков.
Ауыл әкімінің айтуынша, бұл бағыт бойынша 249 өтінім қабылданып, оның 51-і тұрғылықты мекенжайының басқа жақта болуына байланысты кері қайтарылыпты. 198 өтінім «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қарауына өтіп, бүгінге 142 өтінім мақұлданған. Соның ішінде 51 өтінім иесі қаражатқа қол жеткізіп, 472 бас мал алыныпты. Оның 108-і сиыр, 46-сы жылқы, 318-і қой.
Ал ауыл тұрғындарының ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында 51 ұсақ шаруа қожалық жаңа құрылған кооперативке мүше болып қосылған. Округте жаңа құрылып отырған «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы кооперативіне төраға болып Александр Уразовский сайланған. Кооператив несиеге 3 трактор мен 7 ауыл шаруашылығы тіркемелерін алып, көктемгі егіс жұмыстарына араласып кеткен.
– Президентіміз Жолдауында ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығы саласында басымдық беріп отыр. Бүгінде Президенттің тапсырмасымен Үкіметте қабылданған «Ауыл Аманаты» жобасының өз тиімділігін округімізде беріп жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Шынын айтқанда, жоба ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, өз жұмысын бастауға үлкен серпін берді. Атап айтсақ, жобаның бесінші бағыты аясында төрт ауыл тұрғыны өз бизнестерін ашуға өтініш тастады. Олардың өтініштері бүгінгі таңда корпарация тарапынан қолдау табуда. Сол қолдау тапқан жобаның біреуі жылыжай, – дейді округ әкімі.
Бұдан бөлек, округте сүт бағытында алты ауыл шаруашылығы кооперативі мен жеке кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істеуде екен. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан «Жуалы-Ерзат», «Шыңбұлақ-20», «Сансызбай», «Қамбар», «Игілік-Береке» пен «Алатау сүт өнімдері» кәсіпкерліктері сүт бағытында жұмыс істеп жатыр.
Округтің негізгі бағыты – мал шаруашылығы мен егіншілік. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандардан бөлек, 288 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Олардың күшімен қазіргі таңда 10621 гектар егістік алқап игеріліп отыр. Көктемгі дала жұмыстарына 129 ауыл шаруашылығы техникасы араласуда. Шаруа қожалықтардың күшімен күз айында үстіміздегі жылдың өнімі үшін 1233 гектар алқапқа күздік себілген. Бүгінде арпа 2610, жүгері – 10, картоп – 90, мақсары – 3676, күнбағыс – 5, бақша дақылдары – 15, жоңышқа – 380, мал азығы дақылдары – 3695 гектар алқапқа орналастырылуда.
Ағын су мәселесі округте біртіндеп шешімін тауып келеді. Жалпы округте алты канал болса, оның ішінде былтыр Кәріқорған, Тасбастау, Қосмұрат, Майбұлақ каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілген. «Тарақұл» каналынан да ағын су келіп тұр екен. Биыл тоғандарға су жиналыпты. Алдағы уақытта округ тұрғындары ағын судан айтарлықтай тапшылық көрмейді деген сенім мол. Бұдан бөлек, округтегі шаруа қожалықтар жалпы мемлекеттен 128 миллион теңгеден аса субсидиямен қамтылған. Егін шаруашылығымен қатар округте мал басының өскені байқалады. Атап айтсақ мүйізді ірі қара 5705, қой-ешкі 20267, жылқы 1476 басты құраған. Құс саны – 4936 басқа жеткен. 12 мал қыстағында мал төлдету науқаны қызу жүргізілуде.
– Ауылдың әлеуетін көтеретін негізінен округке тартылатын инвестициялық жобалар. Өткен жылы кәсіпкерлік бағытта бір азық-түлік дүкені ашылды. Оның жобалық құны – 2,8 миллион теңге. Бұдан бөлек, мемлекеттік бюджет есебінен Қоңыртөбе, Тасбастау мен Кәріқорған ауылдарына таза ауызсу құбыры тартылуда. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылу үстінде.
Биыл округте жеті жобаны іске асыру көзделіп отыр. Осы жобалардың аясында округ аумағында техника жөндеу орталығы, наубайхана, көлік жуу, жиһаз жасау, тігін цехтарымен қатар «ІМС» Group» ЖШС мақсары майын өндіру цехын іске қоспақ ниетте. Бұдан бөлек, бір жылыжай салынбақ. Сонымен қатар «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі сүт өңдейтін цехын кеңейткелі отыр. Ол үшін Түркия мемлекетінен жалпы құны – 41 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын алдырғалы жатыр, – дейді ауылдық округтің әкімі Қайнарбек Беделбеков.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»