Basty bet
Түлектер қанат қақты
Аудан орталығындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейде салтанатты соңғы қоңырау мерекесіне байланысты «Болашаққа бастар жол» тақырыбында соңғы қоңырау жиыны өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің м.у.а. Асхат Жабағы, Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов, аудандық білім бөлімінің маманы Жібек Башаева қатысып, мектеп ұжымы мен түлектерді құттықтап, оларға ізгі тілектерін де қоса жеткізді.
Мектеп-лицей директоры Руслан Сайлаубаев құттықтау сөз сөйлеп, аяқталған оқу жылындағы негізгі жұмыстарға тоқталды.
Айта кетсек, биыл мектеп-лицейге тарихи тұлға, Алаш арысы, «Алашорда» автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның есімі берілген болатын. Бүгінде ұлт қайраткерінің есімін иеленген мектептің қабырғасында 565 оқушы білім алу үстінде. Оның ішінен – 117 оқушы үздік, 236 оқушы екпінді. 59 оқушы 9 сыныпты, ал 33 оқушы 11 сыныпты бітіргелі отыр. Үздік аттестатқа 9 сыныптар бойынша 5 оқушы, 11 сыныптарда бес оқушы үміткер.
Салтанатты жиында аудандық, облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, оқу үдерісінде жемісті еңбек етумен қатар жоғары жетістіктердің үлгісін көрсетіп жүрген ұстаздар және үздік оқушылар марапатталды.
1сынып оқушыларының тілегі тыңдалып, мектеп бітірушілерге естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге жиында мектеп бітіруші түлектердің алғашқы ұстаздары мен сынып жетекшілері сөз алып, оқушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты жиында «Алау» тапсыру рәсімі орындалып, салтанатты жағдайда соңғы қоңырау соғылды.
«Жаңа өмір»-ақпарат