Basty bet

Жастар – ел тIрегI

Қазақ халқында «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы», «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөздер бар. Осы сөздердің мәніне терең үңілер болсақ, бүгінгі жас ұрпақтың ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын басшы азаматтарға айналатынын, болашақта ел билігі жастардың қолында болатынын білдіреді.
Олай болса, біздің елімізде жастардың бүгінгі ахуалы қандай? Оларға мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп отыр ма? Жастардың әлеуметтік, мәдени және саяси құқықтары іске асып келе ме? Республикамыздағы жастар ұйымдарының қоғамға, әсіресе, жастарға тигізіп жатқан көмегі қандай деген сұрақтарға жауап іздегеніміз жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел жастарына ерекше үмітпен қарап отырғанына назар аудартты. Мемлекет басшысы: «Сендердің алдарыңда Қазақстан дамуында шешуші рөл атқаратын міндет тұр. Менің міндетім – сендердің ең үлкен армандарыңды жүзеге асыру және өздеріңнің жеке тарихи жетістіктеріңді құру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап беру», деген болатын.
Бүгінде мемлекет жастарды қолдау бойынша бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда: «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы, кәсіпкерлік идеяларды дамытуға бағытталған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы – сол мақсаттың айқын көрінісі. Алдағы уақытта да жастар стартаптарын қолдайтын, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты ауқымды бағдарламалар қолға алынады.
Еліміздің мемлекеттік жастар саясатының жаңа даму кезеңі 2015 жылдан бастау алады. Осы жылы ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Ал биыл осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Соның ішінде жастардың орта жасын 35-ке дейін ұлғайту туралы да ұсыныс бар. Егер мақұлданатын болса, онда елімізде жастардың үлесі көбеймек. Әзірге, Қазақстан халқының жалпы санының 20,2%-ы – жастар.

Қоғам дамуының ажырамас бөлшегі

Жастар – ел дамуы мен болашағының стратегиялық ресурсы. Сол себепті мұндағы саясаттың негізгі дивиденті болашаққа құйған капиталмен бірдей. Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуы, білім алуы, кәсіби біліктілігінің артуы, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы, құқығының қорғалуы, заңды мүддесінің жоғары тұруы, шешім қабылдау процестеріне атсалысуы, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайын көтеру.
Сондай-ақ жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасындағы тәрбие кіреді. Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қам-туды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді приоритетті бағытта қарастырады.

Жастарға шағын
несиелер беріледі

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен және т.б. айналысатын азаматтарға конкурстық негізде берілетін болады.
Шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін). Жалпы, бұл жобаға 2023 жылы 28 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл 5,7 мыңнан астам жастарды қамтуға мүмкіндік бермек.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close