Basty bet

«Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалі

жуалылық өнер ұжымдары халықтық атақтарын абыроймен қорғады

Тараз қаласында Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Өнер көзі – халықта» тақырыбында облыстық фестивалі өтті.
Халықтың бойында сақталған асыл мұраны дәріптеп, өнер арқылы ұлттық құндылықтарды жаңғырту және өңірлердегі шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатындағы шарада өнер ұжымдары өздерінің үздік бағдарламаларын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өнер мерекесіне Тараз қаласы мен облысқа қарасты 10 ауданнан келген барлығы 46 өнер ұжымы қатысып, халық шығармашылығының сан қырлы үлгілерін көпшілік назарына ұсынып, халықтық атақтарын қорғады. Бір сахнада бас қосқан өнерпаздар ән мен күйдің, жыр мен бидің құдіретін дәріптеп, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Бұл – өнер арқылы рухани байланысты нығайтып, мәдени сабақтастықты жалғаған кездесу болды.
Аталған мәдени шараға Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнер ұжымдары да қатысып, туған өлкенің өнерін абыроймен таныстырды. Фестиваль сахнасында «Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамблі, «Бөкейтау» вокалды-аспапты ансамблі және «Жаңабаевтар» отбасылық халықтық ансамблі өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамблінің орындауындағы әсем әндер мен көркем билер ұлттық өнердің сұлулығын айшықтай түссе, «Бөкейтау» вокалды-аспапты ансамблі сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Ал «Жаңабаевтар» отбасылық халықтық ансамблі отбасы тәрбиесі мен өнер сабақтастығының жарқын үлгісін паш етіп, ұлттық құндылықтардың отбасынан бастау алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жуалы жері ежелден өнер мен мәдениеттің, ән мен жырдың ордасы саналады. Батырлар мен ақындарды, күйшілер мен жыршыларды дүниеге әкелген қасиетті өлкенің бүгінгі өнерпаздары да сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Тараз төрінде өткен бұл фестиваль аудан өнерпаздарының шығармашылық ізденісін шыңдап қана қоймай, мәдени байланыстарды нығайтуға да зор мүмкіндік берді.
Халықтың рухани байлығы – оның мәдениеті мен өнері. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Өнер көзі – халықта» фестивалі осы міндеттің маңызын тағы бір мәрте айқындап, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті.
Өнердің өрісі кеңейіп, халық шығармашылығының мерейі арта берсін!

Салтанат Мейіржанқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close