Basty bet
Қордайдағы қарқынды алма бағы: заманауи технология мен мол өнімнің кепілі
Қордай ауданында қарқынды алма бағын дамыту ісі қарқын алып келеді. Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылы маңында орналасқан «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде өңірдегі ірі аграрлық жобалардың біріне айналды. Мұнда 110 гектар аумақта голден делишес, ред делишес, гала және фуджи сұрыпты алма ағаштары өсірілуде, деп хабарлайды baq-orda.kz Жамбыл облыстық «Знамя Труда» газетіне сілтеме жасап.
Кәсіпорын өз жұмысын 2019 жылы бастап, қысқа уақыт ішінде қарқынды бау шаруашылығының тиімділігін дәлелдей алды. Жобаны жүзеге асыруға серіктестік жеке қаражатымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы шамамен екі миллиард теңге қаржы тартқан. Жалпы инвестиция көлемі төрт миллиард теңгені құрайды.
Жеті жыл бұрын Италиядан әкелінген көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, бүгінде мол өнім беруде. Мамандардың айтуынша, бау отырғызар алдында топырақ толық дайындалып, арнайы шпалерлік жүйе орнатылған. Бетон тіреулер мен сым тартылған бұл құрылым жас ағаштарды желден қорғап, олардың дұрыс өсуіне мүмкіндік береді.
Интенсивті бақтағы аласа алма ағаштарының тамыр жүйесі қысқа болғандықтан, олардың биіктігі 3-3,5 метр деңгейінде ұсталып, тұрақты түрде бұталып отырады. Сонымен қатар құстар мен бұршақтан қорғау үшін арнайы қорғаныш торлары пайдаланылуда.
Дәстүрлі және қарқынды бақтың айырмашылығы да айқын. Кәдімгі бақта бір гектарға шамамен 600 түп ағаш егілсе, мұнда әр гектарға 3,5 мың түпке дейін алма көшеті отырғызылған.
Кәсіпорын агрономы Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, шаруашылық жылына 2500-3000 тонна өнім жинайды.
– Өнімнің басым бөлігі Қазақстан нарығына шығарылады. Көктем және күз мезгілдерінде алма жинау науқаны кезінде 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал тұрақты түрде 30 шақты адам еңбек етеді. Олар ағаштарды бұтау, шөп шабу және күтім жұмыстарымен айналысады. Бақта тамшылатып суару жүйесі енгізілген, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу тұрақты жүргізіледі, – дейді агроном.
Қазіргі таңда алма ағаштары гүлдеп болған. Енді жеміс түйіндері қалыптаса бастайды. Бақ ішінде арнайы техника зиянкестерге қарсы дәрі шашып жүр. Суару жүйесі автоматтандырылғанымен, жұмысшылар оның үздіксіз әрі дұрыс жұмыс істеуін бақылауда ұстайды.
Шаруашылықта еңбек етіп жүрген Мейрамкүл Қанаева мұнда 2019 жылдан бері жұмыс істейтінін айтады.
– Біздің міндетіміз – ағаш отырғызу, бұтау, арамшөп тазалау және маусым кезінде алма жинау. Жұмысымыз өзімізге ұнайды, еңбекақы уақытылы төленеді. Қазір басшылық бақ маңынан заманауи көкөніс қоймасын салып жатыр, – дейді ол.
Жаңа қоймада 500 мың тоннаға дейін алма сақтауға мүмкіндік болады. Онда өнімді ұзақ уақыт сапасын жоғалтпай сақтау үшін арнайы температуралық режим мен вакуумдық технология қолданылмақ. Сонымен қатар техника жөндеу шеберханалары мен қызметкерлерге арналған кеңселер салу жоспарланған.
Бақтағы жұмыстар да толықтай заманауи тәсілмен ұйымдастырылған. Жиналған өнім арнайы тіркемелі көлікпен пластик жәшіктерге салынып тасымалданады. Кейін қоймада өнім сұрыпталып, өңдеуден өтеді.
Бүгінде «Азия сад» серіктестігі қажетті техникалармен толық қамтылған. Шаруашылықта тракторлар, экскаваторлар және бау жұмыстарына арналған өзге де арнайы техникалар бар.
Кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім экспортын арттыруды көздеп отыр. Заманауи технология мен жүйелі еңбектің арқасында Қордайдағы қарқынды алма бағы өңір агросекторының табысты жобаларының біріне айналып келеді.