Basty bet
ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Қарабастау ауылында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заң мен тәртіп: отбасындағы тәрбие – құқықтық мәдениеттің негізі» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Басқосу барысында қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың бастауы отбасындағы тәрбиемен тығыз байланысты екені сөз болды. Өйткені заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін ұрпақ тәрбиелеу – тек мектептің емес, ата-ана мен тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың модераторлығымен өткен кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, педагог пен отбасы арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаров интернет алаяқтықтың жаңа тәсілдері, азаматтарды «дропперлікке» тарту әрекеттері, жалған қоңыраулар мен фишингтік сілтемелерден сақтану жолдарын түсіндірді. Жастар арасында белең алып отырған лудомания мен электронды темекінің зиянына да ерекше назар аударылды.
Ал «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Сейтхан Жұмашев ұлттық құндылықтар мен үлкенге құрмет, жауапкершілік пен тәртіп мәдениетінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Тақырып аясында нақты ұсыныстар да айтылды.
Заңды білу – құқықтық сауаттылықтың көрінісі болса, оны құрметтеу – азаматтық мәдениеттің белгісі. Ал мұндай мәдениеттің алғашқы сабағы отбасында беріледі.
Заңға құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу – қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастырудың берік негізі.
#Заңжәнетәртіп
#Законипорядок
#Жамбылоблысы
#Жамбылскаяобласть