Basty bet

Жамбыл облысында эпизоотиялық ахуал тұрақты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ветеринария саласының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау жөнінде кеңес өткізді.

Жиында ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев 2026 жылға жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысы туралы баяндады.

Оның мәліметінше, биыл жануарларды 12 түрлі жұқпалы аурудан қорғау үшін 16,3 млн вакцина егу және бруцеллезге қатысты 5,3 млн диагностикалық манипуляция жүргізу жоспарланған. Жыл басынан бері 14,5 млн вакцина егіліп, 5 млн диагностикалық жұмыс атқарылды.

Қазіргі таңда облыс аумағында жануарлар арасында аса қауіпті аурулар тіркелмеген. Эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Мал басын есепке алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңір бойынша 1 327 694 бас төлді бірдейлендіріп, дерекқорға енгізу жоспарланған. Бүгінде оның 1 234 972-сі қамтылып, жоспар 93 пайызға орындалды.

Ветеринариялық-профилактикалық жұмыстар аясында эндемиялық аймаққа жататын 42 елді мекенде залалсыздандыру жүргізілді. Нәтижесінде 24 329 қора-жай, буферлік аймақтың 142 мың шаршы метрі және 472 мың бас жануар өңдеуден өтті.

Ветеринариялық станцияның қызметінде ақылы қызмет көрсету бағытының үлесі артып келеді. 2026 жылға 160 млн теңгенің ақылы қызметін көрсету жоспарланған. Бүгінге дейін 140,2 млн теңгеге қызмет көрсетілген.

Түскен қаражат есебінен аудандардағы ветеринариялық пункттерге 156 компьютер және препараттарды сақтауға арналған 156 тоңазытқыш сатып алынды. Сонымен қатар қалған қаражатқа аудандық ветеринариялық бөлімдерді 10 Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлігімен қамтамасыз ету көзделген.

Кеңесте өңір басшысы ветеринария саласының маңыздылығына тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыс ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, халықтың санитариялық қауіпсіздігі мен денсаулығына да тікелей әсер ететінін баса атап өтті.

Осыған байланысты Ербол Қарашөкеев жауапты басқармалар мен мекемелерге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, төлдерді бірдейлендіру және вакцинациялау жоспарын толық орындау, дерекқордағы мәліметтерді нақты мал басымен салыстыру, келесі жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспарын пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ аса қауіпті аурулардың алдын алу шараларын жалғастырып, мал сою және ет сату орындарына бақылауды күшейту міндеттелді.

Жиын қорытындысы бойынша  облыс әкімі нақты шаралар қабылдау керектігін жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close