Basty bet

Жігерлі жастардың қаласы

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астана қаласына 27 жыл толып отыр. Еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың туған күніне дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Бұл түсінікті де, өйткені Астана күні жалпыұлттық мерекеге айналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Астана – болашағы зор қала» деп атап айтқандай, жастардың қай салада болсын жұмыс істеуге, білім алуына және демалуына мүмкіндік көп.

Елордаға үлкен мақсатпен барып, әсем қалада тұрақтап қалған жастардың бірі Бағнұр Медетбек жайлы осы мақалада сөз еткелі отырмыз. Жуалылық азамат қысы ызғар, жазы салқын болса да тағдырын осы қаламен байланыстырған. Жасыл желекті, көкпен таласқан таулары бар өңірде өмірге келіп, әсем Астанада білім алған Бағнұрдың бүгінде арманы асқақ.
Ол Қайрат ауылында туған. Сол ауылдағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Білімге құштар жас таудай талпынысының нәтижесінде Астана қаласындағы IT университетінде «Big data scientist» мамандығын меңгеруге мүмкіндік алған. 2020 жылы студенттік шақтың есігін ашқан ол жоғары оқу орнын тамамдап, сондағы Назарбаев университетіне зерттеу деректерін талдаушы болып жұмысқа орналасады. Атқаратын қызметін нақтылай кетсек, аналитикалық процестердің ашықтығы мен қайталануын арттыру, деректерді түсіндіру мен пайдалануда зерттершілерді қолдау.
Бүгінгі күні елорда тұрғындарының санын еліміздің барлық өңірінен білімге талпынып, жұмыс іздеп, арман қуып келген қыз-жігіттер еселеп өсіруде. Сондықтан ел астанасының ажарын жастардың бет-бейнесі, өмір салты мен армандарымен салыстырған жөн. Осыны ұққан жас маман болашақта елордада тұруды армандайтынын айтады.
– Шынымды айтсам, Астана менің екінші үйіме айналды. Мұнда мен білім алдым, алғашқы еңбек жолымды бастадым. Жоғары оқу орнын тамамдап, Big Data инженері ретінде жұмысымды бастаған сәттен бастап, бұл қаланың үлкен мүмкіндіктерге толы екенін сезіндім. Әзірге басқа қалаға қоныс аудару ойымда жоқ. Астана – өз ісіне шын берілген адамдар үшін таптырмас орта. Мұнда бәрі дамуға итермелейді, яғни, көп нәрсе ортаңа да байланысты,- дейді жас маман Бағнұр Нұржанұлы.
Қызметте өз ісінің маманы атанған ол аз уақыттың ішінде нағыз астаналық болып, жаңа жұмысына сіңіп үлгерген. Әңгіме барысында кейіпкеріміз ел астанасы туралы толғанысын және басқа қалалармен салыстырғандағы Астананың қандай ерекшілігі бар екенін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, ең бірінші – қарқыны. Онда бәрі тез өзгереді, дамиды. Жаңа идеяң бар ма – қолдайды, жобаң бар ма – іске асыруға көмектеседі. Бұл жер тек жұмыс істеуге емес, арманыңды жүзеге асыруға қолайлы қала. Тағы бір артықшылығы – жастар жағы өте белсенді. Астананы нағыз жастардың қаласы деуге тұрарлық. Заманауи кампустар, IT-хабтар, халықаралық форумдар. Басқа қалаларда мұндай шоғырланған мүмкіндіктер мен қолдау жүйесі аз.
Неге жастар қаласы дейміз? Себебі жастар қауымына арналған мол мүмкіндіктерге есігі айқара ашық. Оқимын десең үздік университеттер бар, дамимын десең стартаптар, форумдар, акселераторлар жеткілікті. Сонымен қоса, елдегі ең алдыңғы қатарлы компаниялар мен зерттеу орталықтары да осында. Жан-жағыңа қарасаң, бірі ғылыми зерттеумен айналысуда, бірі стартап бастап жатса, енді бірі халықаралық жобада жұмыс істеп жатыр. Сол ортада жүрген жас ретінде, өзіңді мықты адамдармен қоршап, жақсы әрі дамушы орта қалыптастыру маңызды. Бағнұр университетте жүріп, осы атмосфераны сезіне бастағанын айтады. Мұнда жаңашылдықпен қатар, үздікке ұмтылуға деген бәсекеге қабілеттілік пайда болады. Ең бастысы – жастарға деген сенім бар!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close