Basty bet
Өзін тәрбиелей білмеген өзгеге өнеге көрсете алмайды
Ата-ананың дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар бере алмауынан теріс жолға түскен балалар қоғамда бар. Мұндай жастар көбіне өмірден өзін таба алмай жүреді. Ал, керісінше, балаға отбасыда тамаша үлгі, өнеге берілсе, ол лайық тұлғаға айналмақ. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның психолог маманы Шынар Есдәулетоваға ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жастар арасындағы тәрбие мәселесіне қатысты бірнеше сауал қойған едік.
– Қазір ата-ана мен бала арасындағы түрлі келеңсіз жайттарды жиі естіп жүрміз, әсіресе балаларға үлкендер тарапынан жасалатын буллинг. Мұның басты себебі не?
– Адамға рухани даму өте қажет. Кейбіреулер қоғамда өзін-өзі таппай жүреді. Адам сөйтіп шаршайды. Мұндай жандар өзін-өзі таппағандар. Жасы 70-ке келсе де, кейбір адам рухани тұрғыдан өспей қалған. Алланың 99 есімі бар. Сол есімдер адамның бойынан сипат тауып, ашылуы қажет. Қазір психология саласы дамып жатыр. Отбасында мейірім көрмеген балалар шектеумен өседі. Адамның махаббатын сезінбей ержету немесе бойжету қиын. Соның әсерінен жан дүниеге түскен жараны емдеп алуға тырысу қажет. Ата-ана да, бала да, әр адам жан дүниесін емдеуге ұмтылса деймін. Өйткені жаны саудың – тәні сау. Сонда ғана қоғам бүтін, отбасы бақытты болады емес пе?! Бақытсыздық, агрессиямен жүру, ашушаңдық қалыпты жайтқа айналмауға тиіс. Өкінішке қарай, ондайды қалыпты дүниеге айналдырғандар да бар. Ал, оның зияны орасан. Кейбіреулер сыртта үнемі күліп жүреді де, отбасына келгенде бетпердесін шешеді, яғни бүкіл агрессиясын отбасы, балаларына көрсетеді. Жақындары содан зардап шегеді. Көп отбасының ажырасуының да бір себебі – осы.
Мүмкін, ол ата-ананың ойланатын да уақыты жоқ, мүмкін, дұрыс ойлана да алмайтын шығар. Себебі, олар өзін танумен, дамытумен айналыспаған. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді. Сөйтіп, өмір сүре береді, солай уақыттың қалай өткенін білмей қалады. Ал оның балалары да дәл сондай ата-ана болып шығады да, ертең ол да ұрпағына зиянын тигізеді. Сондай ұрпақ жалғастығында адамдардың жақсылыққа жетуі қиын. Осылай жалғаса берсе, ұлттың кодын, болмысын өзгеруі мүмкін. Ата-ана материалдық тұрғыдан аса бай болмаса да, балаға деген үлкен махаббат, мейірім, әке мен ананың ортасында сыйластық орнаса, осындай ортада өскен бала толыққанды перзент болып өседі.
Негізінен, зорлық-зомбылық көрсететін балалар психологиялық тұрғыдан толыққанды өсіп-жетілмейді. Өйткені, олар үйден жеткілікті тәрбие көрмейді, ата-ана күні бойы жұмыста болып, қараусыз қалуы мүмкін. Жұмыстан шаршап келген ата-ана ашуланады, балаға көңіл де бөлмейді. Баланың жағдайын жасап, керек ақшасын тауып беріп, соңғы үлгідегі телефондарын алып беріп, «бұдан артық не керек?» деп, материалдық жағдайын ойлауы ықтимал. Бірақ бұл жерде ең бастысы – махаббат, сүйіспеншілік, көңіл бөлу. Сондықтан басты назар осы нәрсеге салынуы керек.
Қазір көпшілігі қызмет, ақша қуады. Сөйтіп, махаббатын баласына бере алмайды. Баласы әке-шешесінің бір-біріне деген сыйластығын, мейірімін көріп өспегеннен кейін, «жан-жақты, толық отбасы деген не, махаббат деген не, адамға жанашырлық таныту деген не екенін» түсінбейді. Ондай балалар барлық нәрсені материяға теңеп қоюы мүмкін. Зорлық-зомбылық көрсететіндер жүрегінде махаббат жоқ балалар деп ойлаймын. Ал шын мейірім мен сүйіспеншілік көрген бала ешкімге қол көтере бермейді. Сондықтан отбасы негіздері дұрыс болса дейсің.
– Тәрбие отбасынан басталады. Ата-ана баланың кәмелеттік жасқа толғанынша жауапты. Бала ата-анасының мінез-құлқын, әдеттерін бойына жинайды. Бала құрсаққа біткеннен бастап, анасының іс-әрекеті, ойлау қабілеті, сөйлеген сөздері, өзгермелі көңіл күйі баланың санасына жазыла бастайды. Перзентіне дұрыс тәрбие беру – ата-ананың борышы. Кейде интеллектуалды балаларды байқаймын, бірақ олардың мінезі агерссивке толы болып келеді. Бұған әке мен шешенің көңіл бөлмеуі себеп болуы мүмкін. Білімнің қайнар көзі мектеп болса, тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Балаға ата-ана жол бастаушы болмаса қолындағы гаджеттер тәрбиелейді. Бала кейде TikТok-тағы жағымды-жағымсыз челлендждер тілімен де сөйлеп кетіп жатады. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстағы кейбір ата-ана балаларын ақылы мектепке береді де, «болды, сендер міндеттісіңдер» дейді. Тәрбиелі балалардың сөйлеген сөзінен, әрекетінен, мінезінен қандай текті ұрпақ екені білініп тұрады. Сондықтан, Абай атамыз айтқандай, баланы емес, бірінші өзіңді тәрбиелеген жөн. Қазір әке мен ана таңнан кешке дейін тірліктің ғана қамын ойлап жүр. Бала ақ қағаз, әрекетіңізді сканер сияқты өзіне көшіреді. Тәжірибемнен айтайын, қаншама ажырасқан отбасы болды. Ажырасу салыстырмалы түрде үлкендерге оңайырақ, ал балаға ауыр, жан дүниесіне соққы болып тиеді. Толық отбасының перзенттерін балабақшадан, мектептен әкесі алып кетсе, толық емес отбасының баласы жаутаңдап қалады.
– Буллинг бала психикасына қалай әсер етеді?
– Отбасында психикасы зақым алған балаларды сол сәтінде емдеу қиын. Өскен соң психологтарға барып емделіп жүретіндер көбіне сондай балалар ғой. Кейбіреулер психологияға қарсы болып жатады.
Ата-ана – бала үшін басты адам. Оның қамқоршысы, қауіпсіздігі. Сол адамдар перзентін қорғамай, өзі оны ұрып, айғайласа, бала бұл өмірде өзін қорғансыз сезінеді. Содан кейін ол қорқақ, өзіне сенімсіз, агрессивті болып өседі. Әр ата-ана «қандай ұрпақ тәрбиелеп жүрмін» деп ойлануы керек. Өздері үшін болмаса да, баланың болашағы үшін өзгергені жөн. Бала әкесі мен анасының көшірмесі іспетті.
– Қоғамдағы жағдайға қарап, балаға күш көрсеткен ата-анаға шара қолдану керек дей аламыз ба?
– Балаларға қысым көрсететін ата-анаға шара қолдану керек. Дамыған мемлекеттерде бұл жақсы жолға қойылған. Осыған қатысты жетілген құрылымдар, қадағалайтын арнайы органдар бар. Сонымен қатар, баланы кішкентай кезінен бастап 18 жасқа дейін қадағалайтын мамандары тағайындалған. Сондықтан, бізде де балаға күш көрсетілген жағдайда, оған мемлекет араласуы керек деп есептеймін. Ол үшін бүгінгі жүйе біртіндеп жақсы жұмыс істей беруге тиіс.
– Психолог мамандар баламен жұмыс істегенде бірінші нені ескерген жөн?
– Балаға әрқашан мүмкіншілік берілуі керек. Біз оның шекарасынан аттап өтіп, міндеттемеуіміз шарт. Өйткені, ол да адам. Сіз нағыз маман болсаңыз, бала жанының кілтін табасыз. Мұнда жұмысыңызды сүйіп жасау да маңызды рөл ойнайды.
Психолог Шынар Керімбекқызының әңгімесінен шығатын қорытынды: Ел боламын десек, отбасы негіздерін түзейік. Қазіргі әлемнің негізгі дерті – рухани дерт. Ал оның жалыны отбасын шарпымасын десек, рухани тұрғыдан толық, жан-жақты, тәрбиелі, толық, кемел ата-ана болуға тырысайық!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»