Basty bet
ОТБАСЫ – отаннЫҢ ІРГЕТАСЫ
Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1993 жылдан бастап 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні ретінде аталып келеді. Бұл күннің негізгі мақсаты – қоғамның ең кіші, бірақ ең маңызды ұясы саналатын отбасының рөлін насихаттау, оның алдында тұрған мәселелерге назар аудару.
Қазақ халқы үшін отбасы әрқашан қасиетті ұғым болған. «Отан отбасынан басталады» деген қағида – ұлттық тәрбиенің өзегі. Ата-ананың тәрбиесі, аға-інінің сыйластығы, жар мен бала арасындағы мейірім – қоғамның рухани денсаулығының көрсеткіші. Отбасы – тәрбиенің алғашқы мектебі. Баланың бойына адалдық, еңбексүйгіштік, жауапкершілік сияқты қасиеттер алдымен отбасында сіңеді. Мықты отбасы – мықты тұлға, ал мықты тұлға – мықты мемлекеттің кепілі. Сондықтан, отбасы институтын нығайту – ұлт болашағына салынған инвестиция.
Әр адамның жүрегін жылытатын бір мекен бар. Ол – отбасы. Отбасы– адамзат баласының ең қымбат құндылығы, өмірдегі басты тірегі мен таусылмас қуат көзі. Отбасы – әлеуметтік ұғым ғана емес, ол – рухани, мәдени, тарихи іргетас. Қазақ халқы ежелден отбасыға ерекше мән берген, оны тәрбие мен дәстүрдің алтын бесігі санаған. Әке – отбасының тірегі, ана – отбасының жүрегі болса, бала – сол отбасының болашағы. Осы үштік тұтасқанда ғана отбасында бірлік пен береке орнайды. Қазақтың дәстүрінде «ата-баба аманаты», «тектілік», «ұрпақ сабақтастығы» деген ұғым кең таралған. Мұның бәрі отбасы құндылықтарына тікелей байланысты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адалдық пен еңбекқорлыққа баулу – мұның бәрі балаға отбасында сіңіріледі. Демек, қоғамда болып жатқан жақсы-жаман құбылыстың көбі отбасындағы тәрбиеге байланысты.
Сонау көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесімен, игі салт, ізгі дәстүрлерімен мақтана алатын халықтың бірегейі – қазақ ұлты десек, қателеспейміз. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті, біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек те болады.
Уақыт және күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, отбасы мәселесі әр елде әртүрлі қаралып келеді. Өйткені, әр ұлттың қалыптасқан өзіндік менталитеті бар. Оған қоса, сол мемлекеттің отбасына қатысты ұстанған саяси бағыты болатыны да белгілі. Ол әсіресе, алдымен демографиялық жағынан анық көрінеді. Мысалы, Қытайда халық санының күрт өсуіне байланысты бала тууға шектеу қойылды. Ал, АҚШ және бірқатар Батыс елдерінде «баласыз отбасы» деген сәнге айналғаны белгілі. Өкінішке орай, елімізде ешқандай шектеу болмаса да дүниеге ұрпақ әкелу кейбір жылдары бәсеңсіді. Оның басқа да түрлі себептері бар. Елімізде жүргізілген сауланамалар мен ажырасу фактілерін сараптау қорытындысында ең басты себептердің бірі – жас отбасыларының төмен тұрмыстық жағдайы екен. Баспанасыз пәтерден пәтерге көшіп жүру, жұмыссыз қалу, жұмыс болған күннің өзінде айлық жалақыларының мардымсыздығы шаңырақтың шайқалуына алып келетін кездері жиі орын алатынға ұқсайды.
Әрине, отбасындағы ерлі-зайыптылар ажырасуының азайғаны қуантарлық жағдай. Бірақ бұл көрсеткіш біздің ел үшін тым көп болып есептеледі. Оның ең басты себебі, кең-байтақ жерді иемденіп отырған қазақ ұлтының санының тым аздығы. Ел байлығын, мемлекеттің қуаттылығын арттыру үшін халық санының әлі де арта түскені жөн.
Қазақ халқы үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болуды о бастан дәріптеп келген, отбасын ойрандатпауға көп күш жұмсаған. Біріншіден, әке мен шешенің арасындағы қарым-қатынас жақсы болғаны дұрыс. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Бала әке-шешесіне қарап өседі. Әке-шеше өзара тату болса, өскен соң баланың бойында отбасын құруға деген ынта мол болады. Ал, егер күнде үйде ыдыс-аяқ сынып, айғай-шудан арылмаса мұндай баланың сана-сезімінде отбасына деген жаман ұғым қалыптасады. Сондықтан мемлекет тарапынан ұлттық идеологияға терең мән берілуі керек. Ұлттық идеологияны қалыптастыру бір ғана отбасы мәселесін ғана шешпейді, өзге де салаларда оң нәтиже берері анық.
Қазіргі ақпараттық дәуірде адамдардың бір-бірімен бетпе-бет сөйлесуі азайып барады. Осыған байланысты отбасы мүшелерінің арасындағы рухани байланыс әлсіреу қаупі бар. Отбасы күні – осы үдерісті тоқтатып, жақындарыңа назар аудару үшін берілген мүмкіндік.
Отбасы – адам баласының тірегі, қоғамның тірегі. Отбасы күні әрбір азамат жақындарына бір сәт уақыт бөліп, оларға алғысын білдірсе, бұл күннің мәні арта түседі. Себебі, бақытты отбасы – бақытты елдің негізі.
Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы деп есептеуі қажет. Сонда ғана әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі тірегіне айналады!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»