Basty bet
Отбасында зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі керек
Зорлық-зомбылық дегеніміз – жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, (тәндік және рухани мағынада) туралы азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу қатері жолымен ықпал ету және т.б. Зорлық-зомбылықты қолдану арқылы жасалған қылмыс, қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болып табылады.
Біздің ауданда соңғы жылдары тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылық көрген отбасылар саны баршылық. Осы мәселе жайлы біз аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлішесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Диас Үсіпбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Диас Өмірзақұлы, жалпы өткен жылы, осы соңғы тоғыз айда қанша зорлық-зомбылық бойынша деректер тіркелген?
– 2022 жылдың 12 айында аудандық полиция бөліміне отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында 178 шақырту тіркелді. Яғни, соның ішінде 141 ерлі-зайыптылар болса, қалғаны 37-сі ағайын-туыстар.
Оның ішінде жалпы ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес 131 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды, ал 33 іс-құжатта жәбірленушінің арыз-шағымы болмауына байланысты номенклатуралық іске тігілген.
Ал ағымдағы үш айда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қылмыстық дерек тіркелген жоқ. Ал әйелдерге қатысты отбасы-тұрмыс саласында 2022 жылдың 12 айында отбасы-тұрмыс саласында қылмыс тіркелмеді, алайда жоғарыда көрсетілген отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында құқық бұзушылық жасаған үшін 178 тұлғаға қатысты «Қорғау нұсқамасы» 30 тәулікке толтырылып, барлығымен ЖПҚБ УПИ мен бірге профилактикалық алдын алу жұмыстар жүргізіліп, АПБ-ның есебіне алынып, қадағалау жұмыстары жүргізілді.
-Әйелдерге қатысты отбасы-тұрмыс саласында қол көтерген азаматтарға қандай шаралар қолданылады?
– 73-бап отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер негізінде ағымдағы жылы 70 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық сотқа іс-құжаттар жолданды. Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 73-1 бап бойынша ағымдағы жылда 28 азаматқа хаттама толтырылса, ал 73-2-бабы бөлігімен яғни, ұрып-соғу бойынша екі хаттама толтырылды. 2022 жылдың 12 айында ҚРӘҚБтК-нің 52-бабы 54-бабымен 19 азаматқа қатысты Жуалы аудандық сотымен, яғни ҚР ӘҚБтК 461-бабымен 5 азамат, 73-бабымен 6 азамат, 440-бабымен 4 азамат, 434-бабымен 4 азаматқа мінез құлықтарына ерекше талаптар қойылды.
-Жалпы сіздер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйел адамдарға қандай көмек көрсетесіздер?
-Біз бұл жағдайда Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің мамандарымен тығыз жұмыс жасаймыз. Ол жерде бір педагог-психолог қызмет атқарады.
Бірінші барып тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген отбасымен сөйлесеміз. Психологтар өз көмегін көрсетеді. Кейбір отбасы сотқа дейін татуласып, өзара мәселелерін шешеді. Ал, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап, Президенттің нұсқауына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгертулер енгізілуіне байланысты отбасылар келісімге келмей істері сотқа дейін жетеді.
Бұл жерде отбасыларды татуластыруда аудандық кеңес беру кабинеті мамандарының жұмысын айта кеткен жөн. Көптеген отбасылар кеңес беру кабинетіндегі “сенім телефонына” хабарласады. Өздерінің бастарынан өткен қиыншылықтармен бөліседі. Ол орталықта негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына сегіз стандарт бойынша көмек көрсетілді. Ол жерге консультацияға келген аналармен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтайды. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Жамбыл облысы тұрмыстық зорлық-зомбылық дағдарыс орталығына – бес әйел, соның ішінде, үш мектеп оқушысы, бес мектеп жасына жетпеген бала орналастырылды.
АХАЖ бөлімінің соңғы мәліметіне жүгінсек, 2022 жылы 266 отбасы заңды некеге тұрып, 28 отбасы некелерін бұзған. Осындай кезде кеңес беру кабинетінің мамандарымен бірігіп ажырасу сатысында тұрған жеті отбасымен татуластыру жұмыстарын жүргізіп, отбасылар татуласып арыздарын қайтып алды.
-Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтарда болдырмау үшін алдын ала қандай іс-шаралар атқарып жатырсыздар?
-Қоғамда үлкен мәселеге айналып отырған әйелдермен қыздар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Әрбір отбасындағы болып жатқан дағдарыстық жағдайдың, ажырасудың, кикілжіңдер мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында көптеген кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы алдын алу жұмыстары ұйымдастырылады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдарымен ағымдағы жылы жалпы білім беру ұйымдары мен мекемелерінде адамның құқықтары мен бостандықтары, оларды сақтау және қорғау әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 35 дәріс өткізіліп, 2200 буклет парақшалары таратылды. Сонымен қатар Жамбыл облысы ПД-ның нұсқауымен әйелдерге қатысты қылмыспен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аудан аумағында «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Есеп» тағы басқа алдын алу іс шаралары ұдайы түрде өткізіліп тұрады.
-Жалпы осы мәселеге өзіңіздің адами көзқарасыңыз қандай?
-Білесіз бе? Бұл жерде бәріміз ер азаматтарды кінәлай береміз. Әйел азаматшаларының да кінәсі болады. Өйткені әйелдер көп нәрсені өздерінің іс-әрекеттерінен тауып жатады. Сонымен бірге отбасында күйеуі немесе әйелі ашуға мінген кезде бірі басылып, бірі сабырға келсе, отбасында келеңсіз жайлар орын алмас еді деп ойлаймын.
Әйел адам ер адамнан бір саты төмен тұру керек. Бірақ қандай жағдай болса да мен әйелдер құқығын қорғаймын, өйткені ол менің – қызметтік міндетім. Сондықтан олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауым керек.
-Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
«Жаңа өмір» газеті