Basty bet

Ынтымақтастықты арттыратын қадам

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды. Бұдан кейін Мемлекет басшылары келіссөз өтетін залға барды.
Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды.
– Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті назар бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес, – деді Президент.
ІІ Абдалла екіжақты қарым-қаты¬насты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынты¬мақтастықты арттыруға дайын екенін растады.
– Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.
Қазақстан-Иордания бизнес форумы екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен айтты.
– Иордания қарым-қатынастарымызды өте жоғары бағалайды әрі толық қолдайды. Бүгінгі кездесуде өзара байланыстарымызды, түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарымызды тағы бір мәрте растадық. Бұған дейінгі келіссөздеріміздің қорытындысында бірнеше келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойған едік. Бүгін де жаңа салаларда жаңа келісімдерді ресімдейміз, – деді Иордания Королі.
Мәртебелі мейманның атап өтуінше, ресімделетін құжаттар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды бағыттардағы екі ел ынтымақтастығы үшін берік негіз болмақ.
– Сонымен қатар бүгінгі бизнес-форум – жеке сектордағы және жалпы екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін тағы бір қадам. Бұдан бөлек, біз Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету жолындағы сындарлы рөлін жоғары бағалайтынымызды тағы да атап өткім келеді. Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесіп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді II Абдалла бен әл-Хусейн.
Сондай-ақ Қазақстан мен Иордания уран саласында бірлескен кәсіпорын құрады. Бұл туралы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.
– Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейннің ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» тобының еншілес компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» Иорданияның JUMCO компаниясымен келісімге қол қояды. Бұл келісімге сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін «Қазатомөнеркәсіп» пен JUMCO бірлескен кәсіпорын құрады. «Қазатомөнеркәсіп» үлесі – 70, ал JUMCO үлесі 30 пайыз болады. Бірлескен кәсіпорын Иорданияның уран саласымен айналысады, – деді Нұрлан Жақыпов.

«Ана тілі» газеті

Таңдаулы материалдар

Close