Basty bet

“Шаруалар биыл шөптің мол болғанын пайдаланып, қор жинап алуы қажет”

Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Асхат Жабағының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте 2024 жылға жоспарланған жол құрылысы жұмыстарының жүргізілу барысы мен 2025 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін жол құрылысының жобалық-сметалық құжатының әзірлену мәселесі қаралды.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзақтығы 563,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 43 шақырым; облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 132 шақырым; аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 125,5 шақырым; ауылішілік автомобиль жолдары 263,0 шақырымды құрайды.
Жуалы ауданы бойынша 2024 жылға жалпы 1,2 млрд теңге қаралып, 40 жоба 42,47 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде 26 жобаға асфальт төселіп, жұмыстар аяқталды. 12 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге екі жоба бойынша келісім шарт жасау жұмыстары атқарылуда.
Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті аудандық мәндегі автожолдардың үлесін 99%-ға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 91%-ға жеткізу межеленіп отыр.
Аудандық мәндегі «Шақпақата-Ынтымақ-2,73 шақырым» жобасының қаржысы 51 млн теңге. (Жоба 2023 жылдан өтпелі). Асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, “Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 824,0 мың теңгеге 28 жоба 28,38 шақырым жоспарланып, бүгінгі күнге 21 жоба бойынша асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген, 8 жобаның негіздемесі әзірлеген.
-2025 жылы орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеу бойынша бір ғана жобалық-сметалық құжат бар. Атап айтсақ, Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылында Ы.Алтынсарин, А.Замбаев, Т.Иманбайұлы, Б.Беркімбайұлы көшелерінің орташа жөндеу және Ы.Алтынсарин көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы. Жалпы қаржысы 54118,0 мың теңге. Ал қалған ауылдық округтерде ЖСҚ әзірленбеген,- деді Медет Дамиров.
Асхат Базарбайұлы барлық ауылдық округ әкімдеріне немқұрайдылықтан арылып, үш күннің ішінде мәселеге қатысты нақты ақпарат беруді қатаң тапсырды.
Аппараттық кеңесте сондай-ақ, аудан аумағында егін жинау науқанының өту барысы мен қысқы мерзімге мал азығын дайындау барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың да баяндамасы тыңдалды.
-Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 га, оның ішінде 95 449 га егістік, (жалпы суармалы егістігі 8460 га.) шабындық 2 046 га, жайылым 109 439 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 2 128 га.
Жазғы дала жұмыстары бойынша ораққа түсетін масақты дәнді дақылдар барлығы 37 281 га, оның ішінде күздік бидай 9750 га, жаздық арпа 27 531 га. Көктем және жаз айларында ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты дәнді дақылдардың түсімі жақсы болады деп күтілуде, кемінде 18-24 ц/га алу жопарлануда.
Бүгінгі күнге орындалғаны 16 610 га, орташа өнім 19,3 ц/га, жалпы түсімі 32 205 тонна, оның ішінде бидай 6914 га, орташа өнім 22,6 ц/га, түсімі 15 625 тн, жаздық арпа 9696 га, орташа түсім 17,1 ц/га, түсімі 16580 тн. Науқандық жұмысқа 97 комбайн қатысуда.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңының 13 және 21 баптарына сәйкес, тұқымдарды өндiру мен пайдалануға қойылатын талаптар бойынша міндетті түрде егістерді байқаудан өткізу қажет екендігі туралы барлық ауылдық округтерге хабарланған, аудандық «Жаңа өмір» газетіне мақала жарияланған (апробациядан, яғни байқаудан өткізу дегеніміз – ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық сапаларын: сорттық тазалығын, сортқа тәндiлiгiн, арамшөптер басу, ауруға шалдығу және зиянкестерден бүлiну дәрежесiн анықтау),- дей келіп, Ержан Байұзақұлы науқандық жұмыс барысы туралы кейбір ауылдық округтер күнделікті ақпаратты бермейтінін, апробация мәселесіне немқұрайды қарайтынын жеткізді.
Сонымен бірге мал азығы мен жанар-жағармай мәселесіне де тоқталды.
Асхат Базарбайұлы шаруалар биылғы шөптің мол болғанын пайдаланып, қор жинап алу қажеттігін түсіндіруді және жанар- жағармай мәселесі бойынша, яғни шаруалар кепілдендірілген дизель отынын алу үшін «Gosagro» субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесімен өтінім беру арқылы алатынын жеткізуді, қысқасы ауылдық округ әкімдеріне жұмысты дұрыс ұйымдастыруды ескертті.
Баяндамашы аудан бойынша «ГРСТ» ақпараттық жүйесінде 950 трактор 200 комбайн, ауыл шаруашылығы техникалары тіркелгенін, оның ішінде пайдаланылмайтын, қалпына келтіруге жатпайтын (1949-1999 жылдары аралығындағы техникалар) 618 ауыл шаруашылығы техникасы бар екенін айта келіп, оларды тездетіп тіркеуден шығару керектігін ескертті.
Ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close