Basty bet
Жақсы сөз – жарым ырыс!
Дербестігіміздің баянды болуына арналған бас бата
Басшыларымыз алысты көрсін,
Жекешелеріміз де табысты болсын.
Қыздарымыз саналы, сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын.
Қалада, мейлі қырда болсын,
Келген-кеткен ырза болсын.
«Жолдастан» жеріп, «мырзаны» теліп,
Алғандар нағыз мырза болсын.
Көршілеріміз тыныш болсын,
Таңдағанымыз жұмыс болсын.
Егініміз көктеп, малымыз төлдеп,
Дастарханымызға ырыс толсын.
Теңгеміз теңдік сақтайтын болсын,
Баға қалтаны қақпайтын болсын.
Қазақстанның барлық азаматтары,
Қазақша сөйлеп алға аттайтын болсын.
Балаларымыздың бағы жансын,
Өздері қалаған білімін алсын.
Тілін, дінін, дәстүрін сақтап,
Он саусақтарынан өнер тамсын.
Мәдениетіміз мәнді болсын,
Тұрмысымыз сәнді болсын.
Бәрін айтта бірін айт, бейбіт,
Дербестігіміз мәңгі болсын!!!
***
Елден қасиет тайғанда…
Жерден қасиет тайғанда,
Құс шөлдеген келеді.
Адамнан қасиет тайғанда,
Әділдіктен безеді.
Малдан қасиет тайғанда,
Адамнан артық сезеді.
Діннен қасиет тайғанда,
Алымдарын сөгеді.
Иманынан айырылып,
Абыройын төгеді.
Елден қасиет тайғанда,
Жетім-жесір көбейіп,
Бір-бірінен көреді!
Әділдік, қанағат иман жоғалса,
Шайтан қонақ төріңде.
Несібеңе түкіріп,
Бесігіңе күледі.
Адамзаттың баласы,
Аманатын тапсыруға асығып,
Мезгілін күтпей өледі.
Гүлін ашпай көсегі,
Күндері жылдам өтеді!
Байғұт «Харпіш» Ырсымбетұлы.
***
БӨКЕН БИДІҢ ТАҚПАҚТАРЫ
Жердің көркін көрсеткен – обасы мен моласы,
Көлдің көркін көрсеткен – қамысы мен қоғасы.
Ердің көркін көрсеткен – киізі мен қорасы.
Бәйбіше көркін көрсеткен – бес биенің сабасы.
Келіннің көркін көрсеткен – әлдилеген баласы,
Жігіттің көркін көрсеткен – түлкі ішіктің жағасы,
Қыздың көркін көрсеткен – алдында өскен ағасы.
Аттың көркін көрсеткен – айыл-тұрман, тағасы,
Жылқының көркін көрсеткен – тай-кұлынның аласы.
Елдің көркін көрсеткен – көшіп-қонған даласы.
Өтірік десең осылар – далаға шығып қарашы!
Кім айтты деп сұрасаң Бәйіш деген ағасы.
БӨКЕННІҢ БІР БИЛІГІ
Көрші екі ауылдың арасында үлкен дау туады. Дау иелері Бөкен биге барып жүгінеді. Би екі жақтың ауыл басшыларын шақырып, тыңдап былай деген:
-Жарлы ауылдың құдығының басында-
Астауы бар да денесі жоқ.
Азғантай ғана ауылдың
Күзеті бар да өресі жоқ
Азғантай ғана қойшының
Жәбірі бар да төресі жок,- дегенде, биге кесім айтып үлгіртпей жәбірлеуші ауылдың басшылары:
-«Би, біз сізден бұрын арамыздағы дауды ризаласып бітіргеміз, енді сіз батаңызды беріңіз»,- депті. Сонда Бөкен былай депті:
-Тобылғыға жыңғыл жалғадың қызыл деп,
Қарағанға қайың жалғадың ұзын деп.
Өз-өздіңіз бірлік тауып жатсаңдар,
Мен сіздерге неге айтайын бұзыл деп.
Сөйтіп қолын жайып батасын берген екен.
***
Жеті ата
1. Бала, 2. Әке, 3. Ата, 4. Арғы ата, 5. Баба, 6. Түп ата, 7. Тек ата.
Жеті жұт
1. Құрғақшылық, 2. Топан су, 3. Жерсілкініс, 4. Өрт, 5. Оба, 6. Дауыл, 7. Соғыс.
Жеті жоқ
1.Жерде өлшеуіш жоқ, 2. Аспанды тіреуіш жоқ, 3. Тасбақада талақ жоқ, 4. Аллада бауыр жоқ, 5. Таста тамыр жоқ, 6. Жылқыда өт жоқ, 7. Құста сүт жоқ.
Жеті қазына
1. Ер жігіт, 2. Сұлу әйел, 3. Жүйрік ат, 4. Қыран бүркіт, 5. Құмай тазы, 6. Берен мылтық, 7. Алмас қылыш.
***
Табиғи құбылыстар туралы ой-толғамдар
Тырналар дыбыс шығармай тым жоғары ұшса күн жылы болады. Төмен ұшса күн суық болады.
Үйдің төбесіне қарлығаш не көгершін ұя салса жақсылық болады деген сенім-наным бар. Өйткені бұл құстар Алланың сүйіктісі.
Суға лас нәрсе тастауға болмайды. Бұл суды басқалар да пайдаланады. Суға түкірмейді. Оның да киесі бар.
Қазанда қайнап жатқан сүт төгілсе малдың желініне жара шығады. Сиырдың желіні іссе таңертең ерте тұрып кебіспен ұшықтайды.
Жаңа айды алғаш көргенде: «Жаңа айда жарылқа, Ескі айда есірке!» деп бата жасайды.
Бесік туралы
Бос бесікті тербетуге болмайды. Бұл жаман ырым болып саналады. Бесікті сатуға немесе кез келген адамның аяғының астына тастауға болмайды. Қазақ халқының ұғымы мен тұрмыс-салтында бесік қасиетті бұйым саналады. Бесікті ашық қалдырмай, орап қояды.
Нан туралы
Нанды шашуға не басуға болмайды. Нан – дәмнің басы, астың атасы. Нансыз адамға тіршілік, өмір жоқ. Жерде жатқан нанды көрсеңіз, оны алып адам аяғы баспайтын биік жерге қою керек.
От туралы
Отты шашуға, одан аттауға болмайды. Отбасының берекесі кетеді деген сенім-наным бар. Отқа түкірмейді. Өйткені от қасиетті саналады. «Отағасы», «Отанасы» деп ерекше айтылатыны да сондықтан болса керек!
***
Жерінде – бабасының,
Елінде – атасының,
Көңілінде – әжесінің,
Жолында – ағасының,
Төсінде – даласының,
Тапқан өз жарасымын,
Мен – қазақ баласымын!
Халық даналығы.
***
«Қайрат етер кезіңде,
Жүк көтерер нардай бол.
Ақыл айтар кезіңде,
Жүз жасаған шалдай бол!»
Бауыржан Момышұлы.
***
Көлдің тақырға айналуы оңай,
Байдың пақырға айналуы оңай.
Шерхан Мұртаза.
***
Өткелі жоқ судан без,
Панасы жоқ сайдан без.
Пайдасы жоқ байдан без,
Көмегі жоқ достан без,
Тілі жаман әйелден без!
Өз сөзім.
***
Хан-сұлтандар уәде береді, алдайды, ұрлық-зорлық қылады. Оны қара халыққа жабады.
Қай жерде болсын, халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам ол азамат емес. Ол – халықтың ең бірінші жауы.
Даналық сөздерді жинап, құрастырған –
Қайрат САРЫБАЕВ,
еңбек ардагері.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны