Basty bet

“Әйел ақылды, сабырлы болуы керек”

Ана – өмір бастауы, тіршіліктің тірегі.
Өмірде әрбір жан үшін отбасының амандығы мен жетістігі, бағы мен берекесі үшін әсте аянбаған, баласының қыран көгінде самғауына толымды тәрбие берген аяулы ананың орны бөлек.
Теріс ауылының тұрғыны Күләш Бәтиева екі ұл, бір қызды өмірге алып келіп, оларға өнегелі тәрбие беріп өсірген үлгілі ана. Ол 40 жыл денсаулық сақтау саласында абыроймен қызмет етіп, халықтың алғысына бөленген жан. Бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп, отбасының ғана емес, ауылының қазыналы қариясы атанып отыр.

Күләш Қоңқашқызы Диқан ауылында өмірге келген. Әкесі 40 жыл темір жолда жұмысшы болып еңбек еткен. Ал анасы Сейдін 9 баланы өмірге алып келіп, тәрбиелеп өсірген жан.
-Біздің әке-шешеміз оқымаған кісілер ғой. Бірақ, жан дүниесі бай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білген қазыналы жандар еді.
-Әкем бізге өтірік айтпаңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, уәде берген уақытыңда бара алмадың ба, алған затыңды уақтылы бере алмадың ба, кешірім сұра, уәдеңе берік болуға тырыс дейтін. Әкемнің осы сөзі менің санамда жатталып қалған. Анам ата-енеңді сыйла, олардың замандастарын, жалпы үлкенді құрметте, жолын кеспе деп жиі айтатын.
Мектеп бітірген соң Ленгір қаласындағы медициналық училищеге оқуға түстім. Себебі, ақ халат киіп, ауырған жандарға көмек көрсету – менің бала кезден арманым еді. Ауылдағы ақ халат киген абзал жандарға қатты қызығатынмын.
Училищені бітірген соң Павлодар облысы Лебяжі ауданындағы аудандық ауруханада жұмыс істедім. 1978 жылы Жуалыға келіп, аудандық аурухананың терапия бөлімінде медбике болып жұмысқа орналастым. Бес жылдан кейін Нұрлыкент ауылындағы неврологиялық бөлімде жұмыс істедім. Ол бөлімде көбінде инсульт алған, өзі жүріп-тұра алмайтын жандар жатады. Түнде көз ілмей сол кісілерге қызмет еттім. Шаршап ұйықтап кетсем де, сергек болатынмын. Біреу “Күләш” десе, орнымнан атып тұрып, жүгіремін. Біреу құлап қалмады ма деп уайымдап тұратынмын. Ауруханадағы жұмыс ауыр. Уақытпен санаспай жұмыс істейсің. Жолдасым менің алаңсыз жұмыс істеуіме көп үлес қосты. Кез келген уақытта жұмыстан шақырту түссе, тез шығып кетемін. Ондай сәтте жолдасым балаларын жанына алып, жағдайын жасап отыратын. Марқұм күйеуім Сембай балаларын қатты жақсы көретін. Әсіресе, қызын ерекше құрметтеуші еді.
Кейінгі жылдары Теріс ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктте, С.Сейфуллин атындағы орта мектепте медбике болып еңбек еттім.
Әкем: “қызым, сен Гиппократ антын қабылдадың, енді антыңа берік бол. Ақ халат кидім деп көкірек көтерме, кішіпейіл бол, жүрегіңнің жылуын айналаңа сыйлай біл, үлкендерге басыңды иіп жүр” дейтін. Қазір сол кездерді есіме алсам, ата-анамыз арнайы білімі болмаса да қандай дана кісілер болған деп толғанамын,- дейді Күләш Қоңқашқызы.
Аяулы ана марқұм жолдасы Сембай Мүсірепбекұлы екеуі 37 жыл сыйласып ғұмыр кешті. Алланың берген екі ұл, бір қызын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде ұл-қызынан тоғыз немере сүйіп отыр.
Тұңғыштары Данияр құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Спортты жаны сүйетін Данияр спортта да көптеген жетістіктерге жетті.
Қызы Балнұр облыстық Өлкетану музейінде мәдени қызметкер.
Кенже ұлы Нұрсұлтан еркін күрестен спорт шебері.
-Жолдасым Сембай спортты жаны сүйетін. Футболды жақсы ойнайтын. Ол футбол ойнағанда мен балаларды ертіп барып жанкүйер болып отырушы едік. Балалар өскен соң олар да спортты жақсы көрді.
Нұрсұлтан 6 сыныпқа дейін ауылдағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте оқыды. Әрі қарай облыстық мамандандырылған спорт мектебінде білім алды. Спортқа деген құштарлығының, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында ТарМУ-ді ректорлық грантпен оқып бітірді. Ол республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, талай рет чемпион атанды.
Нұрсұлтанның бала кездегі қызықтары көп. Ауылда ас-жиында әйел күрес болса, маған: “Сіз шығыңызшы, мен сізге күрестің әдістерін үйретемін” деп айналдыратын.
8-9 сынып оқып жүрген кезі. Ол қалада оқитын. Бір күні кешкісін шаршап отырсам, балам келіп қалды. Содан “Нұрсұлтан, балам, қырдан бұзауларды алып келші” дедім. Сөйтсем, бір кезде бұзауды мойнына салып алып келіп тұр. “Анашым, мынау қыз бұзау екен, мұны көтеріп алып келдім. Екіншісі еркек екен оны жаяу алып келемін” дейді.
Өзі кішкентайынан денелі, мығым, ширақ болды.
Нұрсұлтан өзі спортты жақсы көрген соң осыдан біраз жыл бұрын ауылдан спорт зал ашып, ауылдың жігіттерін жаттықтыруды мақсат етіп, бос тұрған ғимаратты сатып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ашқан болатын. Қазіргі таңда ғимараттың тиісті бөлмелерін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, жастарды спортқа баулуда. Қазір Түктібай, Нұрлыкент, Қосбөлтек, Бақалы ауылдарынан да жас жігіттер жүйелі келіп жаттығуда.
Нұрсұлтанның келіншегі Айдана да бокстан жаттықтырушы,- дейді Күләш Қоңқашқызы.
Аяулы ана ата-енесі, отбасы құндылықтары туралы ой-пікірімен де бөлісті.
-Атамыз Еңбек ардагері болған жан. Енем алты ұл, үш қызды өмірге алып келген мейірімді, көңілге түйгені көп кісі еді. Екеуіне де ризамын. Ол кісілерден ешқандай жаман сөз естіген емеспін.
Ене деген – екінші анаң. Келіндік міндетіңді атқарып, жүрегіне жол таба білсең, сүйеніш, жанашыр болсаң, ол да аянып қалмайды ғой.
Біз ол кісілерден бөлек тұрдық. Бірақ, жиі-жиі барып жағдайларын сұрап, көңіліне демеу болып тұруға тырыстым. Әр барғанымда құр қол бармайын деп ең құрығында шәй ішуге тосабымды алып баратынмын. Кейде реті келсе, киім тіктіріп алып барсам, балаша қуанатын.
Жасыратыны жоқ, қазір жас отбасылардың арасында кикілжің, ажырасу көп.
Құс екеш құсты қарасаңыз да жұмыртқасын ашып, балапандарын тамақтандырып, оны қанаттандыратыны ұрғашысы. Сондықтан әйел адам сабырлы, ақылды болуы керек. Барлық мәселеге уақыт керек. Сабырлылық, байыптылық танытсаң, барлық қиындықты жеңесің. Қазір үлкенге де, кішіге де жетіспейтін қасиет осы.
Біздің замандастарымыздың ата-анасы қыздарына тұрмыс құрған соң үйге бір өзің келме, барған жеріңді құрметте, биязы бол, жақсы сөйле, кешірімді бол деп үнемі айтып отыратын. Ал, қазіргі ата-аналардің көбі олай айтпайды. Сондықтан жастар болмашы нәрсені сылтауратып ажырасып жатыр. Қарап отырып арадағы жаутаңдаған балаларға жаның ашиды. Ата-ана балаларымыздың тату, сыйласып өмір сүргеніне тілекшіміз,- дейді Күләш Қоңқашқызы.
Иә, ұлттық құндылықтарымыздан, тектіліктен нәр алған Күләш Қоңқашқызындай асыл аналарымыз аман болсын! Ұрпақтарымен мың жасасын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close