Basty bet

Жаңашылдық жоғары жетістікке жетелейді

Білім беру жүйесінің дамуы – жас ұстаздардың жаңашыл идеялары мен үздіксіз ізденістеріне тікелей байланысты. Осындай үміт жүгін арқалап, шәкірт тәрбиесіне шынайы ықыласымен кіріскен жас мамандардың қатары қазіргі таңда біздің ауданда да көп.
Осы бір маңызды міндетті жас ұрпақ санасына сіңіру жолында талмай еңбек етіп жүрген жас маманның бірі – Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ерболат Әбдікерім.
Жас маман Ерболат Б.Момышұлы ауылында туып-өскен. Осындағы орта мектепте білім алып, әрі қарай Тараз педагогикалық университетіне оқуға түсіп, тарих мамандығын алып шығады.
Ол педагогтік жолын жүрек қалауымен таңдап, бүгінгі күнге дейін адалдық, талапшылдық және үздіксіз даму ұстанымымен еңбек етіп келеді. Жас та болса, өз ісінің шебері болуға ұмтылған Ерболаттың білім саласына деген жауапкершілігі мен оқушыларға деген құрметі оны әріптестері арасында да, шәкірттері алдында да беделді маманға айналдыруда.
Ерболат Әбдікерім студенттік шағынан-ақ тарих ғылымына зор қызығушылық танытып, білімін тереңдетуге ерекше мән берген. Тұран даласы мен түркі өркениетінің құндылықтарын зерттеуге құмар жас маман университет қабырғасында ғылыми жобаларға және конференцияларға қатысып, тәжірибесін жетілдірді. Университет қабырғасынан бастап-ақ тарих саласына деген қызығушылығы ерекше байқалған жас маман ұстаздық жолын үлкен жауапкершілікпен таңдағанын айтады.
Жоғары оқу орнын үздік аяқтағаннан кейін туған ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасуы – оның тағдырындағы маңызды белестердің бірі болды. Бұл мектепті таңдауы да бекер емес. Өйткені, қазақ педагогикасының негізін қалаған, ұлттық ғылым мен мәдениеттің көрнекті тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының есімі білім ордасына ерекше рух береді.
– Мұғалім мамандығын таңдауым мектеп қабырғасында басталған. Мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ тарих пәні жаныма жақын мамандық екенін білдім. Мұғалім – қоғамның негізгі тірегі болып саналатын маңызды мамандық. Мұғалім білім беру, тәрбиелеу және жеке тұлғаны дамыту міндеттерін атқарады. Оның еңбегі – қоғамның интеллектуалды әрі мәдени дамуының негізі.
Жас маман болып алғаш жұмысқа орналасқан кезде мектеп тарапынан маған бірнеше бағытта қолдау көрсетілді. Ең алдымен, тәжірибелі ұстаз тәлімгер ретінде бекітіліп, күнделікті сабақ жоспарын дайындау, оқу-әдістемелік материалдармен жұмыс істеу және бағалау жүйесін түсіндіру бойынша кеңес беріп отырды. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі ішкі құжаттармен және электронды жүйелермен жұмыс істеу тәртібімен таныстырды. Ұжым да кәсіби бейімделуге көмектесіп, түрлі іс-шараларға араластыру арқылы қолдау көрсетті,- дейді жас маман
Ерболат Әбдікерім ізденіске жаны құмар, жаңашыл ойлы жас маман. Мектепке келген алғашқы күннен-ақ ол оқушыларға тарихи деректерді жаттатудан гөрі, оларды ойланып талдауға, оқиғалардың себеп-салдарын түсінуге үйретуді мақсат тұтты. Әрбір сабақта карталар, тарихи құжаттар, интерактивті тапсырмалар мен цифрлық ресурстарды тиімді қолдану – оның басты ерекшелігі.
Жас маманның жаңашыл әдістемесі оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілетін де дамытып келеді. Әсіресе, «Тарихи тұлғалар ізінде», «Өткенге саяхат» атты авторлық жобалары мектеп ішінде үлкен қолдау тауып, шәкірттердің тарихи танымын кеңейтуге ықпал етті.
Әріптестері Ерболатты еңбекқор, ізденімпаз және кішіпейіл маман ретінде бағалайды. Ол мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласып, түрлі іс-шаралар мен дебат клубының жұмысына белсене араласады.
– Мұғалім болу – үлкен жауапкершілік. Әр бала – жеке тұлға, ал менің міндетім – оның ішіндегі мүмкіндікті ашуға көмектесу, – дейді ол.
Ерболат Әбдікерім мектептің ғана емес, жалпы білім беру саласының болашағынан үміт күттіретін жас маманның бірі. Оның біліміне, талпынысына және кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігі шәкірттерде жүрегіне жол тауып, жетістікке жетелейтіні сөзсіз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close