Basty bet
АУЫЛДАН СПОРТ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.
Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деп атап өтілгенін жақсы білеміз.
Саламатты өмір салтын ұстанумен бірге, өңірде спортты дамыту маңызды міндеттердің бірі екені анық. Бұл тұрғыда өңірде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Ең бастысы, ауданда бұқаралық спорттың даму деңгейі біршама артып, спорт мектептерінің де жұмысы жүйеленіп келеді. Бұл өңір тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген көзқарасының дұрыстығын білдірсе керек.
Өңірде заманауи спорт нысандары бұрын тек аудан орталығы Б.Момышұлы және Ертай ауылында (2024 жылы пайдалануға берілді) ғана бар болса, қазіргі таңда ауданға қарасты Қарасаз және Көлтоған ауылдарында бой көтеруде. Қосымша айта кететін болсақ, Б.Момышұлы ауылында орталық саябақтың аумағынан салынып, құрылысы бірнеше жыл тоқтап қалған спорт-сауықтыру кешенінінің құрылысы биыл қайта жанданып, заманауи спорт кешені жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деген үміт бар.
Ал 2015 жылы аудан орталығының төменгі бөлігінде салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген спорт кешенінде аудан жастарына спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Спорт кешенінде аудандық, облыстық және республикалық жарыстарды өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Президент Жолдауында ерекше атап өтілгендей, біз бұқаралық спортты дамыту арқылы ел жастарының дені сау, мықты азамат болып өсуіне, сол арқылы ұлттың саулығын нығайтып, бұқаралық спорттың маңызын арттыра түсетініміз анық.
Осы ретте ауылдық округ тұрғындарының көп жылдан бергі өтініш-тілектеріне сәйкес, биыл тамыз айында Қарасаз ауылында заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын.
Бұл – әрине тұрғындар саны жағынан (3 584 тұрғын бар) үлкен ауылдық округтердің бірі саналатын қарасаздықтар үшін қуанышты оқиғаның бірі болғаны анық. Сәтін салса, құрылыс келер жылы көктемде аяқталып, қолданысқа берілмек. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан құрылыс жобасы 2025 жылға өтпелі. Мердігері – тараздық «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС.
Ауыл әкімі аппаратының ғимараты мен саябақтың орта тұсындағы үлкен алаңқайдың аумағынан бой көтеріп жатқан құрылыстың басында қазір қызу жұмыс жүру үстінде. Спорт кешенінің жалпы ауданы стандартқа сәйкес, 44х21 метрді құрайды. Құрылыс басталғаннан бергі уақыттағы атқарылған жұмыстарды атап өтсек, қазір іргетас құю, қабырға кірпіштерін қалау жұмыстары толығымен аяқталған. Ғимараттың биіктігі 8 метрді құрайды. Ендігі кезекте, қабырғаның үстіне бетоннан сейсмокүшейткіш қабаты құйылып, шатырды жабу жұмыстарына дайындық жасалу үстінде. Құрылыс басшыларының айтуынша, ғимараттың шатырына арнайы метал конструкциялар орнатылып, оның үсті термопанельмен жабылады.
-Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес әрі жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген техникалық талаптарға сәйкес атқарылу үстінде. Кестеден кешігуге немесе жұмыс кезінде жобадан ауытқуға жол берілмейді. Құрылысқа қолданылатын материалдардың барлығы дерлік отандық өнімдер деп айтуға болады. Мысалы, құрылысқа ең қажетті жоғары маркалы цемент, бетон қоспалары зауыттың сертификатталған өнімдері болса, күйдірілген кірпіш жергілікті зауыттардан тасымалдануда. Одан бөлек, шатырдың жабынына арналған метал конструкциялардың барлығы облыс орталығындағы зауыттардан алынған. Жалпы құрылысқа қолданылып жатқан өнім мен материалдың барлығы жергілікті жерде шығарылған сапалы заттар деп айтуға болады. Бұл – ең біріншіден отандық өнімге деген үлкен қолдау.
Құрылысшылардың күшіне келсек, мұнда прораб, құрылыстың учаске басшысынан бастап, дәнекерлеушілер мене бетоншылардың бригадасы, мұнда барлығы 40-қа жуық адам еңбек етуде. Жұмысшыларға қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Ас-сулары уақтылы беріледі. Жатын орындары да мердігер мекеменің есебінен қарастырылған. Айта кетерлігі, жұмысшылардың 70 пайызға жуығы ауыл-аймақтың азаматтарынан алынған. Онымен қоса, құрылысқа қажетті арнайы техникалар да жеткілікті деуге болады. Әмбебап жүктиегіш (погрузчик), ауыр жүк көтергіш үлкен кран, каток, КаМАЗ жүк көліктері жұмысты жеңілдету ісіне, оны уақтылы әрі сапалы атқаруға оң әсерін тигізу үстінде,- дейді учаске басшысы Ұлан Жолдықұлұлы.
Құрылысқа жауапты учаске басшысының айтуынша, Қарасаз ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы 2025 жылға өтпелі болғандықтан, биыл оған барлығы – 223 млн теңге бөлінген екен. Құрылыстың жалпы құны – 411 млн теңгені құрап отыр. Қалған қаражат келер жылы толықтай игерілмек. Айта кету керек, құрылыстың бас мердігері «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС жобалық-сметалық талаптарда атап көрсетілгендей, спорт кешенін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етіп, одан бөлек, ғимараттың ауласына абаттандыру жұмыстарын да жүргізбек. Ендеше, өңірдегі үлкен ауылдық округтен заманауи үлкен спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеменің жұмысына сәттілік тілейміз. Ауыл тұрғындары мен жастарының қолжетімді спортпен дендеп айналысатын күні де алыс емес.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»