Basty bet

Есің болса, есірткіге елікпе…

Халқымыздың денсаулықты байлық пен басқадан да жоғары қоюынан-ақ оның қадірі қаншалықты екенін білуге болады. Осындай баға жетпес байлықтың қадірін түсінбей, өз өміріне өз қолдарымен балта шауып жүрген жандар қаншама. Яғни, дәл қазіргі таңда әрбір жанұяның есігі мен терезесіне үңіліп, үй айналасын торып, ғасыр індеті жүр. Бұл індеттің аты – нашақорлық.
Есірткіге құмарлық ең қауіпті және апатты аурулардың бірі. Есірткіні пайдаланудың кезеңі қоғамдық факторлармен байланысты өзіңнің таныс топтарыңның арасына оларға еліктеу және абырой алу болады. Нашақорлық тұңғиық түбі, адамды еліктіретін аждаһаның бір басы. Адам ағзасына өте тез уландыратын аса қауіпті психикалық дерт. Оны әсіресе жас ағза тез қабылдайды. Бұл адамның көңіл күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады, нашақор есірткісіз өмір сүре алмайтын бейшара халге түседі. Есірткі – аса қауіпті, айығуы үмітсіз әлеуметтік дерт және осыған жету үшін дұрыс жолды білмейтін жастар да бар.
Жасыратыны жоқ, нашақорлыққа көбінесе жастар шалдығады, алайда бүгінгі күні ересектер арасында да ескірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне сенгіш келеді. Өздері жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне үлкен адамның ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жан дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер болып табылады. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Нәтижесінде есірткіге ағзаның тәуелділігі қалыптасады.
Нашақорлық – адам өмірін жалмайтын қауіпті дерт. Онымен күресте барлығымыз бірге күш біріктіруіміз керек. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен көбірек уақыт өткізуге тырысыңыздар. Олардың қызығушылықтарымен санасып, үнемі тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысыңыздар. Себебі, өз отбасынан жылулық таппаған бала, сыртқы ортаның ықпалына тез бейімделгіш келеді.
Жасөспірім шақ – адам өміріндегі ең маңызды шақ. Бұл кезеңді өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға, тұлғалық қалыптасуға арнау қажет. Саламатты сана қалыптасқан кезде ғана осындай дерттен сақтана алатынымыз анық.
Жалпы аудан көлемінде жастарды жат қылықтан бойын аулақ ұстауға және зиянды әдеттерге әуестенбеуге шақыру мақсатында түрлі тақырыптарды қамтитын 31 іс-шараның жылдық жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, өткен жылы ауданға қарасты білім ошақтарының оқушыларымен «Нашақорлық – өмір азабы», «Нашақорлық ауыр індет – алдын алу міндет», «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Жаман әдет жақсылықты жояды», «Нашақорлық – қоғамдық дерт», «Нашақорлықпен қоғам болып күресейік», «Нашақорлық – ғасыр дерті», «Нашақорлық айықпас дерт», «Жаман әдеттен арыл!» және тағы басқа да тақырыптарда кездесу өткізілді.
Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың мамандарымен бірлесе отырып, арнайы мобильді топ құрылды. Топ мүшелері ауданға қарасты 39 мектепте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, «Сенім» ЖДО-мамандары психологиялық семинар-тренинг өткізген болатын. Мұның барлығы жасөспірімнің білместікпен өмірін құртып, болашағына балта шаппас үшін де жасалуда. Жастардың ғасыр дертіне айналған нашақорлықтан бойын аулақ ұстауы үшін барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бізге жүктелген басты міндеттердің бірі. Өйткені, нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу – біздің қолымызда, себебі біз жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің салауатты ұрпағымыз.
Қорытындылай келе, елдегі есірткімен байланысты жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жұмысты біз барлығымыз жұмыла атқаруымыз қажет. Сонда ғана біз оңтайлы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Қолдау болмаған жерде бір де бір іс табысты аяқталмайды. Күш-жігерімізді біріктіріп, елдегі қоғамдық дертке айналған есірткі бизнесіне шектеу қоюымыз керек. Жастарға айтарым, «Есірткіге тәуелді болғанша – еркін, тәуелсіз өз өміріңе еге бол». Еліміздің ертеңі, дені сау, білімді жас ұрпақтың қолында екенін естен шығармайық!

Назерке Мақтабаева,
аудандық жастар ресурстық орталығының
психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close