Basty bet

Барлық мәселе бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында кәсіби мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігі мен жергілікті атқарушы органдардың халықпен жұмыс істеу және жергілікті жерлердегі мәселелерді оңтайлы шешудің тәртібі туралы кеңінен айтылғаны белгілі.

Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде, әкімдердің қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескерілуі қажет екенін және олардың жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін баса айтқан болатын.
Халыққа қызмет – мәртебелі міндеттің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.
Қолға алған шаралардың нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет» деп ерекше екпін беріп атап өтуі де бекерден бекер емес.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда атқарушы органдар басшыларының міндеттеріне де терең бақылау мен талдау жүргізілу үстінде. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде мемлекет орган басшыларының тұрғындармен кездесулері өңірлерде, әсіресе ауылдық елді мекендердегі түйіні тарқамаған мәселелердің шешілуіне, одан бөлек, жер-жердегі ахуалды зерделеу ісінде өзінің жемісті нәтижесін беріп отыр.
Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданға қарасты Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті.
Өңір басшысы Нұрлыкент ауылдық округінде болғанда ең алдымен ауыл-аймақтың амандығынан хабар алып, бірқатар мәселелерді талқылады. Айта кету керек, биыл аталған ауылдық округте бес көшенің жолы орта жөндеуден өту үстінде. Төрт көшенің құрылысы аяқталғанымен, ауылдағы ең басты көше – Еламан Байғазиев көшесі жолының құрылысы аяқталмай отыр. Одан бөлек, биыл ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында ауызсу жүйесінің құрылысы және №12 М.Әуезов атындағы орта мектепке жапсарлас ғимарат салыну үстінде. Бір сөзбен айтқанда, биыл қазына қаражаты есебінен Нұрлыкент ауылдық округіне бөлінген қаражаттың да көлемі өте үлкен. Сәтін салса, биыл ауылдағы бірқатар мәселе өз шешімін таппақ.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл жыл басында Нұрлыкент ауылында зәулім мешіт бой көтеріп, қалың жамағатқа есігін айқара ашты. Алланың үйі өз кезегінде ауылдың тұрғындарын имандылыққа шақырып, жастарды адамгершілікке және ізгі қасиеттерге тәрбиелейді деп сенемін. Ауылда береке мен бірліктің болуы да дәл осы имандылықпен тығыз байланысты. Жыл санап ауылдағы мәселелер өз шешімін тауып келеді. Мұның барлығы тұрғындарға жасалып жатқан қолайлы жағдай. Бірлескен жұмыстар ары қарай да жалғасын таба береді,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесу барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, шешімін күткен бірқатар мәселені өңір басшысының назарына жеткізді. Ол өз сөзінде, ауылдық округтің орталығындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Иә, айтса айтқандай, Нұрлыкент ауылында жыл санап демографиялық өсім артып келеді. Осыған сәйкес, ауылға спорт кешені де қажет. Өйткені, жастарға спортпен тұрақты айналысатын заманауи ғимарат ауадай қажет.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза тұрғындар атынан қойылған сұрақтарды назарға алып, биыл аудандағы төрт мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалғанын атап өтіп, оның біреуінің құрылысына ғана қаржылай қолдау болғанын жеткізді. Сонымен бірге, барлық мәселе бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешілетінін де айтты.
Айта кету керек, былтыр Нұрлыкент ауылында «Бурное Солар-2» күн электр стансасының демеушілігімен спорт алаңшасы салынып, тұрғындардың игілігіне берілген болатын.
Аудан әкімі келесі кезекте Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінде болып, ауылдың ақсақалдарымен және тұрғындармен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерге баса назар аударды. Кездесу барысында ауызсу, ағын суға қатысты мәселелер кеңінен сөз болып, оның шешілу жолдары да тұрғындармен бірге талқыланды.

Таңдаулы материалдар

Close