Basty bet

Сақтансаң – сақтайды!

өңірде өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары пысықталды

Апат айтып келмейді. Десек те тұрғындардың өміріне қауіп пен қатер төндіріп, ел экономикасына да орасан зор залал келтіретін табиғи апаттар, басқа да төтеннен туындайтын қиын жағдайлар болсын, оған қарсы дайындық шараларын пысықтаудың маңызы зор. Қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы ғана айтпай келетін апаттың шығындары мен залалын азайтуға болады.

Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, қазір әлем елдерінде табиғи және техногендік апаттардың саны бірнеше есеге артып отыр. Мұның ішінде, экологиялық бұзылыстардан орын алып отырған және ең өкініштісі, адамның қолымен жасалатын апаттар да жиі орын алуда. Бір сөзбен айтқанда, мұндай тосын апаттардан ешқандай мемлекет сақтандырылмаған. Дегенмен, қауіпсіздік және сақтық шараларын қатаң сақтап, тосыннан келетін жағдайларға әрқашан дайын болуымыз қажет.
Айтпай келетін апаттардың ішінде «тілсіз жау» өрттен келетін залал орасан. Өрттің қызыл жалыны айналаны жалмап, табиғат байлығы саналатын ормандар мен жануарлар дүниесінің жойылуына да әкеп соғады. Ең маңыздысы – адамның өмірі. Сондықтан, өрттің салдарымен күрескенше, оның алдын алып, барлық салада қауіпсіздік шараларын барынша сақтаған абзал болмақ.
«Сақтансаң – сақтайды!» деген қағида осындайда айтылса керек-ті. Иә, елімізде жыл сайын түрлі оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өтіп тұрады. Бұл жұмыстардың әскери-қорғаныс саласында, төтенше жағдайлар ведомствосында, денсаулық сақтау саласында, құтқару және авариялық қызмет саласында болсын, өз маңыздылығын жоймайтыны анық. Бейбіт өмірдегі дайындық жоғары деңгейде болса ғана бұл әрекеттер тосыннан келетін төтенше жағдайда өз жемісін беретіні анық.
Осыған сәйкес, 15-16 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Бұл іс-шараның табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға басқару органдарының, азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Оқу-жаттығу аясында екі күн ішінде барлық өңірлерде профилактикалық іс-шаралар кешені, сондай-ақ ведомстволар үшін жеке айқындалған тиісті кіріспелер бойынша азаматтық қорғау қызметтерімен және құрылымдарымен практикалық іс-қимылдар жүргізілді.
Республикалық оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, 15 мамыр күні аудан аумағында, дәлірек айтқанда, Нұрлыкент және Көкбастау ауылдық округтерінің шекара тұсында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының аясында жиын ұйымдастырылып, онда өртке қарсы қызмет құрылымдарының дайындығы пысықталды. Оқу-жаттығу жиынына №7 аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-ның орман өрт сөндіру станциясы, аудандық электр желілерін тарату мекемесінің қызметкерлері, сонымен қатар, Нұрлыкент және Көкбастау ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру жасақтары белсене қатысты. Айта кету керек, оқу-жаттығуда аталған өртке қарсы құрылымдардың арнайы техникалары да сап түзеді.
Ең алдымен өртке қарсы құрылымдардың және ерікті өрт сөндіру жасақтарының дайындығы мен өртке қарсы құрал-жабдықтардың түзіктігі жіті тексеріліп, техника қауіпсіздігінің талаптары да кәсіби мамандардың тарапынан жан-жақты түсіндірілді.
Оқу-жаттығу жиынында сөз сөйлеген №7 аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраймов және Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев жиынға қатысушы құрылымдарға республикалық оқу-жаттығудың мән-маңызын барынша түсіндіріп, алда өрт қауіпсіздігі жауапты кезеңінің тұрғанын ескертіп, өрттің алдын алу, егер өрт оқиғалары орын ала қалған жағдайда құрылымдар мен ерікті өрт жасақтарының іс-қимылы және техника қауіпсіздігі жөнінде кәсіби тұрғыдан әңгіме өрбітті.
Оқу-жаттығудың сценарийіне сәйкес, қатысушылар қолдан қойылған дала өртін бірлесе сөндіріп, өрт қауіпсіздігі кезеңіне дайындығын бір пысықтап алды.
Оқу-жаттығу жиынын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы қорытып, оған қатысушы жауапты азаматтардың назарын ең алдымен дала өрттерінің алдын алып, оны мүмкіндігінше болдырмауға, ең бастысы, өртті сөндіру кезінде адам өміріне қауіп төндірмеуге, онымен қоса, техника қауіпсіздігін барынша сақтауға аударды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close