Жаңа оқу жылына орай елімізде заманауи білім берудің үш негізгі аспектісі белгіленді. Олар – патриотизм, білімге деген ұмтылыс және еңбексүйгіштік. Бұл тұрғыда әр оқу орнында балаларға арналған өзіндік қарым-қатынас және мінез-құлық саясаты болуы керек.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен аудан педагогтарының дәстүрлі тамыз кеңесінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза жас ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жас ұрпақты тәрбиелеу және білім беру сапасын арттыру жайында ой бөлісті.
-Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым.
Оқушыларға терең сапалы білім бере отырып рухани құндылықтар негізінде оларды еңбекқорлыққа тарту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осыған байланысты, білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді.
Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең.
Құрметті әріптестер!
Мемлекет тарапынан білім саласының дамуына жасалып жатқан қолдау өте көп.
2021 жылы 13 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталған жобаның шеңберінде білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін табуда.
Соңғы үш жылда ауданда 3 жаңа білім нысаны салынды. Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 539 376,4 мың теңгеге 3 білім беру нысаны (№2 Мыңбұлақ ОМ, №11 Т. Тастандиев атындағы ОМ және №30 Көктөбе ОМ) күрделі жөндеуден өтуде.
Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында білім мекемелеріне «Жомарт түлек» жобасы аясында түлектер тарапынан 13 730 655 теңге көлемінде қолдау көрсетілді,- деп атап өтті Ж.Мұртаза.
Аудан басшысы биыл жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселесі (2 дерек) орын алып отырғанын айтып, бұл педагог-психологтардың баламен жеке жұмысының жеткіліксіздігін көрсететіндігіне назар аударды. Сондай-ақ, өткен оқу жылындағы жетістіктерге тоқталды.
-Өткен оқу жылында 11 сыныпты 651 оқушы аяқтап, оның 577-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 70,1 құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектептің, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың оқу кезеңінде атқарған күллі қызметіне баға беретін өзіндік бір ерекше шара болып табылады. Қандай да бір жұмыстың нәтижелі болуы – ең алдымен дұрыс жоспарлаудан басталатыны белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеуде екі жыл қатарынан жоғары көрсеткіш көрсетіп келе жатқан мектептер де бар. Оның ішінде Д.Пахомов, Қ.Қошмамбетов, Диқан, Ақтөбе, Бәйтіков атындағы орта мектептерін атауға болады.
Құрметті ұстаздар!
Мектеп – білім ордасы. Ал, қоғамның болашағы білімі терең, азаматтық позициясы айқын, мәдениеті жоғары жастарды тәрбиелеумен тікелей байланысты болмақ.
Ұрпақ тәрбиесі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін!
Игілікті істеріңізде әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін!- деді Жалғас Әлижанұлы.
Келесі сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді. Ерғали Өтемісұлы ұлы мамандық иесі ұстаздар қауымының жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі үлкен еңбегі және дәстүрлі тамыз кеңесінің маңыздылығы жайлы айта келіп, жаңа оқу жылына табыс пен сәттілік тіледі.
Өткен оқу жылын қорытындылау және жаңа 2022-2023 оқу жылына міндеттерді айқындау мақсатында аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков баяндама жасады. Н.Тыныбеков ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдымен өткен оқу жылындағы жетістіктерге тоқталды.
-2021-2022 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде оқушылардың алған жүлделі орындар саны бойынша Жуалы ауданы командалық есепте соңғы бес жылда аудандар арасында алғаш рет алдыңғы екінші орынға еніп отыр. Яғни, облыстық іріктеу кезеңінен өткен 16 жобаның алтауы жүлделі орындарды иеленіп, 4 жұмыс республикалық кезеңге ұсынылды.
Жамбыл облысы білім басқармасына қарасты мамандандырылған мектептер мен гимназия, лицей статусындағы мектеп оқушыларының олимпиадалар мен байқаулардың 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктері туралы мәліметтерге сәйкес №1 мектеп – гимназия тарапынан қатысқан 9 оқушының барлығы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп – гимназия тарапынан қатысқан 5 оқушының барлығы жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, рейтинг бойынша алғашқы ондыққа еніп отыр.
«Мың бала» олимпиадасында соңғы 3 жылда 167оқушы қатысып, оның 18-і жүлделі орындарды иеленсе, «Елбасы» медалі» жобасында үш жыл қатарынан аудан оқушылары жеңімпаз атануда. Олар: №1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Бегайдар Асылай, №12 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Сәулебек Әлішер, №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Әнуарбек Баян,- деп атап өтті Н.тыныбеков. -Сондай-ақ, ауыл балалары үшін ұйымдастырылған «IQanat» олимпиадасына да аудан оқушылары белсенді түрде қатысуда.№4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жүзбай Дамир «IQanat» мектебінде тегін оқу грантын ұтып алды.
«Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстарының облыстық іріктеу кезеңінде 18 оқушының 13-і (№9,6,17,19,23,5,11,15,1,22,) жүлделі І-ІІ-ІІІ орындарды иеленсе, 2 оқушы арнайы Алғысхатпен марапатталды. Жүлделі І орын алған №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Көпбай Сағиданың жұмысы Республика деңгейінде қорғалып, грамотамен марапатталды, жетекшісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Төлепберген Гүлдана.
Өткен 2021-2022 оқу жылының ең үлкен серпінді нәтижесі ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы болды.2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ облыстық кезеңіне қатысқан 23 оқушының 6 жүлделі орындарды иеленсе. Биылғы жылы 39 оқушының 23-і жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, үш оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Емберген Гүлжанат құқық негіздері пәні бойынша қола медаль иегері атанды. Жетекшісі:Наурызбаев Асланбек. Жоғарыда аталған оқушымыз облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының қатысуымен өткен облыстың дарынды оқушыларымен кездесуіне қатысып, арнайы Алғысхатпен және 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Қосымша білім беру ұйымдарының білім алушылары Халықаралық «Шабыт шыңы», «Ғажайып өнер әлемі», «Жұлдызға қадам», республикалық «Өнер керуені», «Көктемнің жарық жұлдызы», «Алтын ұрпақ», «Бала стар» байқауларында озық өнерлерімен ерекшеленіп, жүлделі орындарды иеленді. Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Жалпы аудан бойынша жұмыс атқарып отырған 1881 педагогтың 26-сы педагог – шебер, 153- і педагог-зерттеуші, 175- сі педагог- сарапшы, 109-ы педагог-модератор.
Биылғы жылы ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде облыстық «Инновациялық педагогикалық идеялар», фестивалінде, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» халықаралық педагогикалық олимпиадасында 7 педагогымыз жеңімпаз атанды.
Білім беру қызметкерлерінің республикалық съезіне ауданымыздың шығармашыл, 4 педагог-шеберлеріміз қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған жетістіктер – аудан мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы көрсетіп отыр.
Құрметті ұстаздар!
Ауданға жаңа оқу жылында 39 мектептің бірінші сыныбына 962 оқушы келеді.
Алдағы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптарды күшейту, ерекше білім беруге қажеттігі бар білім алушылар үшін жағдай жасау болып табылады. Орта білім беруде білім алушылардың пәндік дағдылары мен құндылықтарын қалыптастыруға және дамытуға, ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылатын болады. Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда – 36 оқу аптасын құрайды.
2022-2023 оқу жылында үлгерімі төмен білім алушылармен жеке жұмыс жүргізуді ұйымдастыру, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ұлттық құндылықтар негізінде мектептің мәдени ортасын қалыптастыру, «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалыстары», «Мектеп парламенті», «Балалар және театр», «Жылыжайлар» және т.б. жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінде ауданда «Жасыл мектеп», «Цифрлы мектеп», «Смарт мектеп» жобалары, «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Өздеріңізге белгілі, мектеп бітіруші түлектерге «Алтын белгі» мен Үздік аттестат қорытынды аттестаттау нәтижесінде беріледі. 2021-2022 оқу жылында 11 сыныпты 651 оқушы аяқтап оның 577-і ҰБТ қатысып орташа балл 70,1 құрады.
Оқу жылының басында «Алтын белгі» төс белгісіне 35 оқушы үміткер болса, оқу жылының соңында 23 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін алды, оның 11-і ғана 100 – ден жоғары балл жинақтады.
«Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткердің жұмыстары Комиссияның қарауына ұсынылды. Нәтижесінде №15 мектеп-лицейдің 4 түлегі, өз білімдерін екі пәннен дәлелдей алмады.
Бұл жағдайлардың барлығы мектеп әкімшіліктері тарапынан бақылаудың төмендеуі және пән мұғалімдерінің оқушыларға сапалы білім беруде салғырттық танытқандығының нәтижесі. Сонымен қатар,осы «Алтын белгі» мен Үздік аттестат алғандардың арасында Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, 70 балл да жинай алмаған түлектер де кездесті (№6 А.Пушкин атындағы орта мектептің түлегі)
Бұл – мектепті үздік бітірудің тым оңайлап кеткенін көрсетеді. «Алтын белгінің» құнсыз дүниеге айналғаны тағы бар. Мектептің тәуелсіз білім сапасын анықтаудан алыстауы, оқушы білімін объективті бағаламау – осындай көрсеткішке алып келіп отыр. Келесі оқу жылынан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талаптар күшейтіледі.
Оқу жылының басында мектеп әкімшілігіне барлық пәндер бойынша білім алушылардың біліміне әкімшілік бақылау жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Бақылау нәтижелері бойынша білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру үшін әрбір педагогтің және мектептің жұмыс жоспары әзірленіп, білім олқылықтарының орнын толықтыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуі қажет екендігін ескертеміз,- деді Н.Аманбайұлы.
Баяндамашы сонымен бірге педагогтардың біліктілігін арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс барысы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері және «Мектепке – жол!» акциясының ұйымдастырылуы туралы баяндады.
Конференция барысында білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау, ынталандыру мақсатанда өтетін дәстүрлі «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының қорытындысы бойынша өз жұмысының нәтижесін көрсеткен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Мұсаханова, республикалық білім қызметкерлерінің съезіне қатысушы, №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі, педагогикалық шеберлік орталығының тренері Гүлнар Сұлташева, облыстық табысты менеджер байқауының жеңімпазы №25 Ақтөбе тірек мектебінің директоры Гүлнар Әбілдаева сөйледі.
Кезек марапаттау рәсіміне берілді.
Конференция мерекелік ән шашумен қорытындыланды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»