Basty bet
Тіл тағдыры-Ел тағдыры
РЕДАКЦИЯДАН:
Екі жарым ғасырдан аса уақыт бодандықтың ащы дәмін татқан қазақ халқы сол дәуірде өзінің әлеуметтік-экономикалық бостандығынан ғана айырылып қалмай, саяси еркіндігінен, тілі мен дінінен ажырап, мәңгүрттеніп кете жаздағаны белгілі. Қазақша оқи алмайтын жағдайға жеттік. Тіпті ауыл-аймақ, жер-суымыздың атаулары да жаппай орысша аталды.
Сонау 90-шы жылдардың басында Тәуелсіздік алсақ та, жоғалтып алған рухани құндылықтарымызды бірден қалпына келтіре алмай әрі-сәрі күй кешкеніміз анық. Тіліміз де, жер-суымыздың тарихи атаулары да үлкен күреспен қайта оралды.
Біз төменде жариялап отырған сол кездегі Жуалы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеттерінің Бас редакторы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен ономастикалық комиссияның төрағасы, қоғам қайраткері Мырзахан Ахметтің 1992 жылғы 30 мамырда тіл қоғамының есепті конференциясында жасаған баяндамасы Жуалы өңірінде тіл және әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру жолындағы күрестің оңай болмағанын көрсетеді. Бұл баяндама жәй ғана ресми құжат қана емес, ауданның Тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін шынайы публицистикалық шығарма деуге болады. Тіл мен ономастика үшін күрескен аға буын өкілінің бұл баяндамасы арадан 32 жыл өтсе де өзінің маңыздылығын жоғалтпаған бірегей дүние. Ендеше, өткенімізді қайтадан бір сәт еске түсіру үшін жазушы – қайраткер Мырзахан Ахметтің «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп аталатын баяндамасын назарларыңызға ұсындық.
Жуалы аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеттерінің бас редакторы, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымы басқармасының төрағасы, аудандық Кеңес депутаты МЫРЗАХАН АХМЕТТІҢ «Қазақ тілі» қоғамының есеп беру-сайлау конференциясына жасаған баяндамасы.
1992 жылғы 30 мамыр
Адам баласының басындағы барлық жақсылықтың, игіліктің, имандылықтың бісмілласы тілден басталады. Ал халқымыздың «Өнер алды – қызыл тіл» деп, оған аса жоғары баға беруі де тегін емес. Бірақ сондай қасиетті қаруымыз өз басынан үлкен қасіретті кешіріп отырғандығын Сіздер жақсы білесіздер.
Қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын күн туғалы және тіл туралы заң қабылданғалы бері не істедік, неге қолымыз жетті, тіліміздің халі қалай деген мәселені ортаға салу үшін бүгін Сіздермен бас қосып отырмыз.
Тең жартысы қырылған, үштен бірі қуылған, қалғандарының 40 пайызы туған тілінен безінген ұлтымыздың соңғы 70 жылда көрген құқайы аз емес. Құдайға шүкір, қазір егеменді ел атанып, тәуелсіздікке қолымыз жетті деп айта бастадық. Біз қазір Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Әйтеке, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би секілді абыздар, хандар мен батырлар сақтап қалған жердің, солар сөйлеген тілдің иесіміз. Қазір әрекетсіз отырған жоқпыз. «Тіл туралы» Заң қабылданды. Оны орындау жөнінде мемлекеттік бағдарлама жарияланып, «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Ұлттық санамыздың оянуына, рухани мәдениетіміздің өркендеуіне қатысты шараның қай-қайсысы да біздің қоғам белсенділерінің қатысуынсыз өтіп жатқан жоқ. Жабылып қалған қанша мектеп қайта ашылды, жаңадан бой көтерген қазақ мектептері де бар, балабақшалар да қазақ мәдениетінің болашақ қайраткерлері тәрбиеленіп жатыр. Қазақ тілі жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан мықтап орын ала бастады. Ресми мекемелер қазір өзара хат-хабарлады мемлекеттік тілімізде жазуға қалыптасып келеді. Қазір, шүкір, «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымы да туған тілді түлетуге, дамытуға лайықты үлес қосуда.
Біздің қоғам 1990 жылдың 18 ақпанында өткен құрылтай конференциясында құрылды. Қазір ауданда 41 бастауыш ұйым жұмыс істейді. Оның 4126 мүшесі бар. Құрылтай конференциясынан бері аудандық ұйымның үш пленуы өтті. Ал басқарма мәжілісі ай сайын өткізіліп тұрады.
Қоғамның мәжілістерінде «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының жайы және оны жақсарту шаралары туралы», «Аудандық ұйым бағдарламасы мен оған қосымшаны бекіту туралы», «Аудан шаруашылықтарында, мектептер мен мекемелерде, өнеркәсіп орындарында тіл апталығын өткізу туралы», «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымның қаржы мәселесі туралы», «Тіл туралы заңның орындалу барысы және «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымның міндеттері туралы», «Балдырған» балабақшасын қазақ тілінде тәрбие беретін бақша етіп қайта құру туралы», «Н.К.Крупская атындағы орта мектепті 1991-1992 оқу жылынан бастап қазақ мектебі етіп қайта құру туралы», «Тіл туралы» Заңның 27- бабына сай елді мекендерді, көшелерді, шаруашылықтар мен мектептерді қазақ тілінде қайта атау туралы», «Тіл туралы» Заңның күшіне енуінің бір жылдығын атап өту туралы», «Таза қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар ашу туралы» және басқа да ондаған мәселелер қаралды.
Қоғамның аудандық ұйымы даңқты жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлының 80 жылдығын тойлауға белсене қатынасып, оның қаһармандығын насихаттауда аз еңбек еткен жоқ. 1990 жылы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепте қазақ тілін тереңдетіп оқыту жөнінде республикалық семинар-кеңес өткізуге, оны дайындауға ат салыстық. 1991 жылы ауданда «Наурыз» мерекесін өткізуге белсене қатынасып, үлкен ынта көрсеттік. Соның нәтижесінде жылдағыға қарағанда бұл мейрам мазмұнды да қызықты өтіп, ел ризашылығына ие болды.
Қазақ тілін үйрету, ата дәстүр, салт-санамызды қалыптастыру сәби жастан басталады. Сондықтан да аудандық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар қатарын көбейту ісіне баса көңіл аударып отыр. Қазір ауданда 22 балабақша жұмыс істейді, бүгінгі күнге оның 12-сі таза қазақ тілінде тәрбие беретін болды, төрт балабақша аралас тәрбие беретін бақша деп есептеледі, ал Көлбастау және Ақтөбе селоларындағы балабақшалар қазақ тілінде тәрбие беруге әзірлік үстінде. Ал осыдан екі жыл бұрын 22 балабақшаның бәрінде тәрбие жұмысы бір ғана орыс тілінде жүргізілетін. Аудан орталығындағы 6 бақшаның бәрі де таза орысша еді, енді қазір екі бақша таза қазақшаға көшті. Қазір онда бес жүзден астам бала ана тілінде тәрбие алады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Аудан орталығындағы қазақ балаларының саны мен өз балаларына ана тілінде тәрбие беруге талапкер ата-аналар саны тағы да бақша ашуды талап етуде. Бірақ қазіргі тапшылық бұған мұрша берер емес.
Ауданда 15 орта, 16 орталау және төрт бастауыш мектеп бар. Өкінішке орай, оның үшеуі ғана таза қазақ мектебі. Қалған 12 орта мектепте оқу-тәрбие жұмыстары орысша-қазақша аралас жүргізіледі. Ал С.Сейфуллин, Ленин, Қошмамбетов, Киров, Әуезов атындағы мектептерде бар болғаны 2025 орыс тілді азаматтардың балалары оқиды, сол үшін ғана ол мектептер аралас мектептер деп аталады. Бұларды таза қазақшаға көшіретін кез жетті ғой. Оның үстіне Крупская, Пушкин, Киров, Горький атындағы мектептерде 650-450-ге дейін қазақ балалары ана тілінде оқи алмай жүр.
1991 жылы ата-аналар облыстық Кеңестің төрағасы Ө.Бәйгелдиев жолдастың атына арыз жазып, Крупская атындағы орта мектепті таза қазақшаға ауыстыруды өтінген еді. Бірақ бұл мәселе аяқсыз қалды.
Атқарылар жұмыс ұшан-теңіз. Ең бастысы, біз «Тіл туралы» Заңды, оны орындау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда аса зор қиындықтарға тап болып отырмыз. Бағдарлама бойынша біздің аудан биылғы жаңа жылдан ісқағаздарын қазақшаға толық көшіруге тиіс еді. Тұрғылықты халқының 63 пайызы қазақ ұлтының өкілдері болып отырған ауданда олай етуге толық мүмкіншілік те бар еді. Бірақ бұған жанашырлықпен қараған ешкім болмады. «Өзім барда құлағыма тыныштық керек, мен кеткен соң маған десе топан-су қаптасын» деген ауданның жалтақ басшылары мемлекеттік бағдарламаны орындамау былай тұрсын, одан ат-тонын ала қашты. Осыны пайдаланған ескі аппараттың кейбір арандатушылары, атап айтқанда аудандық Кеңес төрағасының орынбасары Николай Иванович Ерошенко қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мүлде мойындағысы келмей, оны 2000 жылға қарай ысыруға әрекет жасады. Кейбір табансыз басшыларды үгіттеп, іс жүргізуді қазақшалауға ғасырдың аяғында көшуге көндіріп, ұжым атынан жалған қаулы қабылдату сияқты арсыздыққа барды. Бұл көрініс «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымы тарапынан лайықты қарсылыққа ұшырап, тиісті бағасын алды.
1991 жылғы тамыз айының 24 жұлдызында болған сессиясында аудандық Кеңес мемлекеттік бағдарламаны бұзып, ауданда қазақша іс жүргізуді 1995 жылға итере салды. Ал онда кейбір шаруашылықтар мен кәсіпорындарға қазақша іс жүргізуге мүлде көшпей-ақ қоюға рұқсат етілген. «Қазақ тілі» қоғамының араласуымен ол шешім қайта бұзылды. Мұнда да сол қазақ тілінде іс жүргізуге қарсы кейбір жолдастардың әдейі істеген қастандығы емес пе екен деген ой қылаң береді.
«Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымы сөз жоқ «Тіл туралы» Заң белгілеген талаптар дәрежесінде жұмыс істей алмады. Біз өз жұмысымызды дұрыс шоғырландыра, дұрыс бағыттай алмай келеміз. Мұндай кемшілік тіл қоғамының республикалық, облыстық ұйымдарынан бастау алып отыр. Тіл қоғамының жергілікті ұйымдарына жоғары буыннан нақтылы нұсқау, бағыт-бағдар берілмейді. Әркім «Қоғам мақсаты осылай болуы керек қой» деген оймен өзінше жұмыс істеуде. Ал қазір ол жеткіліксіз. Бізге қоғам ретінде жоғары органдарымыздан нақтылы бағдарлама керек, іскер нұсқауға, бағдарға зәруміз. Біздің бастауыш ұйымдарымыз да дәрменсіз. Жарғымыздың өзі шалажансар, қаттырақ тиген кедергіге қарсы тұрар қауқары жоқ. Тіл қоғамы бастауыш ұйымдарының барлық жерде құрылмай отыруының себебі де содан.
Біз сияқты күні кеше кім болса, сол билеген халыққа тәуелсіз елдің қуатты Заңы ауадай қажет екенін айқын сезінудеміз.
Қараңыздаршы, шағын ғана мемлекет Ливанның астанасы – Бейрутте елін-жерін тастап, азып-тозып жүрген армияндар қауымының өз тілінде он мектебі бар екен. Ал біз болсақ, өз жерімізде, кіндік қанымыз тамған ата мекенімізде отырып, аудан орталығындағы үш бірдей орыс орта мектебінің бірде-бірін таза қазақ мектебі ете алмай отырмыз. Бұл жөнінде сөз бола қалса «орыс балаларын сиғыза алмаймыз» деген сөз естиміз. Симаса қазақ мектебіне неге келіп неге қазақша оқымайды?! Олар неге қазақ тілін білуді қомсынады? Неге біздің тіліміздің мемлекеттік тіл екенін мойындағысы келмейді, неге біз ылғи көне беруге тиіспіз?
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында төрт мыңға жуық қазақ тұрады. Көшіп келіп жатқандар да көп. Оның ішінде 1081 оқушы және 931 мектеп жасына дейінгі балалар бар. Бірақ бұлардың тағдыры ешкімді алаңдатар емес.
Орталықта төрт балабақша таза орыс тілінде тәрбие береді. Ал орыс тілді халықтың мектепке дейінгі балалардың саны 1073. Екі санды салыстырып көріңіз. Орыс тілді балалар 140-қа ғана артық. Бұл әр бақшаға бөлгенде орыс тілділер 268-ден келеді деген сөз. Енді қаншалықты қиындықпен ашқан екі қазақ бақшасының әр қайсысында 466 қазақ балалары қысылып, қымтырылып өмір сүріп жатыр десеңші?! Мұның атын зорлық демей не дейсің?! Біз осы өзіміз ренжісек ренжиік, өзгені ренжітпейік деп жүріп келімсек ағайындарды басымызға шығарып, ақыры қорлығын көрген халықпыз. Дұрыс шығар, бұл қанымызға сіңген қасиет, өзгені ренжітпейік, бірақ өзімізді де ренжітпейік те, ағайын!
Тіл туралы Заңның қабылданғанына екі жылдан асып барады. Бірақ ауданның көптеген мекемелері мен шаруашылықтарында әлі күнге дейін пәлендей өзгеріс байқалмайды. Қазақ тілі ғана емес, жалпы қос тілділікті қамтамасыз ету ісі де мардымсыз. Рас, Заңның мән-мағынасын дұрыс түсінген мекеме басшылары бұл істе едәуір шараларды жүзеге асыра бастады. Соның бірі аудандық тұтынушылар қоғамы. Онда жұмыс істейтін 1091 адамның 465-і қазақ. Ал қалғандары орыс тілді ұлт өкілдері, олардың бәрі дерлік қазақ тілін оқып үйренуге кіріскен. Онда 6 курс жұмыс істейді. Қазақ тілі курсын бітіргендер кезінде аттестациядан өткізіліп отырады. Қазақ тілінің тілашар кітабы мен сауда қызметкерлеріне арналған арнайы сөздік тұтынушылар одағы бастығының күнделікті жұмыс құралына айналған. Сауда одағына кіре берістен-ақ тіл Заңына мән беру көріністерінің куәсі боласыз. Онда жарнамадан бастап, есікке ілінген тақтайшаға дейін қос тілде жазылған. «Буынымыз қатып қалғанбыз, қиындау соғып жүр. Бірақ үйренуге болады екен. Орыс тілін білмейтін қариялар келгенде лаж жоқ тілашар сөздіктерге жүгініп, әйтеуір ойымдағыны түсіндіре аламын, жауап беремін», – дейді одақтың төрайымы Светлана Михайловна Бровченко.
Тіл үйрену ісі аудандық әлеуметтік қамсыздандыру инспекциясында, Байланыс торабында, Бурный селолық тұтынушылар қоғамында жақсы жүргізіліп отыр. Жуырда аудандық аурухана ұжымы да қоғамның бастауыш ұйымын құрып, қазақ тілі курсын ашты.
Өкініштісі, тіл туралы мәселе көптеген шаруашылықтар мен мекемелерде, кәсіпорындарда ескерусіз қалып отыр. Соның бірі – кілең қазақ азаматтары қызмет істейтін аудандық мал дәрігерлік станциясы. Мұнда қазақ тілі қоғамының бастауыш ұйымы құрылмаған. Ісқағаздары түгелдей орысша. Ал Бурный астық қабылдау кәсіпорнындағы жағдай мұнан да сорақы. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, кәсіпорынның сыртқы қақпасына келе бергеннен жан-жағыңнан қызыл-жасыл бояумен әлеміштеп жазылған коммунистік асқақ ұрандар алдыңыздан шыға келеді. Бірі «СОКП ХХҮІІ съезінің шешімдерін жүзеге асыруға» шақырса, келесі бірі «бесжылдықты мерзімінен бұрын орындауға», тағы бірі – «Жеделдетуге» шақырады. «Доска почетасы», «Соц. Обязательствосы» тағы бар. Бір қызығы осының бәрі орысша. Ал қос тілділік принципті сақтамайтындығы былай тұрсын, кәсіпорын басшыларының уақыт ағымынан кеш қалып, әлі күнге ескіше ұрандатып жүргеніне не жорық?!
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қай кеңсеге енсеңіз де көретініңіз осы сурет. «Доска почета», «Объявления», «Распорядок дня» сияқты жалғыз қанаты жаралы сөздер мұңайып қарсы алады. Оның есесіне революция «көсемдері» болашаққа сенімді қарап, қасқайып тұр. Күні бүгінге дейін Тіл туралы Заңды жүзеге асыру мәселесін ұжым жиналысында талқылап көрмеген. Ісқағаздары кілең орысша. Қазақша машинка жоқ дегенді сылтау етеді ондағылар.
Қазақ жігіттері басшылық ететін мекемелердің жағдайы осылай болған соң басқа ұлт өкілдері басқарған ұжымдардың жай-күйін сөз етудің өзі артық. Мұндайда мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге жанашыр қайдан табылмақ. Мысалы, жөндеу-техникалық кәсіпорыны, ірімшік заводы, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты сияқты бірқатар кәсіпорындарда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы ойлау тұрмақ қос тілділікті орнықтыруға көңіл бөлінер емес. Аудан орталығындағы автостанцияда жол ережелері, қозғалыс тәртібі жазылған тақталардың біреуінен қазақша бір ауыз сөз таппайсыз.
Тіл туралы Заңды, аудандық Кеңестің өткен жылдың 24 тамызында өткен сессиясында қабылданған «Қазақ тілін оқып үйрететін курстар ашу, аудармашылар ұстау, текстерді қазақшалау сияқты мәселелер де ешкімді толғандырған жоқ. Аудан орталығындағы жөндеу-техникалық мекемесі, малдәрігерлік станциясы, су шаруашылығы мекемесі, коммуналдық шаруашылық, газ шаруашылығы мекемесі, агроөнеркәсіп бірлестігі, тіпті аудандық Кеңестің өзінде де қазақ тілі қоғамының бастауыш ұйымдары құрылмаған. Ал мұндай жағдайда тіл тағдырын оңды шешу мүмкін бе?!
Тіл туралы Заңның 27-бабына сәйкес елді мекен, жер, су, мектеп және шаруашылық, көше аттарын қазақшалауда бірқатар жетістіктер бар екенін жоғарыда атап өткенбіз. Бірақ бұл істе Бурно-Октябрьское және Ақтөбе селолық кеңестері барынша дәрменсіздік көрсетіп келе жатқандығын айта кетуге тиіспіз. Оларда орысша ауыл аттары да, мектеп, шаруашылық аттары да қаз-қалпында тұр. Қазақ тілі қоғамы тарапынан неше рет айтылып, жазылып жүрсе де, іс ілгері жылжитын емес.
Ол ол ма, аудандық ономастика комиссиясы бекіткен ауыл аттары аудандық Кеңестің сессиясына келгенде қолдау таппай қалатын жайлар да кездеседі. Мәселен, Казанка селосы – «Кәріқорған», «Благовещенск» селосы – «Тасбастау» ауылы болып өгертілсе де, аудандық кеңестің сессиясында ол қолдау таппай қалды. Депутаттар принципсіздік танытып, кездейсоқ біреулердің тілін алып кеткен.
Тіл туралы Заң қабылданғалы бері ауданда ондаған шаруашылықтар, мектептер мен мекемелер, ауылдық Кеңестер ісқағаздарын қазақ тіліне көшіруі тиіс еді. Мысалы, биылдың өзінде бірінші қаңтардан бастап іс жүргізуді қазақ тіліне Билікөл ауыл кеңесі, «Билікөл» совхозы, Қошмамбетов атындағы мектеп, Қазан ауыл кеңесі, Төле би атындағы шаруашылық, мемлекеттік сақтандыру инспекциясы, аудандық мәдениет бөлімі, жеміс-жидек дайындау мекемесі, қаржы бөлімі, есеп-сынақ басқармасы, №15 кәсіптік-техникалық училищесі, Жеңістің 40 жылдығы атындағы фабрика, су шаруашылығы мекемесі, малдәрігерлік станциясы, жүк тасымалдау авто шаруашылығы көшуге тиіс болатын. Бірақ олардың бірде-бірі қазақ тілінде іс жүргізіп отырған жоқ. Бәрі қазақша машинка жоқ дегенді тілге тиек, сыныққа сылтау етуде. Бұған негіз бар ма? Әрине, жоқ. Қазір облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жанында орыс машинкаларын қазақшалайтын шағын кәсіпорын ашылған, ал облыстық баспахана жанында ондай кәсіпорын бұрыннан бар. Қазақ тілінде іс жүргізуге көшуге ынталы адам оны әлдеқашан тапқан болар еді.
Өзге ұлт өкілдеріне өкпелейміз-ау. Қолына мүмкіншілік тиіп отырғанда өз ана тілінің қамын ойламаған басшылардан ел көсегесін көгерте алатын азамат шығар деп ойламаймын. Күні кеше ғана интернационализімді айтып жағымпазданып, тілімізді, дінімізді құртқан солар емес пе? Осындайлар қатарында әлі күнге дейін «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдарын құрамай жалаң «шаруақорлыққа» салынып отырған ХХІІ партсъезд атындағы, «Путь к коммунизму», Ленин атындағы, Максим Горький атындағы, Чапаев атындағы колхоздардың басшыларының атын атауға ауызың бармайды. Сондай-ақ, су шаруашылығы, газ шаруашылығы, мал емханасы, ішкі істер бөлімі, мамандандырылған шаруашылық бірлестігі, агроөнеркәсіп бірлестігі сияқты кілең қазақ азаматтары басқаратын кәсіпорындарда тіл қоғамы құрылмай отырғанда, сырзавод, автодор, комхоз, ПАТП сияқты орыстар басқаратын мекемелерде тіл қоғамы болмады деп өкпелеудің қажеті жоқ. Бұл басшылар кешегі партократтық дәуірдегі «Саяси-көпшілік жұмыс сендердің міндеттерің емес, сендер шаруашылық үшін жауап бересіңдер» деген қағидадан ауытқығылары келмейді. Жақсы басшы елдің, халықтың күре тамырын дәл басып, ең алдымен дүние танысын болжай білуі керек. Саяси өмірде қарапайым халықтан көш ілгері болып, дұрыс бағдарлап отыруы керек.
Бұл жерде «Большевик» колхозының басшысы Қойбақов Әбілдәбек жөнінде жылы лебіз білдіргіміз келеді. Ең алдыңғылардың бірі болып ол колхозда арнайы жиналыс өткізіп, тіл қоғамының бастауыш ұйымын құрды. Оның мән-жайын халыққа түсіндірді, жүрген жерінде түсіндіріп жүр. Өзі бастап жаңадан ірге көтерген шаруашылық орталығының атын «Жаңа теріс» агроөнеркәсіп бірлестігі деп атауға ұсыныс жасады. Шаруашылық солай аталады. Ал «Қазақ тілі» ұйымының төрағасы Аманәлі Кәтімханов істі дұрыс жүргізе алмаса, ол колхоз басшысының кінәсі емес. Жоғарыда аты аталған басшылар партиялық тоқпаққа үйренген, өз бетінше пәлендей бірдеңе істеуге жүрексінетін, жалтақ, қауқарсыз, ноқтамен жүретін «сорттың адамдары екенін көрсетіп отыр.
«Қазақ тілі» тек Қазақстанда ғана жапырақ жаяды», – деп еді Ақтөбе облыстық Кеңесінің төрағасы Е.М.Золотарев өткен жылы «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қаласында өткен аймақтық пленумында. Сонда біздің жоғарыдағыдай басшыларымыздың осыған да өресі жетпегені ме?!
Осыған қарамай, біздің ауданда қандай бір жиын, қай дәрежеде мәжіліс болсын тек орыс тілінде өтеді. Неліктен біздің санамызға қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғаны, Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел болғаны әлі жетпеген? Қазақ орысша сөз сөйлесе «интернационалист» болады да, қазақ ана тілінде сөз сөйлеп, мәжіліс өткізсе «Националист» болмақ па? Қайткенде де ұлттық намысымызды қалыптастыруды тілден бастап, қай дәрежеде қызмет атқармайық, қазақ тіліне қамқоршы болуды ұмытпайық, ағайын!
«Қазақ тілі» қоғамдары кадрлар іріктеу мәселесіне де батыл араласуы ләзім. Біз қандай бір қызмет орны босаса, оған орыс іздеу әдетінен арыла алмай келеміз. Өйткені қазақ тілінде сөйлеу, жазу, іс жүргізуді басшы жолдастар жай қиял деп түсінеді. Қос тілді жетік білмейтін адамды басшылық жұмысқа алуды батыл тоқтату керек. Біз өз тілімізді қастерлемей, өз мемлекетімізге қожалық ете алмаймыз. Қазақ тілі әлеуметтік үстемдікке жететін уақыт болды. Мектептерде қазақ ұлты өкілдерінің балалары қазақ тілінен диктант, шығарма жазатын, жоғары оқу орындарында сын тапсыратын жағдайда ғана біз қазақ тілінің беделін орыс тілі дәрежесіне жеткізе аламыз. Ал шынын айтсақ қазір қазақ тілін оқыту жайы барлық мектептерде, әсіресе орыс мектептерінде өте төмен, пәлендей өзгеріс жоқ. Сол сияқты балабақшаларда да бүлдіршіндермен қазақ тілінен сабақ өтуде кемшілік көп. Аудандық оқу бөлімі мұны жастарды тәрбиелеудегі ең өзекті мәселенің бірі деп қарауы керек.
Құрметті бауырлар! «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымы да оның бастауыш ұйымдары да қара жерде ауыр шана сүйрегенмен бірдей қиындықты бастан кешіріп отыр. Біздің хәліміз айдаладағы ескерусіз киіз үйдегі жалғыз қалған аш баланың халімен тең. Бізге ешкімнен көмек жоқ. Өткен жылы шілдеде қазақ тілінің республикалық үйлестіру кеңесі құрылғаны өздеріңізге мәлім. Бірақ жыл бойы сол ұйым тілімізге жақсылық жасай қоймады. Басқа ұлттың өкілі (Ежиков-Бабаханов) төраға болғанда мен қатты шошыған едім. Күдігім бекер болмапты. Қаржыға да тапшымыз. Осындай экономикалық қиын жағдайда 50 тиыннан жарна жинап, оның 30 пайызын тіл қоғамы аудандық ұйымының есебіне аударып, тіл көсегесін қалай көгерте аламыз? Өйткені бізге аудандық бюджеттен көк тиын да бөлінбейді. Ал қаржы жоқ жерде қандай шараларды жүзеге асырмақсың?
Иә, ағайын, «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі таңдағы халі тым мүшкіл. Базар бағасы үстемдік құрып, құрсауға ала бастаған осы заманда халықтың нәпақасын аузынан жырып алғандай болатын мүшелік жарнаны жинау да күннен-күнге ыңғайсыз болып барады. Сонда не істеуіміз керек? «Таңғы нәсіп тәңірден» деп отыра береміз бе?
Қанша қиындыққа ұшырап, қандай кедергілерді бастан кешсек те қасиетті «Қазақ тілі» қоғамының жұмысында елеулі бетбұрыс бар, бауырлар! Істе қимыл пайда бола бастады. Енді оған баяндылық тілеп, іске кірісейік. Тіл мәселесі – күнделікті күйбең тірліктен күрделі, ол жоғарыда тұр. Олай болса осындай қиындығы мол қасиетті істе Сіздерге зор табыс тілеймін, үміт артамын.
Мырзахан Ахмет,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі