Basty bet
“Биік арман-мақсат пен зор талпыныс және еңбек керек”
Спортта еліміздің атын әлемге танытқан мықты спортшыларымыз негізінен ауылда туып-өскен. Ауыл – әр саладағы небір дарынды, талантты, еңбекқор азаматтарды түлеткен алтын бесік.
Ай басында тағы бір жерлесіміз, Сұрым ауылының түлегі Бексұлтан Боранбек бокстан Будва (Черногория) қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, алтын медаль иегері атанды.
Бексұлтан Боранбекпен осыдан төрт-бес жыл бұрын кезекті бір жеңісінен кейін сұхбаттасқанымызда жаттықтырушысы Нұралы Бүйенбаев Бексұлтанның өте еңбекқор жігіт екенін айтқан болатын.
Нұралы Бүйенбаев 1992 жылдан бастап ауыл балаларын жаттықтырумен айналысып келеді. Сонда ағаның еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары спорт мектептерінің барлығы жабылып, жұмыссыз қалғанда да балаларды ауылда шарбақта, мал қорада тегін жаттықтырып жүрген жылдары, ауыл жастарының спортқа деген ерекше құштарлығы мен табандылығы туралы тебіреністі әңгімесі әлі есімде.
Бексұлтан да ауылда туып-өскен еңбекқор, табанды, намысшыл, өжет, қайсар жігіттердің бірі.
Бексұлтанның Будвадағы жеңісі туралы редакцияға алдымен жерлесіміз, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Сағымбек Әлтайұлы хабарласып, сүйіншіледі. Ол кісі редакцияға жазған жазбасында Бексұлтанның өмір жолына қысқаша тоқталыпты.
-Боранбек Бексұлтан 2006 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Атасы Боранбек Ахметжанұлы, нағашы атасы Ағабек Ерімбетов. Өмірлік жағдайға байланысты мектеп табалдырығын нағашыларының ауылында яғни Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте аттаған. Бокстағы қадамы да осы ауылдағы бокс залында басталған. Алғашқы жаттықтырушысы Мейманғали Қалданов болған.
3 сыныптан бастап өз атасы Боранбектің қолына келіп, білімін Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте жалғастырған. Ал бокстағы жаттығуын тәжірибелі маман Нұралы Бүйенбаевпен бірге жалғастырады. 9 сыныпты бітірген соң Тараз қаласындағы Жоғары политехникалық колледжге оқуға түсіп, қалада Мұхтар Бердімбетов сынды боксшы жаттықтыруда,- деді С.Әлтайұлы.
Қуанышты жаңалықты ести салып, бұрынғы жаттықтырушысы, жоғары дәрежелі жаттықтырушы Нұралы Бүйенбаевқа хабарласып, құттықтап, аз-кем сұхбаттасқан едік.
-Бексұлтанды атасы бізге кішкентай кезінде, шатаспасам, 3-4 сыныпта алып келді. Ол кезде салмағы 26-27 кг ғана еді. Біз балаларға 5-6 сыныпқа дейін көп салмақ салмаймыз. 10-11 жасқа дейін балалар келіп ойнап, жаттығып, үйреніп жүреді. Бірақ жарысқа бармайды.
Бексұлтан ол кезде бокстан гөрі футболды ерекше жақсы көретін. Атасы Таразға футболға алып барды. Кейін боксты жақсылап қолға алды.
Бексұлтанды алғаш Жетісайға жарысқа алып бардық. Алғашқы жарысында 500 баланың ішінде “Ең үздік боксшы” атанып келді. Осы ойында өзінің өжеттігін, намысшылдығын көрсетті. Одан кейін де қатысқан жарыстарынан жүлдесіз келген емес.
Бексұлтан Боранбек еңбекқорлығының нәтижесінде “Спорт шебері” атағын алды.
Ол жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының 3 дүркін чемпионы болды.
2020 жылы Ақтөбе қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2021 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз болды. 2022 жылы жастар арасында Жамбыл облысының чемпионы. Осы жылы жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының жеңімпазы, Иордания мемлекетінің Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегері атанды.
2023 жылы көктемде, күзде Астанада өткен Азия чемпионатында да күміс, қола жүлдегер болды.
Бексұлтан бала кезден барлық жерге “Боранбек Бексұлтан – чемпион!” деп жазып қоятын. Бокс – менің өмірім дегенді де жиі айтатын. Міне, Аллаға шүкір арманына жетті. Бексұлтан ауылдағы інілеріне алға нақты мақсат қойып, оған жету жолында аянбай еңбек еткен адам арманына міндетті түрде қол жеткізетінін тағы да бір дәлелдеді, үлгі болды, жастарға үлкен күш-жігер берді.
Бексұлтанға жарыста рингке шығарда “Бексұлтан, саған сенемін!” десем, өзінің мінезі салмақты ғой “болды, ағай!” деп жаймен ғана сеніммен айтатын. Әркез Алланың қолдауымен үмітті ақтап шығатын.
Бексұлтанның қазіргі жаттықтырушысы талантты спортшы Мұхтар Бердімбетов. Қос спортшы елімізді талай жеңістерімен қуантады деген сенімдемін!,- дейді Нұралы Бүйенбаев.
Бексұлтанның атасы Боранбек Керімбаевпен де хабарласып, сөйлесудің сәті түсті.
-Немере деген тәтті ғой. Олардың қалауын орындауға тырысасың. Бірақ, өмірде қиналмасын деп еңбекке баулып өсірдім. Бексұлтанның мінезі бірсыдырғы, бұзақылығы жоқ.
Мектепте оқып жүргенде жарысқа көп баратын. Сынып жетекшісі Перизат Жүнісбекова деген ұстазы көп қолдау көрсетті.
Бексұлтан 9 сыныптан кейін Жоғары политехникалық колледждің құрылысшы-кран машинисі мамандығы бойынша оқуға түсті. Қазіргі таңда Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының денешынықтыру факультетінде білім алуда,- дейді Боранбек Ахметжанұлы.
Бексұлтанмен телефон арқылы сөйлескенімде көкірегімді еріксіз мақтаныш, қуаныш сезімі кернеді. Қарапайымдылық пен биік адами қасиетті ту еткен жас жігіт әлемдік додаларда жеңіске жеткен спортшы ағалары жүріп өткен жолмен жүріп, Алланың қалауымен еліміздің көк Туын көкке көтергенін мақтаныш ететінін айтып, өзінің інілерін алға биік мақсат қойып, талпынып, ерінбей еңбек етуге шақырды. “Адамға биік арман-мақсат пен зор талпыныс және еңбек керек” дейді Бексұлтан.
Жұлдызы биік Жуалының түлегі, жас былғары қолғап шеберінің бокс жолындағы ең биік шыңы – Олимпиада. Бексұлтанды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз және Олимпиада шыңын бағындыруына тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»